Баянауыл аудандық « Баянтау» - газетіне 85 - жыл

                


      Кімге өмір тосып ыңғай арай алдан...
        
     Шәкірат Дәулетжанұлы Шалбаев Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінің редакторы болып тағайындалған тұста талай жылдар бойы құрсауланып, әбден қалыптасқан бірізділікке өзінше бір  өзгеріс енгізбек болар газет жұмысына тың қаламгерлерді тартуға тырысты. Сол мақсатпен ол Алматыға барған сапарында Баянауыл тумасы, жас ақын, журналист Төлеген Мұқаевқа жолығып, оны «Жеңіс» газеті редакторының орынбасарлығына шақырады. Үйге көмектесуге уәде береді.
    Көп ұзамай Төлеген отбасымен Баянға көшіп те келді. Үй алып, жұмысқа кірісті. Бұл тұста мен де сол «Жеңіс» газетінде әдеби қызметкер едім. Жұмысқа жаңа-жаңа бас тыға бастаған кезім. Ал Төлегеннің ара-тұра өлеңдерін, очерктерін оқып жүрген мен таныстығым жоқ еді. Ел қатарлы сәлемдесіп, қызметіне қайырлы болсын айтып шыққаннан кейін редакция дәлізінде кездесіп қалғанда, болмаса оның кабинетінде өз бетіммен бас сұққан емеспін. Ол да маған келе қоймайтын.
         Бір күні ашық тұрған есігінің қасынан бас шұлғып өте берген маған ол: «Уақытыңыз болса, маған кіріп шығыңызшы», – деді. – Сізді өлең жазады деп естідім бе? Мен басымды изедім.
 – Сол өлеңдеріңізді маған көрсетпес пе екенсіз?
– Қазір қасымда жоқ, ертең болмаса...
         Ертеңгісінде мен оған машинкаға басылған төрт-бес өлеңімді әкеп бердім. Ол бірден-ақ оқуға кірісті.
– Қайда жарияландыңыз?
– «Тың өлкесіне», ол жабылғаннан кейін облыстық «Қызыл ту» газетінде.
– Ал республикалық газет-журналға ше?
– Жоқ. Тіпті өлеңдерімді ұсынған емеспін. «Қалай екен, сізге ұнады ма?» деп мен сұрамадым.
         Ол да шешіліп ештеңе дей қоймады. Әңгіме осымен аяқталған сыңайлы еді. Тек бір күні Шәкірат Дәулетжанұлы: «Үстіміздегі 1975 жылы 4-6 март аралығында Павлодарда жас ақын-жазушылардың республикалық, аймақтық слеті өтеді. Соған бізден Төлеген Мұқаев және Сүлеймен Баязитов қатысады», – деп хабарлады. Сол-ақ екен отырған әріптестеріміздің бірі: «Төлеген таныла бастаған жас ақын, ал Сүлейменге жол болсын», – деп сөз бастады.
– Сіздерді білмеймін, мен өз басым Сүлейменнің бірде-бір өлеңін оқыған емеспін. Өлеңді айтады ғой, әттең жөні түзу мақала десеңші. Осы әңгіме басталғаннан мазам кетіп отырғанмен жайшылықта қыздай сыпайы Төлегеннің: «Сіз оқымасаңыз, мен оықыдым», – деген қатқыл үнін естігенде, мен бір түрлі таңқалған едім.
– Жә, ақын болса, ақын шығар. Тек газет редакторы тұрғанда мұндай жауапты жиынға басқасын былай қойғанда жоғары білім жоқ, қатардағы әдеби қызметкерді жіберу қалай болар екен, сол жағын да ойлау керек шығар, – деді әлгі. Әріптесімнің айтқаны  сол-ақ екен біресе бөлім меңгерушісі, біресе жауапты хатшы, біресе редактор шақырып:
– Сен ақын ба едің? Оны біз неге білмейміз, сені анда шақыртып отырған кім деп? – деп сауалдың астына алды.
         Қорқақты қуа берсе, батыр боладының кері келіп, ақыры, редакторға: «Мен сол жиынға қатыспай-ақ ақынмын», –деп салдым. Ұзын сөздің қысқасы, мені бұл мағынасыз қыспақтан Төлеген құтқарды. Кімге барды, Шәкеңмен қалай келісті, ол жағы маған күні бүгінге дейін беймәлім.
         Әйтеуір, ақыр соңында мәселе оңынан шешіліп, Төлеген екеуміз республикалық, аймақтық кеңеске бірге аттандық. Біз келсек, семинарға келетіндер жиналып-ақ қалған екен. Арасында одақ мүшелері, кемі екі-үш кітаптың авторлары бар. Бас-аяғы сексен қаралы адам дейді білетіндер. 
Ертеңгісінде семинарға келгендер топ-топқа бөлінді. Төлеген екеуміз әйгілі ақындар Қалижан Бекқожин мен Қуандық Шаңғытбаев жетекшілік еткен топқа бөліндік. Қалижан ағаны алғаш көруім еді. Мейлінше қатал, бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ірікпей айтатын адам көрінді. Көкшетаулық бір жас ақын «Комбинизон» атты өлеңін оқи бастады. Өлең қарапайым молшылық негізін салушы диханға арналған екен.
