... Қанды
майдан-дала сынды жан алып, жан беріскен, өмір мен өлім шайқасы нәзіктік пен
пәктікті, әсемдік пен әділдікті, ерлік пен өрлікті, тәңірінің жер бетіндегі
сана сезім иелеріне ғана тартқан ұлы сыйы, деп білетін ізгілік пен достықты,
мәңгілік махаббатты тебірене аялай жырлаған ақын жүрегін шошындырып қана
қоймай, мына жарық дүниеге, адамдарға деген көзқарасын да күрт өзгерткені
сөзсіз.
Сол тұста қазақ поэзиясының шашасына шаң жұқпаған дүлдүлі
Қасым Аманжолов өзінің “Абдолла” атты поэмасында
Күллі әлемнің ыза-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек,
деген еді.
Осы жолдар оның өліспей беріспек қаһармандық
рухын танытып қана қоймай, бейбіт өмірдің берекесін алып, талайлардың гүлдей
көктеген өмірін өрт болып шалған соғысқа, жауға деген ашу-ызасын айқын
аңғартады.
Иә,
от пен оқтың ортасында майдан даласында жазылған жырлар, оның ішінде Қасым
лирикасы соғыс суретін нақтылы көз алдыңызға әкелетін міне осындай
шынайылығымен жанды баурары бар. Мәселен, Қасымның “Дариға сол қыз” атты өлеңін
алып қаралықшы.
Өңімде
ме еді, түсімде ме еді,
Көріп
ем ғой бір армандай қызды.
Бір
нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл
соғыс соқты та бұзды, -
дейді ақын.
Отау
тігіп, жар құша алмағаны былай тұрсын, ессіз-түссіз көңілі кетіп, көзі түскен
аруға жан жүрегін меңдеген ғашықтық сырын ашып айта алмай арманда кеткен
қарулас замандастарының өкінішті де өксікті жан сыры ғой бұл.
Олар
сол өңінде ме, түсінде ме, жалт етіп бір көрініп. Жоқ болған мәңгілік
махаббаттарының шырқын бұзып, шырын күйінде солдырған, солдырмақ болған соғысқа
лағнет айтып, соңғы оқтары атылып, соңғы демдері біткенше сол асыл сезім, әзиз
махаббаттарын қызғыштай қорғау жолында түтеген оққа, аранын ашып келе жатқан ажалға қасқая қарсы
жүрді.
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім.
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп.
Талпына берді қайран жас көңілім,
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
-деп егіле, төгіле жырлайды ақын. Бәлкім, бұл
күндерде шаштарын ақ қырау көмген
ағаларымыздың кейбіріне майдан даласында оқ тиіп, қансырап жатқан шақтарында сол
белгісіз бейкүнә аруларға деген мөлдір махаббаттары сын сағатта желеп-жебеп,
аман алып шыққан да болар. Қалай десекте махаббаттың өлімді де жеңер ұлы күш
екендігі сан дәлелденген өмір шындығы ғой.
Қолымда найза, шағылып айға.
Жеңдік қой жауды арман не құрбым.
деген жолдарды оқығанда манадан бері ақынмен
бірге күйзеліп, егіліп отырған көңілің
бір сәт серпіліп, сергіп сала береді.
Бұл да болса құдіретті Жеңіс шапағаты болар. Сондай сәтте Қасымның “Дариға сол
қыз” атты осы өлеңі тікелей майдан даласында туған жұлдызды дүние болумен қатар
жауынгер махаббатының символы сияқтанып көрінер еді.
