Табиғат жыршысы

                            

                                       Табиғат жыршысы

                                                         I

         Ыбырай Алтынсаринды орыс достары “Көшпелі халықтың ішінде европалық мәдениеттің жарық сәулесін таратқан, Ресейді сүюге шақырған” – деп жазғанда олар сол Ыбырайдың ағартушы, демократ Ыбырайдың өз халқын шексіз сүйгенін, сол халқының үкілі үміті-қара домалақтарына хат танытып, қатарға қосу үшін Ресей шенеуніктерінің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болғанын, бұл жолда қажып, талмай, қайрат көрсетіп, қайраткер ретінде шыңдалғанын, ақыр соңында қазақ балаларына арналған хрестоматиясының жарық көруі де сол ізденіс пен талпыныстың нәтижелі жемісі екенін бір кісідей-ақ біліп, бір кісідей-ақ тұшынған болар. Ыбырайдың терең білім алып, ағартушы ретінде қалыптасуына орыс зиялыларының ықпалы көп болғаны талассыз.
Сонымен қатар біз Ыбырайды балалар үшін құнды шығармалар жазған, бүгінгі күннің тілімен айтсақ – қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы ретінде білеміз. Мұнымен қатар Ыбырай – қазақтың жазба әдебиетінде табиғат көрінісін тұңғыш өлең өрімге айналдырған, табиғат жыршысы да.
Оның табиғат тақырыбына жазған “Өзен“, “Жаз” атты лирикалары күні бүгінге дейін өзінің көркемдік, мағыналық құнын жойған емес. Жоймақ та емес. Аталған өлеңдерді оқыған сайын дүниенің тұнық та, тұмса кезі көз алдыңа келіп, бүгінгі экологияның апатты жағдайы еңсеңді езіп, жүрегіңді жаралары сөзсіз.
...Көк орай шалғын, тау төсінен төмен қарай өрнектеліп төгілген өзен суының тау мен тасты жаңғыртып, арқыраған үні, тілсіз тұрған тоғайдың жел тербеген жапырағының шуылы, жанабында қыстап, малын бағып, балығын аулап, күнін көріп отырған ел суреті жүректің қыл пернесін шертіп, сағыныш сазына бөлейтіндей.
“Көңілің суын ішсең ашылады” дей келіп, ақын оттай жанған жануарлар, өзеннен рахат тауып басылады деген түйін жасайды. Осы “Өзен” өлеңінде “Құдыретін құдайымның көресің бе, не жеміс өсер өзен дөңесінде” – деп жер мен көктің, адам мен табиғаттың жаратушы құдайдың құдыретіне тәуелді екендігін алға тартады.
Сол сияқты ақынның “Жаз” атты өлеңінде сәуірде жауған нөсер, соның қуатымен желкілдей өскен жер шөбі, жер жүзін басқан көкпеңбек шалғын, әлі де есейіп үлгермеген жас балалардың ойдан қырға жүгірген шадыман шаттығы бірін-бірі сәулелендіріп аша түсетіндей. Ақынның адамзат, қырдағы орман, ең ақыры аяғын алшаң басқан түйелер де жаббар Құдайға сәуірде көтерілген рахымет туы үшін шуылдап шүкір айтып тұр дегеніне шүбәсіз сенесің. Өлең боп өрілген жаздың жанды суреті мәңгілік есіңде қалады.

                                      II


...Ыбырайдың ұлы замандасы Абайдың “Жазғытұры”, “Қыс”, “Қараша, Желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңдері  жадыңда жаңғырып, тіліңе оралады. Бір кезеңде өмір сүріп, қазақ атты қаймана халықтың көкірек көзін ашып, санасын сәулелендіруге жан дүниелерімен қызмет еткен қос ақын, қос ағартушының жер бетіндегі адамзатқа тәңірінің берген өлшеусіз сыйы – табиғатты, сол табиғат аясында өмір сүріп жатқан адамдарды суреттеудегі көркемдік тәсілдері сан алуандығы мен тәнті етеді. Ыбырай өлеңдерінде табиғат, адам қала берді жаратушы жаббар хақ біріне-бірі байланыссыз суреттелсе, Абай өлеңдерінде табиғат пен адам тығыз байланыста, бір тұтас әлем ретінде, іс-әрекет үстінде бейнеленеді.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
    Жайраңдаған жастарды, көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шалдарды ауызға алу арқылы ақын мәңгілік жас, сонымен қатар мәңгілік көне дүниенің жазғытұрғы сәні мен салтанатын көз алдыңа жайып салады. Жаңа бұлын саудалап, жамыраған саудагер мен жерін жыртып, егін еккен диханшыларды, бір малы екеу болған шаруаның асығы алшысынан түсіп, дәулеті еселей артқан мерейлі шағын, азалы ақ көрпесін сілке тастап, күлім қаққан жер, сағыныса табысқан күн-күйеу, жер-қалыңдықтың көңіліне шырай біткен сәтін астастыра, бірінен-бірін туындата суреттейді.
         Бар-жоғы алты шумақтан тұратын “Қыс” атты өлеңде қыс суреті асқан шеберлік пен шынайы беріледі.
         Әуес көріп жүгірген жас балалар,
         Беті-қолы домбығып үсік шалды,
         Шидем мен тон қабаттап киген малшы,
         Бет қарауға шыдамай сырт айналды.
Белгілі әдебиет зерттеушілері С. Қирабаев, Қ. Мырзалиевтердің ақынның осы өлеңін “Бұл нағыз классикалық поэзия үлгісінен туған өлең” – деп жоғары бағалаулары содан болса керек. Ал “Қараша, Желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңіндегі ықтырма мен күзеуде отырған бай, оның малын бағып жүрген кедей тұрмысының бір-бірнен аспан мен жердей алшақтығы, қазіргі ұғыммен айтсақ әлеуметтік теңсіздік.
         Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
         Отыруға отын жоқ үзбей жағып...
         Қар жаусада тоңбайды бай баласы,
         Үй жылы, киіз тұтқан айналасы, - деген жолдардан айқын аңғарылады. Аталған өлеңдерді оқығанда бір сәтке қырдың қысының зәрлі лебін жан-дүниең мен сезінгендей боласың.
         Ыбырай мен Абайдың туған жер табиғатына арналған терең сырлы, әсем жырлары туған жерге деген ұрпақ махаббатын еселей арттырып, қазақ жырының көк жиегін кеңейтіп қана қоймай, небір көздің жауын алар жауһар жырлардың тууына да негіз салды.
                                  
                                                                                     Сүлеймен Баязитов