Құнды еңбек

 /Зардыхан Қинаят ұлы/ “Жылаған жылдар шежіресі”, Алматы, “Мерей”
1995жыл.
       
   Ғасырлар бойы күнкөрісінің көзі – төрт түлік малының қамымен құс қанаты талып, ат тұяғы тозған кең-байтақ дала төсінде ерсілі-қарсылы көшіп-қонып, ұрпақ өсіріп, ит жүгіріп, құс салған, ұлтарақтай жер үшін жан алысып, жан беріскен ата-бабаларымыз күндердің күнінде тау тәңірі Тянь - Шяньнің Солтүстік өңіріне қоныс аударғанда мұның біртұтас қазақ елінің бөлшектенуінің ата жұртты аңсап, көз жасының, қасықтай қанының төгілерінің басы екенін ұқты ма екен.
       Жоқ, әлде, қашанда таңдағы ырзықты тәңірден деп білетін тәуекелшіл салтымен бір бүйірден Қоқан, екінші бүйірден орыс қысқан тұста үдере көшіп, осы аймаққа қоныстанғанда,  онысына қытайлар қарсылық көрсетпегені былай тұрсын, тіпті, шекара қарауылы маңындағы қазақтың өз жерінен қыстау, күзеу бөліп бере бастауы қиын-қыстау сәтте қабылданған жоғарыдағы шешімнің дұрыс екендігіне, көш бастаушыларды шүбәсіз сендірді ме, кім білсін.
         Бұл процестің тереңдеуіне 1864 жылы шілденің 7 жұлдызында Ресей мен Қытай арасында “Батыс Солтүстік шекараны тексеріп отыру шарттарының белгілері” деп аталатын шарт жасалуы, осыған орай қазақтан пікір сұралмауы, Ресейдің қазақтың шұрайлы жерін Қытайға саудалауы, шекараның жабылуы осы арада мекендеген қазақтардың жаз жайлауы, қыс қыстауынан айырылуы, соның салдарынан мал өрісінің тарылуы, қазақтардың Алтайдың арғы бетіне қоныс аударуына әкеліп соққан еді. Алтайдың арғы бетіндегі Шынжан қазақтары деген ұғым міне, осы тұстан бастау алатындай.
         Қазақстанда 1916 жылы маусымның 25- інде Патшаның жарлығымен қазақтарды қара жұмысқа алуға орай ұлт азаттық көтерілісі бұрқ етті. Тек көп кешікпей көтеріліс күшпен басылып, ереуілге қатысқандардың көбі қатты жазаланды. Ереуілші қазақтардың бір тобы қытайға, Мұңғұлға босып кеткен еді.
         Ал осы Мұңғұл қазақтары негізінен Шынжан керейлерінің бір тобы еді дейді. Біз сөз етіп отырған тарихи көркем публицистикалық кітаптың авторы Монғолияның саясаткер ғалымы, тарих ғылымының докторы Зардыхан Қинаят ұлы. Сөйтіп, біз Мұңғұл қазақтары кімдер, олар қайдан шыққан, Мұңғұлияға қай жылдары қоныс аударған деген сауалдарға жауап алумен қатар күні кешеге дейін бұл қазақтардың арғы тектері ол жаққа ұлы конфиска, ашаршылық жылдары өткен екен деген ел арасындағы сөздің шындыққа жанаспайтындығын аңғарамыз.
         Ата жұрты Қазақстанда патша жарлығына қарсы тұрып, қырғын көріп қаша көшкен осы топтың Мұңғұл жеріне келгенде де айдарларынан жел есіп кете қоймапты. 1937-38 жылдары “Қазан төңкерісінің қашқыны” атанып және бір саяси қырғынға ұшыраған. Міне, осы жолдардан тағдыр шіркіннің қандастарымызға қаншылықты қатқыл қабақ танытқанын, көзінен жас, көңілінен мұң кетпегенін айқын көруге болады. 
