Ақын Садық - (Естелік эссе)




         Әу, бастан-ақ бірі кем саналатын дүниенің соғыстан соң кетеуі кетіп, құрсауы әбден босаған елуінші жылдардың басы еді бұл. Ел еңсесі әлі де еркін көтеріле қоймаған,  көңторғай тұс. Кеше кешкілік арып-аршып өгіз арбамен Бөкет көліне көшіп келген қойлы ауылдың адамдары хан жайлауға жетіп, орналасып жайғасқан. Ақтылы қой түлігімен ауыл адамдарының бірлі-екілі сиыр, бұзаулары әлі келіп үлгермеген.
         Бөкет көліне  таяқ тастам жерде орын тепкен жатаған ескі тас балаған төңірегінде бойлай өскен жасыл құрақ көздің жауын алардай жайқалып-ақ тұр. Қыс бойы екі бөлмелі шамадан тыс тар үйде үш-төрт семья тұрып, қысылып қымтырылып әбден мазалары кетіп шыққан жандар үшін бұл тас балаған хан сарайындай көрінген.
     Әсіресе біздер-балалар мәзбіз. Көл мен балаған арасында асыр салып ойнай жүріп көлдің арғы бетіне  көз тігіп қоямыз. Ара-тұра “қой ана тұстан, жоқ мына тұстан көрінуге тиіс, кеше біз сол жақтан көшіп келдік емес пе?”
 – Десіп даурыға таласып қаламыз.
         Сондай сәттің бірінде балалардың бірі көлге құлаған отарды байқап қалып, балағанға қарай “қой келе жатыр, қой келе жатыр” – деп айғайлап жүгіре жөнелді. Бұл тұста алыс  жолдан шөлдеп жеткен отар суға маңырай лап қойған.
      Балалар балағанға қарай жүгіргенде мен қой  соңында келе жатқан әкеме қарай құстай ұштым. Ол кісі де мені байқап қалса керек атын сар  желдіртіп, жетіп-ақ келді.  Алдына мінгізіп, бұл тұста судан шығып ауылға қарай қаптаған отардың соңына ілескен. Көштің қалай жеткенін, қалай орналасқанымызды сұрап келеді, оның сөзін бөліп.
    -Ата Қыз Жібек жырын айтшы, - деп қыңқылдадым.
    -Кешке айтсам қайтеді. Шөлдеп, шаршап келемін.
    -Жоқ, тура қазір айт.
         Осы сәт қыр астынан шыға келген салт атты адам әкеме сәлем беріп, қоныс жайлы болсын айта бастаған. Әкем мені аттан түсіріп, әлгі кісімен  шүйіркелесе жөнелді. Бұл кім? 
       Аяқ астынан қайдан келе қалды деген наразылық  ой бас көтерген. Сондықтан ба екен мен енді  салт аттыға бажайлап көз салдым. Бірден-ақ, ол кісінің атқа отырысы, киім киісі мен күнделікті көріп жүрген адамдарға мүлдем ұқсамайтындығын байқадым.
       Басындағы үр жаңа пұшпақ бөрік,  жағалы көйлектің сыртынан киген жазғы желетке, төс қалтасынан салбырап тұрған қалта сағатының бауы жолаушының онсыз да келісті көркін айшықтандырып біртүрлі аша түсетіндей.
         Астындағы аты да аяғын әсем басып, ауыздығымен алысып келеді. Күміс ертоқым, керайыл, күміспен өрнектелген үзеңгілер, әсем безендірілген былғары тоқым, қолындағы сарала қамшы, өрме жүген. Мені беймәлім әсемдік әлеміне бастағандай еді. Сонымен қатар жолаушы ақ жарқын, әңгімешіл адам көрінді.
         Кейінірек мен оның – Садық Сапабеков екенін естіп білдім. Сол тұста ол кісі қой фермасының меңгерушісі еді. Жұмыс бабымен ол біздің ауылға бұдан кейінгі талай рет ат ізін салды.
