Андымай сөйлеп...

          

                        Аңдамай сөйлеп...
      
         Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, оның келер ұрпақ үшін баға жетпес қазынаға айналуына ғалым, ақын, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қыруар еңбек сіңіргені белгілі.
         Алматыдағы ғылым баспасынан /1992/ жарық көрген екі томдығындағы айтыстар бөліміне Ұлбике мен Күдері Қожа, Ұлбике мен Жанкелдінің, қызбен жігіттің Шөже мен Балтаның айтыстары енгізілген.
         Осы айтыстардың ішінен Ұлбике мен Жанкелдінің  айтысына аздап тоқтала кетейік. Жанкелді Ұлбикемен көш жөнекей әлденеше рет айтысады. Бірақ үнемі жеңіліп қала береді. Мәшекеңнің жазысына қарағанда Ұлбике байдың қызы Жанкелді қара қасқа кедей . 
       Сөзді Жанкелді бастап Ұлбикеден өлеңмен Көкөзектің кешуін сұрайды. Ә дегенде-ақ ойы ұшқыр Ұлбике «Жылқың өтпей бара ма жазған кедей, кешуін Көкөзектің менен сұрап» деп Жанкелді сауалының орынсыз екенін айтып, бетін қайтарады. Алайда ...ақын құрбысының ұшқыр уәжіне шамданған Жанкелді «Сендей байтал айғырға көп табылар» деп Ұлбикенің арына жабысып, тіл тигізеді. Ұлбике «Жақсы болсаң Байтал деп айтар ма едің, -деп әдеп сақтай сөйлейді. Тек Жанкелді:
        А, Ұлжан кедейлігім жасырдым ба
Мен саған «кедеймін» деп бас ұрдым  ба?
Кісіге қарап тұрған соқтығасың,
Үстіңе көлденеңнен асылдым ба?!-дейді екпіндей сөйлеп.
   Сол сәт табан астында тауып айтатын ойы ұшқыр, тілі мірдің оғындай Ұлбике мейманасы асып, асқақтап аңдамай сөйлеген ақын құрбысын:
Кедейлігің неге айтпайсың жасырмасаң,
Алдыма неге келдің бас ұрмасаң?!
Қыз түгіл сен шіркінге қатын қайда,
Сиырға бұқа болып асылмасаң?-деп жеңіп кеткен екен.

             Ұлбике мен Жанкелдінің айтысы әрине Біржан мен Сараның, Жамбыл мен Айкүмістің айтыстарынан көркемдік дәрежесі көп төмен екендігі талас тудырмайды. 
       Дегенмен айтыс өнерін пір тұтып жүрген айтыс ақындары үшін бұл айтыстың да ой салар тұсы, ұсынар өнегесі аз емес. Оның ең бастысы-әдеп-тен озбау, маржан сөзді арзан сөзбен былғап, дөрекілікке жол бермеу, ұятқа қалмау.

                              Сүлеймен  Баязитов