     Сол кезең кез-келген мәселенің тігісін жатқызып, билеуші топтың қас-қабағына қарай әуеніне әуен қосып, жұмыртқадан жүн қырқып үйренген тарихшылар, романшылар Алтай асып келген қазақ “кедейлерін” Урианхай кедейлері құшақ жая қарсы алып, көсегесін көгертіп, арман-мұратына жеткізді деп желпіне жазған екен. Ал қазақтың бір тобының Қобды асуын қайдағы бір тап тартысынан іздейді.
         Автор өз еңбегінде мұның шындыққа жанаспайтындығын нақтылы фактілермен дәлелдейді.
         Ал  Қобдыны Мұңғұлдан бөліп Қытайға қосу туралы мәселе көтерілгенде әуелден-ақ ру-руға, атаға бөлініп, айтысып, тартысуға дайын тұратын күншіл де күдікшіл қазекеңнің рулары өзара қырқысып, белгілі би Сүкірбай мен оның аталас туысы Гун Қыланның тобы елдің береке, бірлігін кетіріп, ақыры қоныс аударуға әкеліп тіреген сол уақиғаны, сол сияқты Жаламаның лаңын баяндау барысында Зардыхан Қинаят ұлы “кейбір тарихшылар Сүкірбайды жақтап, Қыланды қиянатқа жыққысы келеді. 
      Меніңше, мәселе кімді жақтап, кімді даттауда емес, алдымен адам өмір сүріп отырған қоғамның тарихи кезеңінің шындығына жүгіну керек” деген пікірі меніңше талас тудырмайтын тура сөз. Тек тарихшылардың тарысы піскеннің тауығы болып, белгілі бір тарихи уақиғаның өткен кезеңі, сол кезеңдегі қалыптасқан саяси хал-ахуал, тарихи жағдайларды ой безбеніне сала отырып, қорытынды жасаудың орнына, біржақты пайымдаудан аса алмайтын кездері аз емес.
         Ал Зардыхан Қинаят ұлының еңбегінің бір құндылығы тарихи уақиғаларды ой елегінен өткізіп, оған баға беруде “ананы да”, “мынаны да” жақтамай да, теріске де шығармай сол тұста қалыптасып, өріс алған уақиғаны тарихи кезеңнің сипатына сай оқушының алдына жайып салуында жатса керек. 
     Ең бастысы, Мұңғұл халқының тағдыр дауылына тап болған қазақтарды сырт қақпай қарсы алуы, ал қазақтардың Монғолияға адал да, жанқиярлықпен еңбек етіп, соған сай лайықты сый-құрметке бөленгенін, өндірістің кез-келген саласында еңбек етіп, оқу оқып білім алуға, ел басқаруға қолы жетуі, Қазақстанмен ара қатынасы еңбекте әдемі көрініс тапқан.
       Сол сияқты автор жетпісінші жылдардан бастап екі ел қазақтарының рухани байланысының алшақтай бастағанын да жасырмайды. “Осы жылдардан бастап біріміздің орыспен, біріміздің мұңғұлмен тереземіз теңеліп, өзімізбен өзіміз болып, жетіліп, жетіскенімізге байланысты болатын” деген астарлы әзіл бұл саладағы көп сырды аңғартумен қатар автордың ұтқыр ойын өрнектеп бере білетін тіл шеберлігінен де хабардар ететіндей. 
    Тіл шеберлігі, ой сонылығы демекші, Зардыхан Қинаят ұлының еңбегінде маңдайына мал, атына жал... қазақ малының жайы мен малы табиғаттың жайымен қозғалады... Қазақ мал баға біледі, біреуді екеу, жартыны бүтін ете білмейді...Шақ десең тауды да шағады, ал құр десең өзіміз құра алмаймыз деп басқалардан жәрдем сұрайды” деген сияқты сөз тіркестері аз кездеспейді.
    Бұл тіркестер қазақтың табиғатын, бітім, болмысын дәл беріумен қатар, қанатты қағидаға сұранып тұрғандай. Бұл әрине, өзі өкілі болып отырған халықтың жақсылығына сүйініп, жамандығына күйінген ойшыл азаматтың сан жылдар бойғы көрген, көңіліне түйген ой тұжырымының жемісі екендігіне сөз жоқ.
