"Екінің бірі емеспін Керекуде"



      Бірде мерзімді баспасөз бетінен Рәшит Сәбитұлының “Сеземін өмірімнің сұсты ақпанын” атты қара сөзбен өріліп, өлең мен өрнектелген жазбасын оқыдым. Атаған жазбада автор қала әкіміне шығармаларын кітап етіп бастыртуға демеуші таппай отырғанын сөз етіп, көмек көрсетуін өтінген екен. Бұл  күнде қалам ұстаған екінің бірінің басындағы үйреншікті хал болғандықтан  алғашқысында пәлендей мән бере қоймадым тек:
         Ақаулы жүректі ойлап алаңдадым,
         Өмірдің сұсты ақпаным дәл аңдадым.
         Қамқорлық жасаймын деп қаламгерге,
         Мэр мырза, мені іздесең, қалаңдамын. –
деген ескертпе жолдардан соң тұрған.
         Екінің бірі емеспін Керекуде,
         Болса да мендей ақын ғаламда мың
-деген түйін-ойға қалдырған... “Екінің бірі емеспін”... Тәңірім-ау Рәшит ағаның мына сөзі әріде
 Кемпірбай бұл дүниеден өтіп кетсе,
Біледі енді өзіндей ұл тумасын.
деген Кемпірбай ақынның, беріде 
           Дүниеге келер әлі талай Қасым,
         Сонда да бұл Қасымды бір байқасын.
-Деген жолдары мен сабақтас, өзектес жатқандай көрінген. Зайыры, бұлай айту үшін ақынның жазған жырларын оқырман  мойындап, ел танитындай болуы керек шығар.
     Сол сәт “Сарыарқа самалы” газетінен Рахаңның бірер өлеңдерін оқығаным есіме түсті. Жырлары жаман емес сияқты көрінген. Дегенмен сәтті шыққан бірер өлең Рахаңның ақындық қуатын, тілді, сөз өнерін, өлең өрнегін қаншалықты меңгергенін айғақтай алмасы талассыз еді.
         Сөйтіп жүргенде Рәшит Сәбитовтың “Туған жерім, думанды елім” атты өлеңдер мен дастандар жинағының 1-кітабы Павлодар қаласындағы “Эко” баспасынан 2004 жылы жарық көрді. Кітап “Өлеңдер”, “Жылдың төрт мезгілі”, “Көктем мен күз көріністері”, “Махаббат лирикасы”, “Ғашықтың тақырыбына арналған ән мәтіндері”, “Дастандар мен толғаулар” және де басқа ірілі-ұсақты бөлімдерден тұрады. Бір сөзбен жинақ сан алуан тақырыпты қамтыған. Сыртқы мұқабасының өзі кітап авторының талғам, тағылымынан хабар беретіндей.
         Өлең болып өрілген өмір өрнектері оқырманының есіне елдің өткенін сала отырып, өзі куәсі болған кешегі, бүгінгі күннің  тыныс тірлігін көлденең тартады. Кей тұста ақынмен бірге мұңайасың, кей тұста кең байтақ тұған жеріңдегі заманауй өзгерістерге, аумалы-төкпелі кезеңде зіл мауыр заман жүгін арқалаудан айбынбаған, не бір қырсықтар мен кедергілерден еңсесі езілсе де, ерік-жігері мұқалмаған замандастарыңның ерлікке тән игілікті істеріне тәнті боласың, шаттанасың.
         Туған жерге деген сәбилік сезімің жан жүрегіңді әлдилейді. Оған ақынның “Сапар шексем жыраққа масаңды да сағынам”, “Бетімді қызарған сүйетін бозартып, мен үшін қыздардан аяздың өзі артық” деген өлең жолдары айғақ. Бұл ақынның “Кереку”, “Кереку қаңтары” атты өлеңдерінен алынған үзінділер. “Масаңды да сағынам”...өзінің  кіндік кесіп, кір жуып өскен жерін алғадаусыз ақ көңіл, шынайы пейілмен сүйетін азаматтың ғана аузынан шығар ақ-адал сөз болса керек бұл.
   Ал әзіл рәуішінде жазылған келер шумақтағы “сүйетін” деген сөздің астарында айнала төңірегіндегі адамдарға бей-жай қарайтын жан-жылуынан ада, іңкарлықтан мақұрым кыздан гөрі ақын жаны “сүйіп” алып, қаныңды ойнататын, сергітіп, серпілтетін ақ шұнақ аязды қалайды. Сөйтіп, адам мен табиғат тұстастығына тағы да бір көз жеткізеді.
Ақын байлықтан да, биліктен де “парасатты”, адамгершілікті биік қояды.