Қалижан ағамыз өлеңінің екінші шумағын оқи берген ақынды тоқтатып: «Поэзия – сұлулық, ал сұлулыққа май-май комбинизонның қандай қатысы бар? Сенің объектің комбинизон емес, соны киген адам. Оның жан дүниесі, жасампаз еңбегі болу керек», – деп сөзін бөліп, отырғызып тастады. Мұнан кейін жыр оқыған Төлеген Қалекеңнің «Өлең деген міне осындай болу керек қой» деген жылы лепесіне ие болды.
Ол тұста жас қаламгерлерге белгілі әдебиет қайраткерлерінің атындағы сыйлық беру, ұжымдық жинақтарын басып шығару қолға алынбаған. Тек слетте көзге түскен он қаламгердің өлеңдері «Қазақ әдебиеті» газетіне басылып шықты. Солардың арасында Төлеген екеуміз де бар едік. Мұның өзі қай-қайсымыздың да болмасын өзімізге деген сенімімізді арттырып, қанағаттандырғандай еді.
Енді бірімізге біріміз жазған жырларымызды оқып, жиі пікірлесетін болдық. Слеттен кейін бір жыл өткен тұста Алматыда «Жалын» баспасы құрылды. Баспаның редакторлығынабелгілі ақын, қоғам қайраткері Қабдыкәрім Ыдырысов тағайындалды.
 Ол кісінің біз жерлесіміз, поэзия әлемінде өзіндік орны бар ірі тұлға ретінде білетінбіз. Оның сөздеріне жазылған әсем әндер айтулы сахна шеберлерінің орындауында жұртшылық арасында кеңінен таралған еді. Төлеген Қабаңның сүйікті інілерінің бірі екенінен хабардар едім. Төлеген бірде: « Өлеңдерімді Қабдыкәрім ағаға жібердім, хабар күтіп жүр едім», – деген еді.
Көп ұзамай «Лениншіл жас» газетінде Қабдыкәрім Ыдырысовтың алғы сөзімен Төлегеннің бір топ өлеңдері жарық көрді. Сол қуаныш үстінде Төлеген Қабаңды бала жасынан мектепте оқып жүрген кезінен білетінін, Қаз МУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуге кеңес бергенін, көмектескенін сыр ғып айтқан еді. Кешікпей Қабаң Төлегенді Алматыға, «Жалын» баспасына қызметке шақырды.
Сол сәтте мен Қабдыкәрім Ыдырысов ағаның тек Төлегенді ғана емес, ініміздей болып кеткен талантты жазушы Мейрам Асылғазинге де шақыру жібергенін кейін білдім. Аға болса, сондай болсын деп ойлаумен болдым. Дәл сол сәтте Қабаңның ақын болсам-ау деген армандарын, сыры мен мұңын ақ қағазға төгуден әрі аса алмай жүрген маған да ағалық көмегі тиерін білген жоқ едім. Көп ұзамай Төлеген аталған баспада қызмет істей бастады. Ұмытпасам 1977 жылы ғой деймін. Үйге Төлеген келді. Амандықтан соң мені арнайы іздеп келгенін айтты.
       Жайшылық па?
       Тіптен жай емес. Сіздің қолжазбаңызды баспаның келер жылғы... оның не дегелі келе жатқанын сезген мен сөзін бөліп, «Төке, ең бірінші, құдай өзімді жарылға демеуші ме еді. Сол айтпақшы, сен әуелі өз кітабыңды шығарып алсаң қайтеді, сонан соң...»
Менің қолжазбамды бергім келмей отырғанын аңғарған ол әдейі сол үшін келгенін, алмай кетпейтінін айтып отырып алды. Төлеген осының төрелігін айтуды шешеме салған еді.
«Әманда   нанның ыстығы, сөздің пысығы жақсы» деп отыратын анам Шалатай Бәженейқызы.
       Бер, балам, –  деп қалды. Қолжазбамды қолына ұстата тұрып, тек, Төке жоғалып кетпесін деп ықияттап тапсырдым.
       Жоқ, жоғалмайды,  осында шығарда Қабдыкәрім ағаға сіз жайлы айтып келіскем, – деді ол.
Жылдар өтіп жатты. Бірер рет Төлегенге хат жазғам, хабар болмады. Бір күні Төлегеннен қалыңдау хат алдым. «Е, бастыра алмай, қолжазбамды қайтарған ғой» деп ойладым.Конвертті ашып қалғанда, бірнеше «Бастау» атты кітапшам, Төлегеннің бір парақ хаты шықты. Төлегеннің хатынан үзінді келтіре кетейін:
     «Ал, Сүлаға, сіз бен біздің ұзақ толғатқан перзентіміз өмірге міне осы бейнеде келіп отыр. Шынайы достық, ізгілік ықыласпен тағы да құттықтаймын. Өзіңізді өлең өлкесінде өрісің кеңейіп, арнаңыз толыса берсін, осылай...».
                                                                                         23.XI. 1979ж.
    