         Аталған еңбекте тек  Мұңғұлдағы Керей мен Найман тайпасының қайдан шыққаны ғана емес, қазақтың шыққан тегі кім екендігін де зерттеу, зерделеу талпынысы байқалады. Осыған орай Мұңғұлдың құпия шежіресі, ондаған авторлардың аталған мәселелерге байланысты жазып қалдырған тарихи деректерінен дәйектеме келтіре отырып, автор өз пайымдауын  алға тартады. 
        Тек сан ғасырдан бері халықтың осы біздің арғы тегіміз қайдан шыққан, кімбіз деген ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ынтызар мәселесіне тыңнан сәуле түсіріп, ақтаңдақтың бетін айқара ашып тастай алмайды, дегенмен автордың қазақ арасында күні бүгінге дейін екі ұдай пікір туғызып, таласқа негіз болып келе жатқан қазақ ұлт болып қалыптасқан ба деген мәселеге байланысты көзқарасы өзінің тұжырымдылығымен ерекшелетіндей.
        Енді соны окып көрелік. “Қазақтың осы бір ат төбеліндей тобы суға кеткен салындыдай елінің ата жұрты, қара шаңырағы, нәсілдік, қандық тамырынан үзіліп, жүздеген жылдар өтсе де сол бір табиғи қазақ қалпында қалғандығы сонау ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама сұрапылынан әлдеқайда бұрын қазақ халқы біртұтас ұлт болып қалыптасқанының бұлжымас айғағы. Егер қазақ ХҮ, ХҮІ-шы ғасырда ұлт болып шаңырақ көтеріп, ұлттық мәдениеті, ахуал, салт, санасы, діні қалыптаспаған болса, онда қазақтың ана кіндігінен үзілген бір тобы екі жүзден астам жылда әлдеқайда бөтен ұлт болып азып кеткен болар еді” дейді. Қинаят ұлының бұл тұжырымы меніңше көңілге қонарлықтай қисын. Сонымен қатар қазақ өмірінде ұлт болып ұйыған емес, деп байбалам салушыларға ой саларлық-ақ дүние.
         Алды Мұңғұл жеріне ат басын тірегеніне 130 жыл толып, өздері сияқты мал өсіріп көшпелі тірлік кешкен мұңғұлдармен бірге өсіп, біте  қайнасқан мұңғұл қазақтарының соңғы жылдары Қазақстанға үдере көшуінің себебі не? Біздіңше, бұл сауалға да аталған еңбекте жан-жақты жауап берілген.
     Оның ең бастысы – Совет Одағындағы тотаритарлық жүйенің ыдырауы, Қазақстанның егемендігін алуы, сонымен қатар 1986 жылы дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан уақиғасы, одан қала берді 1991 жылы Қазақстан Республикасы жоғарғы Қеңесінің “Басқа республикалардан және шет елдерден Қазақстанның ауылды жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстан республикасында қоныстандыру тәртібі мен шарты” туралы белгілі қаулысы.
         Әрине, мұның  барлығы мұңғұл қазақтары үшін сыртқы факторлар еді, ал ішкі факторларға  келсек, өмірі Ресейдің иегінің астында илеуінде келген, ең ақыры басшысының өзін Москваның меңзеуімен ғана сайлайтын мұңғұл халқы да жариялылық пен демократияның нәтижесінде өздерінің Шыңғыс хан ұрпағы екенін естеріне алып, есе түгендеуге бел буған кезі еді ол.
         Кешегі Совет Одағында интернационалдық тәрбиенің нәтижесінде бірімен бірі бауыр, туыс, дос болып келген, ұлттардың арасына елеулі сызат түскен сол бір шақта алдының көшіп келіп қоныстанғанына 130 жыл толған қазақ ағайындар мұңғұлдар үшін бірақ күнде кірме болып шыға келді.  Есіктен келіп төр менікі, жер менікі дейтіндер де қазақтар екен. Автономия дәметіп, мұңғұлдарға күн көрсетпеуге айналса керек. 
