Жоғын жоқтап, мұңын мұңдай айырғаны қалың елі
– қазағы, оны қайран жұртым деп бар жанымен ынтыға сүйеді... Ал, сол қалың ел
барда оның ұйтқысын бұзған, елдігін кетірген үстем тап бар, осы соңғылардың
сорақылығын айырып, атап береді. “Аузымен орақ орған өңкей қыртың, өзімдікі дей
алмай өз малыңды, күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың”...“Бас-басына би болған
өңкей қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын” – деген жолдарда ақын қалың
елді жаңағы қаскөй топтан айырып жырлайды.
Елдің жауларын, қанаушы бұзықтық іс-әрекетінің
үстіне жаман мінез, адамгершілігін жоғалтқан өңшең татымсыз, құнарсыз адамдар
деп санайды. (Абай Құнанбаев, Монография, 1967 жыл).
Сол сияқты көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдолов
өзінің “Сөз өнері”атты еңбегінде Абайдың шығармашылығына жанжақты тоқтала
келіп, “Ұлы ақынның реализмі мен гуманизмін өз алдына қойғанда биік эстетикалық
идеал тұрғысынан өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы керенаулық пен кеселді,
оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің
дағдарысын көрсетті” – деп түйіндейді.
Қос ғалымның пікірлерін келтірген осы шағын
үзінділерден Абай заманындағы өмір сүрген қазақ қоғамының сол кездегі
тыныс-тірлігі ғана емес бүгінгі күніміздің бедерлі бет-пердесі мен мұндалап
тұрған жоқ па? Рас, “Елдің жаулары”, “қаскөй таптың” қарасы батқалы қашан.
“Қанаушы бұзық”, “Керенаулық пен кесел”, “Оспадарлық пен опасыздықтың” кеселді
салқынынан ада-күде арылдық, бас-басына би болғысы келетін өңкей қиқым атымен
жоқ деп айта алар ма едік.
Онда түймесін түйенің құнына бағалап, қоныстасына қоң
бітірмей тірідей талаушы “қанаушыны”, тападай-тал түсте жазықсыз жанды
жәбірлеуші, тонаушы “бұзықты” қайда қоймақпыз. Керенаулық кесел иектеп
тұрғандығы соншалық, созылмалы дертке айналғандай.
Қосшы болуды қомсынып, басшы болуға ой-өрісі, тағылым-тәжірибесі,
білімі мен біліктілігі жетпейтініне қарамастан көзін тауып, ебін келтіріп,
билік биігіне “құлаш” ұрғандар қаншама. Ғайыптан – тайып тақтан түсе қалса “мен
оппозиционермін” – деп бүтін елдің іргесін шайқап, ірікті салғысы келетіндерді
қайда қоямыз.
Ұлы ақындардың қаламынан туған кемел жырдың қатардағы
көп ақындардың жырларына қарағанда мойна озық, маңдайы жарық болуы кез келген
қоғамдық құрылымның көлеңкесінде, жанында көміліп қалмай адамзат дамуының көш
керуенінің көш басында жарық жұлдыздай жарқырап, бағыт сілтеп тұруында болса
керек. Оған дәлел – Абай жырының феодализм, социализм дағдарыстарын артқа
тастап, тәуелсіздік алған еліміздің өмірінен “тайға таңба басқандай” өз
өрнегімен көрініс табуы дер едім.
Әдебиет сүйер қауым арасында 1983 жылы “Жұлдыз”
журналының 12-ші санында сыншы Сағат Әшімбаевтің “Абай айтқан” атты мақаласының
жарық көруі ерекше сілкініс, пікір таласын туғызған еді. Сыншы аталған
мақаласында “Қалың елім қазағым, қайран жұртым” өленің талдай келіп,
“...ұстары” сөзі әлеуметтік терең сырды, өмірдің реалистік шындығын танытып
тұрған әрі шын философияға негізделген поэтикалық образ” – деген жаңа шын ойдың
ұштығын шығарады.
Мұның әрі ол
“Абай” бұл жерде ауыспалы мағынасында алған деген сөз арқылы қайран жұртының
бойындағы қайшылықты мезгеп тұр. Осынау образды сөзден туындайтын негізгі ой,
тарихи ұлттық, азаматтық, адамгершілік сана сезім, балаңдығы мен дәстүрлі
жұтаңдығынан әбден айырмаған жағдайда жақсы мен жаманды айырмау деген күдерлі
ой айтады.
Абай шығармашылығын талдау, парасаттау тұрғысында
сыншылардың көпшілігі біріне-бірі қайталап, жаңғыртып, “Абай үстем тап
өкілдерін өлтіре сынаған, әшкерелеген, дін иелерінің білімсіздігін әжуа еткен”
– деген сынды пікір төңірегінде қорашыл аттай шыр көбелек айналған тұста
Сағаттың жоғарыда келтірілген пікірі “жаз келгендей” жаңалық еді. Республика
тәуелсіздігін алып, егемен ел атанып, өткен-кешкен тарихымызға жаңа тұрғыдан
сыни көзқараспен қарап, ел еңсесңн көтерген осы бір естен кетпес жылдарда Абай
шығармашылығын талдап, талқылау арнаға түскендей.
Оған жазушы Д. Досжанның “Абай айнасы”, сыншы М. Мырзахметовтың
“Абайтану тарихы”, жазушы Р. Тоқтаровтың ақын туралы кітаптары дәлел. Қалай
десекте, Абай өлеңдерін қайталап оқып қана қоймай, оның әр сөзіне заман
талабына сай өзімізше мән-мағына беруге тырыссақ, ұтпасақ ұтылмасымыз хақ.
Жазушы Дүкенбай Досжан айтқандай “Өз Абайымызбен сырласып, өз келбетімізді
абай-айнаға қарай түзету – Абай ақынды қайталап оқудан бастау алмай ма?!”
Сондай қайталап оқушылар қатарында Абай өлеңіне өзіңше мән-мағына беріп, оның
өлең жолдарынан біздің жаңа заманымызбен үндестік тауып жүрген қатардағы
оқырмандар аз емес.
Абайдың “жырлай, жылай өлгенде” арттағыларға қалдырған
даналық сөзі арқылы оның жарық сәулелі жан-дүниесіне үңілсек, танып білсек
деген ұлы мақсат, кенен ойдың тереңіне телміруге мәжбүр етеді, ынтықтыра
түседі.
Сүлеймен Баязитов