Қайран, Төлеген!
Кімге өмір тосып ыңғай арай алдан,
Кімдердің көңіліне қарай алған..
Үзіліп кетіп жатыр талай үміт,
   Жеткізбей кетіп жатыр талай арман, – деп өзі айтқандай қамшының сабындай қысқа, құстың тұмсығындай келте өмірің ойға алған шаруаларыңның оннан бірін орындауыңа мүмкіндік бермесе де, қазақтың аса көрнекті ақыны Қабдыкәрім Ыдырысовтың үміт кеткен інісі бола білдің.
    Біз сияқты сол тұста қарашыл аттай ауылды айналсоқтап жүрген ағаларыңа қол ұшын созып, жинағын бастырттың, ең бастысы, өлең сүйер қауымға жыр жинақтарыңды ұсынып үлгердің.
Сол жырларыңның кейбірін өзіңнің өлеңдеріңді әлпештеп, аялап қанаттандырған тал бесігің «Сарыарқа самалына» ұсынуды жөн көрдім.
                                               
                                         
                                         Сүлеймен Баязитов
                      ақын, Баянауыл ауданының құрметті азаматы


     Ақ пейілі адамның

Осы болар өмірдің мәні, бәлкім,
Мейір көрсем мәртебем кетеді өсіп.
Отырады еркін кеп төріме әркім,
Мен үшін де болған жоқ бөтен есік.

Қалай ақсын туламай тыныш қаным,
Бойымда бір бұла күш барын білем.
Жауыздықтың қақ бөліп қылыштарын,
Адалдыққа арнаймын барымды мен.

Бар асылды ақтарам бойымдағы,
     Маңдай терім моншақтап ағады шын.
Соның бәрі – күнімдей көгімдегі
Жылуы мол, жүзі нұр адам үшін.

Кетпесем де қондырып құсын бақтың,
Ізім болып ізгілік қалады нық.
Мен де өйткені өмірдің отын жақтым,
Ақ пейілін адамның пана қылып.

Кіші кімдер, демей-ақ ірі кімдер,
Адалына суыңның тұнығын бер.
Тіршіліктің күн десек қайнар көзі,
Жер бетінде толып жүр тірі күндер.

Солар барда
Нық басам қадамды алға,
Алынбайтын мен үшін қамал бар ма!
Күннің де батқанына қынжылмаймын
Жанымда жарығы мол Адам барда.

   

       Талпыныс таңдары

Демейін озып алысқа кетем,
Қайткенде жұрттан қалыспай өтем!
Қарап отырсам тіршілік мына
Жүйріктері көп жарыстай екен.

Шабандоздардың жаныма қатты
Шапқанда қалған шаңдағы батты.
Шапқанда мен де шаң тастайын деп,

Талпынуменен таңдарым атты.
Таң атқан сайын талпынуменен,
Жырымнан жаңа жарқылды көрем.
Болмайды дейді шын жүйріктерде
Мәреге жетпей алқыну деген.

        

        Шілдеде

Қанша гүлі шөліркеп, қанша бағы,
Қырдың жатыр кеберсіп еріндері,
Бала-дала еріксіз тамсанады.
Төбесінен тесіліп күн қуырған

Қалың орман қойнына аптап еніп,
Тұрып алды желінін қақтап еміп.
Жел де осынау азапқа төзбеді ме:
Құйындатып, уыстап шашады кеп

Өз тозаңын даланың өз бетіне.
Сәби дала жаутаңдап аспанына,
Күттірмеші дегендей енді мені,
Көздері боп көлдері телміреді.
Қағып сонда көк жүзі қоңырауын,

Қанжар болып жарқ етіп найзағайы,
Тіліп-тіліп жіберді омырауын:
Аспан-ана шығарып бұл- емшегін,
Ақ уызына бойынан лек-лек үзіп,
Нәр тілеген бөбегін жатты емізіп...

           Төлеген Мұқаев