Көне құран көрген көзін әкемнің,
Жан әкемді көз алдыма әкелдің.
Молдаларға құзғындайын шүйілген,
Қамшы үйіріп, тұрған анау әпендің.
Арқасынан тіліп таспа әкемнің,
Түрмесінде шірітер ме ед жат елдің.
Шолалаған болар Алла мүскінін,
Ал аллаға не қыла алад үштігін.
Алла өзі жар болғанға не қылсын,
Туған жердің сезсе жазда ыстығын.
Колхозшы боп ақтылы қой өргізген,
Аяқтары тоңа жүріп қысты күн.
Сол әкемнің аузынан Алла түспеген,
Намаз оқып бар ғамалын істеген.
Белсенділер ораза тұтқан діндардың
Аштырғанда ауыздарын күшпенен.
Әкемді де дей алмаймын аяды,
Паналайтын жер жоқ еді саялы.
Құран оқып, ораза ұстады да,
Деп жеткізген болар тыңшы аяры.
О, ғажап-ай!
Белсенділер қайрап келген тістерін,
Кездескенде сасқалақтап біле алмай не істерін.
Көр жерді айтып, ақырында «Бәкелеп»,
Жылытатын сіреу мұздай түстерін.
Бір Алланың шын берілген жасында
Қуғын-сүргін айдау көрмей өтті ақыр,
Жалғызы едім қалған сонда соңында.
Сол Бәкеңнің жалғыз ұлы жаманы,
Сәл өзгелеу әкесінен заманы.
Құран танып жарытпаған тегінде,
Көне Құран әкемді еске салады.
Әуезді үні құлағыма жаңғырып,
Шақырады алаулаған алға үміт.
Ол жақта айтқан қиссалар мен аңыздар,
Болмасы анық ұрпақ барда мәңгі ұмыт.
Көне құран көзін көрген әкемнің,
Жан әкемді көз алдыма әкелдің.
Дін оралды мәңгілікке ортаға,
Құдай жолын құрта алмады әпенді.