     Дегенмен де оны мен ауыл балаларымен бірге жем-шөп дайындайтын бригада да еңбек еткенде жақын танысқан едім. Үлкендер күш көлігімен шөп шабады, жинайды, біз балалар шөмелей саламыз. Бұл бригаданың бригадирі – Садық Сапабеков. Бригада алғашқыда бір-бірімен қанаттаса, қабаттаса қатар түзген аласа адырлар мен  дөңдердің қоршауында жатқандай көрінетін Қарақуыс атты жерде орын тепті.
     Бұл бір кезде Большевик колхозының қой фермасының орталығы болған жер. Содан да болар өзге фермаларға қарағанда бұл ауыл үлкен, кемінде бес-алты үй болатын. Солардың ішінде еңселі де, үлкені де  Сәкеңнің – Садықтың үйі болатын.
         Шөпшілердің біразы сол үйде тұрып жатады. Жаңбырлы, жұмыс тоқталған күндерде түс әлетінде шөпші атаулы сол үйге жиналып, Қайша апайдың қолынан бөлісіп қымыз ішетін. Қымызға анау айтқандай зауқым болмаса да мен де соларға ілесемін. Мен мұнда үй иесі Сәкеңнің естіген жанды еріксіз баурайтын әсем де мәнді әңгімелерін тыңдауға келемін.
         Тағылымға толы шешендік сөздер,  қара қылды қақ жарған билер мұрасы, ауыздарынан ақ м аржан төгілген ақындар жыры, бірін-бірі алмастырып, есепсіз ляззат силайтын. Көп ұзамай пішеншілер қасы Ақтасқа  қоныс аударды.
     Қаз - қатар тігілген киіз үйлердің бірін – Асыл апа ұстайтын. Бұл кешегі сұрапыл соғыс жесірлерінің бірі еді. (Ол кісінің опат болған жарына деген шексіз махаббаты жеке әңгімеге лайық). Асыл апаның киіз үйінде Асылдың қайнағасы Ахмет,  Сүмбабай, Садық тағы да басқа орта жастан асқан үлкен адамдар тұратын.
         Шөпшілер енді түсте қымызды сол үйден ішетін болған. Сөйтіп, Сәкеңді күнбе-күн көріп, тыңдайтын болдым. Бір кереметі Сәкең бүгін айтқан әңгімесін ертеңгісін қайталамайтын.  Соныға соқпақ салып, тыңнан толғайтын.
         Қазақ билері:Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке, Саққұлақ, Тайкелтір. Ақындар: Бұқар жырау, Көтеш, Шәкарім, Сүйінбай,  Кемпірбай, Балта, Шернияз, Шөже, Әсет, Мәшһүр Жүсіп (Бұқар жыраудан  басқаларының) есімдерін мен тұнғыш рет Садық ақынның аузынан естіген ем. Оған дейін олардың  шешендік сөздерімен өлмес, өшпес отты жырлары маған (өзгелерде біле бермейтін) алыс жатқан беймәлім әлем болатын.  Сондықтан да болар Сүйінбайдың Тезек төреге айтқан:
         Менің немді сұрайсың мен Сүйінбай,
         Қонақ келіп көрмеппе ет сізге мұндай?
         Құдай берген жанымды құдай алар,
         Алшаңдама құдайдың кенже ұлындай.
Шөжеңнің Балтаға айтқан:
         ...Жалғыз соқыр еліне тынышсыз болса,
         Құтылсаңшы мына отырған Құнанбайдан.
Шернияздың Баймағанбет Сұлтанға:
         ...Қара бойда дамбалдан басқа дым жоқ,
         оныңдағы балаға жырым-жырым.
         Тақсыр-ау ордаңызға кіріп болмас,
         Жалаңаш ашылып тұр абыройым.
           – сынды жырлары санада ә, дегеннен жатталып қалғандығы соншалық мен аталған ақындардың жинақтарын іздестіре бастадым. Таппадым. Ол тұстарда көненің көзі, ескінің сөзіне кеңес үкіметі тарапынан қияметтің қыл көпірі құрылғанын, “еңбекші халыққа зиянды” деген ұғым қалыптасып,  халықтың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған асыл сөзі құрыдымға құлауға шақ тұрғанын қиыр шеттегі қарақуыс қырынды жалаң аяқ жар кешіп жүрген қара сирақ ойын баласы қайдан білсін.
