Ахмет пен Қаныш

             
       Ахмет пен Қаныш
              (Баллада) 

                                                                       
Кежегесі қоғамның кері тартып,
Ойшыл жанға зілмауыр салмақ артып.
Қуғын – сүргін
Басталып, ала шапқын
Ұлт ұлысын дозақтың оты шарпып.
Сол жылдарда
Қиянат өріс алған,
Қанды балақ,
Қанды езу құзғындардың,
Қорқау көңілі
Шат болып қыбы қанған.
Жан – жағынан жанығып жау іздеген,
Тергеу,ату
Жалғасқан бір ізбенен.
Кезеңдер де жазықсыз жапа шеккен,
Келер күннен күдерін бір үзбеген.
Саясаттан қаймықпай кәрін төккен,
Үрікпеген, ойларын айтқан өктем.
Әз ағалар өміршең, өршіл жандар.
Жарық сәуле
Іздеген түн – түнектен.
Ақаң соның бірі еді –
Бірегейі,
Қос қоғамның шетіні -
Бір өгейі.
Келген қайтып айдаудан
Алматыға,
Ақын еді,
Ғалым ед,
Тіл өнері.
Жастайынан жанына серік еткен,
Шынар көкке
Тіл туын желбіреткен.
Сол Ахмет көшеде келед,міне,
Қол беретін «Ахалап» құрметпен,
Көп танысы
Тайғақтап сырығып кеткен.
Жүздесетін сырласып емен - жарқын,
Ғалымдар да ұғатын сөздің парқын,
Желден ыққан таңадай сырт айналып,
Өте шықты жүздерін салып салқын.
Зерделі жан
Оларды ұғынады,
Қызыл шоққа жөндер кім сұғынғанды.
Жалмаңдаған пысықай жалақордың,
Ту сыртынан сезеді сұғын әлі.
Таныс – біліс жандардан жырақтанып,
Сөйлеспейді ешкім мен сыр ақтарып.
Саналыны сеңделткен сұрғылт кезең,
Қаңтардай – ақ
Зәр төгіп тұрған қарып.
Күңгірт күннің
Бірінде есік ашып,
Ішке кірді жас жігіт қадам басып.
Сәлем берді Ақаңа төрде отырған,
Жүз көрісіп,
Қазақша құшақтасып.
Ақанды іздеп
Келген бұл Қаныш еді,
Ісіне, тағдырына таныс еді.
Өрбіген әңгіменің бір тұсында
Қарт ғалым:
 – Айналайын,
Қаныш, – деді,-
Жеріңнің талмай кезіп ойы, қырын,
Жатырсың ашып кенің,
Ашып сырын.
Қызығын ен байлықтың өзге көріп,
Кетпей ме,
Ойладың ба, мұның түбін?
Ақаңның
Жан дүниесін еткен алаң
Ойды ұғып:
-      Осынау көне дүние, нұрлы ғалам,
Күні ертең шауақ шашып ұлтымызға,
Шадыман шұғылалы туар заман, -
Дегенде,
Сала берген жүзі жылып,
Ішінен тұрды ма Ақан тәуба қылып,
Жоқ, әлде келтірді ме көз алдына
Түрленген туған жерін мың құлпырып?
 Кім білсін, қалың ойға шомғаны анық,
Ойынан қуат алып, қанаттанып.
Қоштасты құшағына ап жас ғалымды:
«Болсын, – деп,-
Айналайын жолың жарық».
Екенін Ұлылардың ұлысынан,
Сөзінен
Ұқты, бәлкім, тұрысынан.
Қанағаң ашқан байлық күні кеше
Ап шықты
Қазақ елін ұлы сыннан.
Сол заман Қаныш айтқан келді бүгін,
Танытқан көрегендік, ұлылығын...
Көгіне қазақ елі көтерді енді,
Біртуар Ахмет пен Қаныш ұлын.

Шетіні* - қос қоғамның шетіні, бір өгей: Ахмет Байтұрсынов алғаш 1907 жылы, соңғы рет 1937жылытұтқындалған.


                     Сүлеймен Баязитов