Кейде
Алматыдағы ақын - жазушылармен әңгімелессеңіз, сонау қияндағы жазушылардың не
жазып жатқаны жайында тіс жармайды.
Ал
аймақтағылар Алматыға келсе, ананың ана шығармасын, мынаның мына шығармасын
оқыдым, ұнады деп ақжарма пікір білдіріп жүреді. Сонда Алматы мен Астанадағы
қаламгерлер кімдерді оқып жүр осы?
Ол түгілі,
бірін-бірі оқымайтынын да байқап қаламыз кейде. Ауылда жатып, том-том кітап
шығарып, әдебиет әлеміне өзіндік үлес қосып жүрген қаламгерлер қаншама?
Даланың да, Қаланың да қасиетін сезу үшін
шығармашыл тұлғалардың ойы мен өрісіне жіті назар аудару ежелгі дағдымыз.
Бүгінгі сөз аймақтағы қаламгерлерде.
Сүлеймен Баязитов
-Алыста
жатсақ та Алматыға елеңдеп жатамыз. Ондағы әдеби процестің күй - жайы бізге
бірер аптадан соң жетеді.
Әрине, газет-журналдар арқылы. Өзің
танитын немесе жүзтаныс қаламгерлердің не жазып, не қойып, немен шұғылданып
жатқанын білудің өзі бір ғанибет. Сосын шабыттанып, арқаланып, қолыңа қалам
аласың. Көкіректе көлкіген ойдың қаймағын қалқып алу оңай болсын ба?
Жалпы, қомақты шығарма жазбақ түгіл, бір
сөйлем құраудың өзі оңай деп кім айтты?
Біреулер қаламгерлікті еріккеннің ермегі
деп қабылдайтынына налисың сондайда...
Соңғы жылдары өндіріп жазып жүрмін.
Көргеніміз көп екен, бірақ түйгеніміз қаншалықты?
Сезгеніміз қомақты екен, сезбегенімізге кім
кінәлі? Ойымызда қаза болған сюжеттер, көркем мәтіндер, қайталанбас сезім
ұшқындарының обалы кімге?
Өзіміз кінәліміз. Бәріне үлгеру керек еді.
Тереңірек зерделеу қажет еді. Отырып жазу, тағы да жазу керек болатын. Уақытқа
кеткен есемізді енді қайтарып ала алмасымыз белгілі.
Сол үшін кештеу болса да, қарпытып
жазуға ұмтылып бағудамыз. Осы күнге шейін 15 кітабым шығыпты. Бірін ел оқыған
шығар, енді бірін өзім ғана оқыған болармын.
Әңгіме онда емес. Асыл кездіктің қап
түбінде жатпайтыны белгілі ғой. Ішінде өзекке түсер бірдеңе болса, тауып алып
оқыр. Былтыр «Алаш арыстары» атты кітабым жарық көрді.
Көптің бағасы теріс болмаған сияқты.
Облыстағы газет-журналдарда, кітапханаларда талқыланып, оқырмандардың жылы
пікірін естідім.
Біздің облыс-шет аймақ, шекаралы мекен ғой.
Алыстан ат терлетіп келетін қаламгерлер де некен-саяқ. Орыстілді ортаның сесі
мен мысы мығым.
Соған қарамастан облыстағы әдеби ахуал жыл
санап жақсарып келеді. Торайғыров кітапханасында оқырманмен кездесулер жиі
өтеді.
Бұқар жырау мұражайында жас
ақын-жазушылармен бірге жыр кештеріне, әдеби басқосуларға барып тұрамыз.
Бірімізді біріміз оқып, сын пікірлерімізді
ортаға тастап, кемшін тұстарымыз бен артышылықтарымызды жасырмай айтамыз, мұның
тіні тазалықтан болса керек. Өтірік жәреукелену, келсін-келмесін мақтап, көкке
көтеру дағдымызда жоқ.
Облысымыздың басшысы Ерлан Арын мәдениетке
жанашыр тұлға. Аймағымыздан шыққан қоғам мен мәдениет қайраткерлерінің
мерейтойларын тиісті деңгейде өткізуге мұрындық болып жүр.
Қаламгерлердің кітаптары да облыстық
әкімдіктің қолдауымен баспадан шығып, елге жетіп жатыр. Әрине, алыста
жатқандықтан, бізге бәрі таңсық болып көрінетіні де белгілі жайт.
Республикалық басылымдардың бірі таныса,
екіншісі жіберген шығармаңызды қарамастан тартпасына сүңгітіп жібереді. Бұрынғы
кездегідей қайтара жауап жазу бүгінде атымен жоқ.
Сарғайып күтесің. Әне-міне басылып қалар деп
үміттенесің. Ақыры, күндердің бір күнінде күдеріңді үзесің...
Газет
журнал-ұлттың рухани деңгейін көрсететін өлшеуіш. Елдің нақты бет-бейнесі
басылымдардан көрінеді. Өз басым санаулы басылымды қалт жібермей оқимын.
Соның бірі осы-«Дала мен Қала» газеті.
Рухани тақырыптарды кеңінен толғап, шығармашылықтың қыр-сырына аракідік үңіліп
тұрады. Байыпты,сарапты мақаларына тәнті боламыз.
Қаламгерлік –дерт. Жазбасаң тұра алмайсың. Ел
мен жер тағдыры, өткен мен бүгін арпалысы, тіл мен дін майданына араласпау
қиянат секілді сезіледі. Көшелі сөз айтпасақ та, азаматтық, перзенттік ойымызды
жеткізуге ұмтыламыз.
Әдеби үрдістің басында жүрмесек те, көшінде
біздің де барлығымыз ұмыт қалмаса екен деп ойлаймыз...