         Аймаңдайлы Мұқаңның Мұқтар Әуезовтың қырғыздың “Манасына”, қазақтың батырлар жырына, жалпы ауыз әдебиетіне араша түсіп, қорғап шығар күні алыс емес екендігінен,  тіпті уақыт өте келе Сәкен жырларын жатқа айтатын ақындар мен билердің асыл мұралары мектеп оқулықтарына кірерінен де бейхабар еді.
Осындай алмағайып аумалы – төкпелі кезеңде Сәкеңнің жоғарыда аталған сөз сүлейлерінің маржан мұраларын көзінің қарашығындай сақтап, жұртқа жеткізуінің өзі қыруар баға жетпес еңбек емес пе.  Жарықтықтың “Жас күніңде естіген, оқыған жырларыңды қағазға түсірсең мәңгілік есіңде қалады” – деп отыратын.
Сәкең жиі сөз ететін ақындардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев еді. Ол кісінің терең пәлсапалық отты өлеңдері балғын санама сол тұста “сіңе” қоймағаны хақ. Оның есесіне Мәшекеңнің ерекше қасиеттері туралы ғажайып әңгімелер, оның ақындар арасындағы дара тұлғасын ерекшелендіре, өркештендіре түсетін...
Күндердің күнінде Ақтастағы Алматыдан Сәкеңді жазушы Ғабдол Сланов іздеп келді. Бұлт астынан шыға келген күн нұрымен шағылысқан Волгадан түскен үш-төрт кісі Сәкеңдер жайғасқан үйге беттеді. Олардың алыстан көзім шалған мен бұлардың қайсы жазушы Ғабдол Сланов екен деген ойға қалдым.
Әлден соң үлкендер жағы астанадан келген қонаққа сәлем беріп кіріп, шыға бастады. Солармен қапталдасып есік көзіне жақындаған мені байқап қалған Асыл апа сыртқа шығып “Бұл жер бала ойнайтын жер емес, әрі ойна” – деді.
-Апа дедім мен апа - жазушы қайсы, осы сәт менің жүзіме біртүрлі аңтарыла қараған ол.
-Ана төрде отырған мосқал кісі – деді.
     Сол күні жаңбыр жауғаны мұндай оңды болар ма? Жұмыс жоқ. Қолым бос. Мен жазушыны қайткен күнде де жақын жерден көріп қалуға бекіндім. Тосып тұрмын.
    Міне, үйдегі жұрт сыртқа беттеп келеді. Басына  шляпа, үстіне сұр плащ киген, ұзын бойлы, шамадын тыс (маған солай көрінді) арық адамды соңына ілескен жұрт “Ғабеке, Ғабекелеп” құрақ ұшуда. Е, жазушы дегенің осындай ұзын тұра, оңсіз болады екен ғой деп ойладым мен. ...Неге екені белгісіз жазушының түріне де, киген киіміне де көңілім толмаған.
Ал бірер айдан соң ауыл адамдары “Сәкең тегін адам емес қой әлгі Алматыдан келген жазушы бар емес пе? 
Сол кітап жазыпты. Сол кітапта Сәкең жайлы әңгімесі бар екен. Соны Алматыдан барған Бәйездің Кәрімі алып келіпті” – деп араның ұясындай гулеп кетті.
Ұмытпасам жол жазба – очерктер жинағы болса (аты есімде қалмапты) керек. Кітапты көптің бірі болып таласа-тармаса оқып шықтым. Сол күннен бастап Ғабдол Слановтың шығармаларын іздеп жүріп оқитын болдым. Ол менің жеке пайымдауымша қазақ әдебиетіндегі сол тұстарда шіркеу түсе бастаған ана тіліміздің  шырайын ашып, бағын аспандатуға ат салысқан санаулы сөз зергерлерінің бірі.
Бұл тұста Қарақуыста тұрып жаттық. Жұмыстан келіп жуынып-шайынып жатыр едім, шешем.
-Таза киіміңді ки Сәкең үйі шақырған. Сонда барамыз, - деді.