Өзгенің
жылтырағанына өзегімізді жұлып беруге бар елгезектігіміз, өзіміздің асылымызды
адал бағалап, насихаттауға келгенде қашаннан-ақ тастабандап қалатын керітартпа
кежір әдетімізден бе, жоқ әлде қайта құру толқынында пайда болған “ерекше
пікір” иелерінің бұл өзі кімнің жеңісі, мұндай жеңіс қажет пе еді, деп жақ
жаппай жала жаба сөйлеген сөздерінің салқыны ма, әйтеуір соғысқа қатысқан
ұрпақтың арманы мен мұңын сыр ғып шертетін осы бір әсем де әуезді “Дариға сол
қыз” әні әншілер назарынан күні бүгінге дейін тыс қалып келеді.
Сырбай
Мәуленов, Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев және басқа
ақындардың ұрыс даласында жазған жалынды жырларын оқу арқылы фашизмнің әлем
алдындағы қиянатқа толы айтып болмас қылмысын терең ұғынамыз.
Халқымыздың
фашизмнің тас қамалын, идеологиясын талқандаудағы теңдесі жоқ ересен ерлігін
көз алдымызға келтіріп, күші әлдеқайда басым зұлым жау алдында тізе бүкпеген елдің елдігін, ердің
ерлігін сақтап, қаскөй дұшпандарға күйрете соққы берген аты аталған ақындардың шығармаларындағы
кейіпкерлеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Осы орайда Хамит ақынның “Әке
сыры” атты поэмасына үңіліп көрелікші. Ол ұрыс даласында жарақаттанғанын айта келіп:
Әттең ол кез әлсіреп жатқаным
бар,
Сол қаныммен бір дастан жазар
едім,
-дейді. Осы жолдарды оқығанда ақын кейіпкерінің
рухының беріктігіне, қайсарлығына шүбәсіз сенесің. Ғасырлар бойы қалыптасқан
ұлттық патриотизмнен нәр алған жаным-арым садағасы деген кредоны берік ұстаған,
сөйтіп, зұлым жауға деген өлшеусіз кегін жеңіс байрағындай желбіреткен өліспей
беріспес ақын кейіпкерінің ерлігіне тәнті боласың.
Соғыс
жайлы жазылған жырлардың оқырман жүрегіне неге соншалықты жақын екендігін терең
ұғынасың. Өйткені, бұл Отанын сүйген жанның екінің бірінің аузынан шығар антқа
бергісіз қасиетті сөз ғой.
...Жауқазын
гүлдей балалық шақтарын соғыс өрті шарпыған буын өкілдерінің аға ұрпақтың өршіл
дауысына өз үндерін қосуының себебін де сол аядан іздестірген жөн болар.
Соғысты
көзімен көрген аға ақындардың жырларында майдан даласының сұрықсыз шындығы еш боямасыз ашық бейнеленсе, Тұманбай, Қадыр,
Сағи жырларынан туған жерлеріне оралмай, арманда кеткен ағаларға деген сағыныш
сазы еседі. Жеңіс үшін жұмыла еңбек еткен елдің тірлік, тынысы, үміті мен мұңы,
азасы терең сезіледі. Тұманбайдың “ Көрдіңдерме ағалар” атты өлеңіндегі мына
бір жолдар соған айғақ:
Тауды,
тасты үгіліп нанша иледік,
Жонды
жоннан асырып жол сүйредік.
Біз
даланы гүлденттік сендер келсе,
Туған
жерді танымай қалсын дедік.
Соғыстан
соңғы елуінші жылдарда өмірге келіп, өз кезектері келгенде аға, орта буын
ақындардың жыр сапарын онан әрі сәтімен жалғастырып, кеткен кейінгі толқын оны
өздерінің нәзік те соны үндерімен іліп әкетті. Рас, кейде олардың көбі көздеген
биіктерінен көріне алмады.
Ақын
ағаларының көлеңкесінде, солар жазған жыр тасасында қалып қойды. Бұл заңды да
еді. Өйткені, олардың жастығы, алған тақырыптарының тереңдігі өлең өлкесінде
бірден топ жарып бәйгелі топқа қосылуға жеткіліксіз болған болар. Әйтседе,
әдебиетке деген ынтызарлық, тақырыпқа деген.