     Жекелеген мұңғұл ұлтшылдарының ақылға симас осы бір алыпқашпа пікірлерін мерзімді баспасөз дүркіретіп жарыққа шығаруға асықты. “Қашанда ел басына қиын-қыстау күн туса қазекем екіге бөліне қалатын салты” Бұл тұста біздің қазақ зиялылары “Мұңғұлшыл патриоттар” және “Қазақи ұлтшылдар” деп екіге бөлінеді, бөлінді де баспасөзде ойранды салды-ай келіп“, деп жазады сол бір сұрақсыз күндер жайлы Қинаятұлы.
         Сөйтіп, жариялылық пен демократия саяси белсенділікті, қала берді ұлтшылдықтың ұлы құртын қоздырып қана қоймай, жұмыссыздар санын да еселей түскен. Тек 1990 жылы ресми тізімдерде жұмыссыздардың 44 процентін қазақтар құраған. Мұнымен қатар көптеген елді мекендерде қазақша мектеп,  мәдени орталықтар болмаған. Әрине, бұған қарап қазақтар мұңғұлда қысымшылық көрген екен, деп түйін жасау асығыстық болар еді. Автордың сөз саптасына қарағанда 1940 жылдан кейінгі жерде мұңғұл қазақтары еркін еңбек етіп, оқып білім алуға, қызмет істеуге мүмкіндік алған, саяси қуғын-сүргін көрмеген.
         Тіпті, саяси белсенділік белең алған жариялылық, демократия жылдарында да мұңғұл зиялылары қазақтарға түсіністікпен қарап, оларды сырт теппеген, көмек қолын ұсынған. Дегенменде “ауыл итінің құйрығы қайқы” дегенді әсте  ұмытуға болар ма. 
       Жоғарыда айтылған жайлардың ағайындарымыздың 1991 жылы көш көлігін Қазақстанға бұруға шешім қабылдауына өзіндік себеп-салдары аз болмаған шығар, дей тұрсақта автордың “әкем марқұм қайсыбір жылы шөптің бітік өскенін көрсе “Құдай-ау, құдды біздің Ақши” деп, судың тұнығын көрсе “құдды біздің Ақбұлақтай тұнығын қарашы” деп таңырқап, үй ағашымыздың тозығы жеткеніне қарап “Шіркін Ақталда болсақ бүйтіп отырамыз ба”, деп қабағын түйіп қынжылып отыратын” деген естелігін оқығанда көштің көпшіліктің көзінен таса тағы бір себебі, әкеден балаға мирас етілген туған жерге деген мәңгілік сарқылмас сағынышы жатқандай.
     Бұл жүрекпен ғана түйсінетін ұлы сезім ғой. Шешуші сәтте осы түйсіктің әркімнің ой санасын меңдемегеніне, туған елге қарай алып ұшпағанына кім кепіл бола алады. Тіпті, бұл аз десеңіз, мұңғұл қазақтарының жетпісінші жылы жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз арқылы Д. А. Қонаевқа қазақтарды Қазақстанға алдырту жөнінде өлеңмен астыртын хат жазуын қайда қоярсыз, яғни, көш мәселесі 1991 жылдан әлдеқайда бұрын пісіп жетілген, ал 1991 жыл сол толғақты мәселенің жүзеге асуы деп білген жөн сияқты.

         Зардыхан ағаның ізденісінің жемісі осы бір құнды еңбектің кемшілігі жоқ деуден әсте аулақпын. Неге болмасын, бар болар, тек біздің басты мақсатымыз – қазақ зиялыларының қатарына Зардыхан Қинаят ұлы сынды білімдар қосылғанын, оның “Жылаған жылдар шежіресі” атты кітабы жаңа көзқарас тұрғысында жазыла бастаған көне қазақ тарихына қосылған тамшыдай үлес екеніне қанағат сезімін білдіру ғана.

                                      Сүлеймен Баязитов