         Мерейі үстем болмай парасаттың,
         Әлемде тиылмайды ала шапқын...
         ...Ағайын бірікпесе бастарыңыз,
         Қалмай ма аласарып асқарымыз...
         Баянды бостандыққа бас ұрамын,
         Азат ел абыройын асырамын...
    Өмірінің саналы жылдарын халыққа адал қызмет етуге бағыштаған, азаттықтың арайлы ақтаңын аңсай күткен азамат ақынның өмірлік кредосы бұл. Ол  “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған” жағдай да ғана азат еліміздің ертеңі кәміл болатына, әлем алдында еліміздің абыройы асатынына шүбәсіз сенеді. Сонымен қатар:
         Талпынбай талаптанбай кері кетіп,
         Барама масыл болып жастарымыз?
деген сауал жан-жүрегін мазалайтыны байқалады. Мұқағалиша айтсақ “жүрегінің түбіне сыр жасырмайды”. Тіпті тәуелсіздігімізге, елдігімізге төнер қауіп, қатерді де жасырмай жайып салады.
         Күтемін болашақтан төрелікті,
         Ал қазір талап жатыр бөрі елікті.-
дейді. Өтпелі кезеңде ар-ожданнан жұрдай болған қанды шелек қаныпезерлер ел-елікті? бөредей таламады ма? Ел ішін жайлап алған жойдаусыз жолсыздықты тоқтатуға, адал жанға араша түсуге қауқары жоқ ақын
         Өтпелі дәуірдің тар кезеңінде,
         Налимын бір салқындық сеземін де –
 деп күйзеле толғанады. Сөйте тұра
         Тастаман битке өкпелеп тонымды отқа
         Түңіліп, тәтті үміттен беземін бе? –
дейді. Жігерін жанып  бұрқыраған қайрат қатпарының  сарқылып, тартылмасына – келер күннен нұрлы болашақтан үмітті екендігіне сендіреді.    Сол сенім оның оқырмандарын да баурап алары хақ. Жинаққа енген барлық өлеңдерді талдап шығу мүмкін емес.  “Көрпемізді бойға шақтап” көсілелік. Енді ақынның “Азаттық” атты толғауына аздап тоқталайық. Бұл өзі ұзақ толғау.
    Қазақстан республикасының 10 жылдығына арналған екен. Мазмұнның тақырыбы анықтап тұрғандықтан жіліктеп талдауды артық санадым. Публистикалық сарынды жазылған бұл дүние:
         Елімде қазақ пен азаттық,
         Әлемде аспан мен жер егіз...
         Өр халқым жырыма негізгі өзек-сен,
         Білемін, жыр-тамшы, ал өзің ұқсайсың теңізге.
-Деген жан-жадыратар, соны теңеулерге толы. Сонымен қатар алғашқы тармақтар 9 буыннан, соңғы тармақтардың бірі 12, бірі 15 буыннан тұрады. Ақын өлеңнің көркемдігі мен мазмұны мен қатар - өлең құрылысына да көңіл бөлетіндігі ізденіп, талпынатыны байқалады.
         Бірі кем дүние демекші ақынның өлеңдері шетінен ауыздығы мен құс тістейді, шетінен  мінсіз, көркем десек шындықтың ауылынан шалғай қонған болар ек. Ара-кідік болсын қара дүрсіндікке жол беріледі.
Мәселен:“Жетімдік” деп аталатын өлеңдегі “Әкесіздік басталды”, “Өзім туралы, немесе Керекуге керек екен бір Қасым” атты өлеңдегі.
         Киелі өнер -  қасиетті ақ орда,
         Емес әсте мал қамайтын қорашық
деген сөздердің мағынасы бұлдыр – Бәлкім алғашқы тармақта “Әкесіз өмір басталды” – деу әлде қайда ұғынықты болар ма еді. Ал киелі өнерді – қасиетті ақ ордаға теңеп отырған ақынның  аяқ астынан “Нілдей бұзылып”, емес әсте мал қамайтын қорашық деуіне жол болсын. Біріншіден – қорашық емес қора, екіншіден ақ ордаға қорашық қалай іргелес болмақ.
         Тағы бір қадап айтатын жай - өлеңдердің көпшілігі – ұзақ. Өлең прозалық шығарма емес, оқырманды жалықтырып алмау  жағында ескерген жөн сияқты.
       ...Ақын:  Өлеңдерім дем беріп,
                      Өлмей өмір сүремін – деген екен.
Бізде соған тілектеспіз. Ұзақ жасап, ойлы да нәрлі, қуатты жырларыңызбен оқырманды қуанта беріңіз, аға.


                        Сүлеймен  Баязитов