Қазақтың тірегі мен жүрегі





         Қазақ баспасөзінің, әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газетінің қазақ қауымы үшін алар орны ерекше.

Бұл бұрын да, бүгін де, Алла жазса, ертең де солай болып қала бермек. Ежелден-ақ қазақ жыртысын жыртып, ұлт мұңын мұңдап келе жатқан газет бұл күнде ел назарын өзіне аударған.

       Күн тәртібіндегі шилі мәселеге айнала жаздап тұрған жер қатынастары туралы да бірталай ортаға ой тастап, олжа салар дүниелерді жариялап үлгерді.

 Солардың бірі газеттің үстіміздегі жылғы 5-11 тамыздағы №29- санында жарияланған Қорабай Шәкіровтың  «Қазақ жерінің қамын ойлай...» атты мақаласы автор туған жер туралы толғанысын бірталай бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі болар өнегелі жайларды қозғай келіп, орын алып отырған олқылықтардың орнын толтыруға, істі алға бастыруға бағытталған өзінің т.б.
     


Бірталай азаматтардың ойларын ортаға салып, нақтылы мысалдар келтіреді. Соның бірі – Шарбақты ауданындағы «Победа» шаруашылығында.

Өңірдегі шаруашылықтардың шаруасы шатқаяқтап, шаңырағы ортасына түскен адамдардың үкілі үміті желге ұшқан тұста  облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі болған едік.

       Мұндағы бәз қалпында тұрған көшелерді алаңсыз адамдардың шаттық толқыған жүздерін көргенде Баян жерінде тоз-тоз болып құлап қираған ауылдар қалаға бет алған көштерден көзіміз жауыр болған басымыз өмірде тозақ пен жұмақ қатар болса, жұмақ осы соңғысы шығар деген ойға тірелген едік.

 Мақалада: «Үкіметті және жерді игерудегі үкімет көзқарасын қолдағысы келетіндердің жерді сатса, жалға берсе, қыруар инвестиция тартылады», –  деген уәждерін айта келіп,  мысал ретінде әлемдік тәжірибені алға тартқан екен.


 Автор мұнан әрі жоғарыда өзі келтірген мысалдарды түйіндей келіп: «Мұның өзі жерді игеруде шетелден инвестиция алмасақ болмайды», –деген пікірлерге дәлел ретінде ұсынады. Өте орынды сөз.

 Олай дейтінім, бізден көш ілгері кеткен небір дамыған елдердің табысын көлденең тартып, олар жерлерін сатты, жалға берді, соның арқасында байып жарыды, біз де байимыз деудің ешбір қисыны жоқ.

Ол елдердің шаруалары жерден тамырларын қай жылы, қай ғасырда үзіп қалалық болғандарын тап басып айта аласыз ба?!

 Асфальтті биік үйлі қалада көзін ашып, есін жиып, етегін жапқан жер-ана асыраушы екенін кітаптан оқып, кинодан көрген ұрпақ үшін жер тағдыры деген, бері қойғанда, бес тиындық құны жоқ бос сөз болып көрінуі ықтимал. Ал қазақ баласы қалаға қарай алды осыдан он бес-жиырма, арты күні кеше қозғалды. «Ауыл– алтын бесік», «жер- ана» деген ұғымдарды күні кешеге дейін дұғадай жаттап, оған кәміл сеніп өскен қазақ Алтын бесігін, жер-анасын құстың тұмсығындай келте кезеңде ұмыта алар ма?!

Сол далада өткен өмірін, сіңірген еңбегін,тамшылата төккен терін, қуанышы мен кірбіңін оларға қандай күш ұмыттыра алмақ?

Сондықтан да кімге де болсын жерді сату санасына сіңіп, миына қона қояр ма? Бұл ауылдан қалаға көшкен бірдің басындағы хал емес, мыңның басындағы хал ғой?!

Сондықтан да мен мароторийдің бес жылға ұзартылуын бар болғаны бұл салада атқарылар істің бастауы ғана деп түсіндім. Ал жер қатынасы мәселесін алды-артына қаратпай, түпкілікті шешу үшін кемінде бір ғасыр уақыт керек .

Осы материал басыла қалған жағдайда оқырмандар тарапынан «бұл да қыруар жерді сатып, не жалға алғандардың бірі шығар» деген күмәнді ой тумауы үшін өзінікі дейтін баспанаға қолы жетпей жүргендердің бірі екенімді қалада әйелім және қызым үшеуміз ұлымның қолында тұратынымызды айта кетейін, баспанасы жоқ адамның жері қайдан болсын?

Ал қолға қалам алғызып отырған ұрпақ алдыңдағы азаматтық, қала берді, қаламгерлік парыз. Осы орайда, ойға ертеректе көрген, ұмытпасам «Қазақфильм» түсірген «Жерге қайтып оралу» атты фильміндегі ғарышқа ұшуды армандайтын Ермек атты шопанға ауылдастары арнаған мына бір ауыз өлең оралды:
     
       Қараңдаршы, достарым,
       Мына біздің Ермекті.
       Жердегі қойдан айрылып,
       Көкке қолын сермепті, –дейтін еді.

Тоқ етері, жерді сатып байимыз, жаримыз деп жүргенде ата жұрттан айрылып, ұрпағымызды тентіретіп көп айтыла беретін әлем жұртының алдында масқарамыз шықпаса жарар. Ұрпақ қарғысына қалмасақ болды да.
                                      

Сүлеймен Баязитов
 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы.

                                                       Баянауыл ауданының құрметті азаматы.