Өз Абайым, өз ақыным Пайымдау





Өз Абайым, өз ақыным
Пайымдау


... Абайдың қазақ поэзиясындағы тарихи орны жайлы алғашқылардың бірі болып қалам тербеп, пікір түйіндеген ақын Міржақып Дулат ұлы Абайдың қазақтың бірінші ақыны екенін айта келіп, оның туған күнін қалың елі – қазағы қазір  болмағанмен күні ертең айтарлықтай қылып атап өтетін болады, деген еді. Көрегендікпен айтылған осы пікірдің қазақ әдебиетінің қаз тұрып-қалыптасу кезеңінің алғашқы жылдарында екіталайға айнала жаздаған кездері болмай қалды. 
     Оған басты себеп – Абай шығармалары негізінен зерделеп, зерттеу күні кешегі советтік дәуірдің үлесіне тиді. Обалы не керек, кез-келген шығармадан (автордың қай кезеңде – өмір сүргенін есепке алмай-ақ) марксизм-ленинизм идеясын іздейтін, тап тартысынсыз шығарманы халықтың қазынасы деп есепке ала қоймайтын солақай сыншылар алғашқы жылдарда Абайға да, Абай шығармаларына да осы ұғыммен келіп, сөз қозғағаны белгілі. Бәлкім сол әсіресе революциялық рух биігінен қарастыру талабының салқынды салдары болар, қазақ әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі академик Сәбит Мұқановтың өзі Абайдың  махаббат лирикасынан надандықтың белгісін тауып, сын сойылын аямай-ақ сілтеді. 
     Тек уақыт өте келе ғана Абайдың қазақ әдебиетінің асқан шыны, екендігін мойындап, оны насихаттаушылардың бірі болды. Мұның өзі Сәбеңнің азаматтық, әдебиетшілік ерлігі, ұлының ұлылығын тануы деп білеміз.
   Абай поэзиясын зерттеушілердің көш басында заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтың тұруы Абайдың маржан жырларын зерделеп, зерттеудің орнына, оның шыққан тегіне деген өшпенділікке бергісіз өнімсіз дау-дамайдың, сол сияқты поэзиясын талдау барысында таптық тұрғыдан келу сияқты келеңсіздіктің мұнан әрі өрттей өршімей, тез басылуына ықпал еткен де болар.
    Қалай десек те текетірес, тайталас, дау-дамай үстінде шындықтың шырағы мәңгілік тұтанып, Абайдың ақын ретіндегі көш басшылық, көсемдік айшықты орны айқындалып, Абайтану ғылымының негізі салынды. Содан былайғы кезеңде оның поэзиясы туралы азды-көпті сөз қозғап, пікір айтпаған, өзінің көзқарасын білдірмеген қазақ зиялылары, сыншылары кемде-кем-ақ болар. Солардың көпшілігі Абай тану іліміне өлшеусіз үлес қосып, оның кемелденуіне, көкжиегінің кеңейе түсуіне көп күш жұмсады. 
     Олардың Абай поэзиясын сала-салаға бөліп қопара зерттегендіктері соншалық, тіпті айтылмай қалған сөз, пікір жоқ десе болғандай, сондықтан да бұл тұрғыда сөз қозғаудың өзі басы артық сияқты көрінетіндей еді. Бірде теледидардан ақынның туғанына 140 жыл толуы қарсаңында жазылып алынып, қорда сақталған хабар қайталап көрсетілді. 
     Абай танудың шынайы білгілерінің бірі Сағат Әшімбаев, ақын Әбу Сәрсенбаев, көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовта Абай поэзиясы, ол өмір сүрген кезең жайлы салиқалы әңгіме қозғап отырды. Сөз кезегі ақын Ғафу аға Қайырбековке тигенде хабарға қатысушылардың сөзіне құмарта құлақ түріп, жалт жібермеуге тырысып отырған мен Ғапекеңнің әркімнің өзі Абайы бар (бұл арада сөзі дәл келмеуі мүмкін, түйіні осы) оны әркім өзінше оқып, өзінше бағалайды, көзқарасын айтады деген пікірі шыншылдығымен ерекше баураған еді. Өзгелер сияқты менің де өз Абайым, оған деген өз көзқарасым барлығына, оны білдіруге хұқылы екендігіме көзімді тағы да бір жеткізе түскен. 
   Сөйтіп, қолға қалам алуыма Ғапу ағаның жоғарыдағы пікірі түрткі болған. Сонымен қатар өз Абайыма, өз ақыныма деген шексіз махаббат, оны өзінше түсініп, өзімше талдасам деген талпыныс тәуекел қайығының ескегіне қол создырған. Тек бір ескерте кететін жай менің мұным ақын еңбегін терең қопарып зерттейтін әдебиет теориясы емес, бар болғаны ақын өлеңдерін жеке оны талдаушылардың еңбектері мен көзқарастарын өз ой  елегімнен өткізіп пайымдау, сөйте отырып оқырманмен азды-көпті ой бөлісу ғана.



                                Сүлеймен Баязитов