Біз келгенде үй иесі әңгіме көрігін қыздырып жатыр еді. “Сәке – деді отырғандардың бірі енді біраз өз өлеңдеріңізді тыңдасақ“
Ол орнынан тұрып қағаз салынған папкені алып келіп, оқушы дәптеріне жазылған өлеңдерін оқи бастады. Олардың біразы майдан даласында енді біразы туған елге, жерге арналған өлеңдер еді. Жиналғандар жақсы екен десті.
 Осылайша Сәкең үйінде тағы бір (осылай айтуға болатын болса) жыр кеші мәресіне жеткен. Тағы дейтінім Сәкең жылма-жыл күз айында бір тоқтысын сойып, жыр кешін өткізетін.
Сондай кештердің бірінде қалғып-шұлғып отырған ақсақалдардың бірі Сүйінбайың кім – деп дастархан басында отырғандарды бір шолып шығып, бөтен-бастақ ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен тұста “е, жаңағы өлең мына Сүмбебайдікі ме? 
Бұл кісінің де өлең шығаратын өнері бар екен-ау. Білсем не дейсің, - деп жұртты қыран-топан күлкіге кенелткен.”
Арада бір талай жылдар өте шықты. Күні кеше ауыл көшесін шаңдатып, шапқылап жүретін біздерде ер жетіп, ел ісіне арала бастадық. Бір күні мені Сәкеңнің інісі Салық ағаның баласы Сұңғат іздеп келді. Ол қолындағы қағазын маған ұсына тұрып “Садық ағаның өлеңдері еді. Араб әрпімен жазылған осы өлеңдерді Төлепберген Алдаберген ұлына қазіргі қолданыстағы әріпке аудартып көшірттім, осыны қолыңыздан келсе газеттерге жариялатсаңыз” – деген еді.
Сөйтіп, мен жас күнімде бірталайын Сәкеңнің өз аузынан естіген өлеңдерін оқып, жақын танысуға мүмкіндік алдым.
...Айырық, Ырғайлы мен Белағашым,
Салқын тау, қырқа менен Желтау, Шоқпар.
Қырғын, Жыланды, Семіз бұға және Ақөре
Есепсіз шабындығы, шыққан көде.
Шұбар көкпен Жартастан төмен қарай,
Жайылған қалың елім – Егіз төбе
Қызыл тау әулиелі жердің басы,
Сендей жылы жер болмас Бабаң тасы.
Белағаш, Күркелі мен екі Сартау,
Шалқар көл, аққан өзен екі арасы.
Немесе:
         Бала болған күнінде бөпесінен – айналдым,
         Бота болған күнінде өркешінен – айналдым.
         Қалимадай баланың көкесінен – айналдым,
         Бесігінде жатқанда көрпесінен – айналдым.
    Біз келтірген осы екі үзіндінің алғашқысында тұрмыс тауқыметімен 1932-34 жылдары туған жерден жырақ кетуге мәжбүр болған азамат ақынның кіндік қаны тамған өлкедегі айбынды шыңдар мен айнадай жарқыраған көлдерін,  еңақыры шалқар шабындығы мен желмен баяу тербелген көдесіне деген сарқылмас сағынышы көрініс тапса, соңғысында ақын ауылдың тілеуқор аңқылдаған ақсақалы ретінде өмір есігін жаңа ашқан. Өмірінің жалғасы – немересін айналып, толғанады. Жан тебірентерлік  жарастықты жай.
         Ақын шығармашылығы мен танысу барысында оның табиғатты суреттеуі, соғыс көрінісін сөз етуі, сол сияқты өмір туралы толғам-толғаныстары ауыз әдебиеті  үлгісінде жазылғаны байқалады. Ия, Сәкең – ауыз әдебиеті өкілі.
     Бұл мойындауды, естен шығармауды, оның шығармашылығына сол тұрғыда келуді талап етеді. Өкінішке орай мұны түсінгісі, мойындағы келмейтін “жаңашылдар” әлі де (қалам ұстағандар)  арамызда бар екен. Түсінісе, түсіндіре алмадық.
“Осы тұста Сәкеңнің өлеңдеріне аздап болсын жылы қабақ “танытқан” Ертіс дидары” еді.
     Әне-міне жарияланады деген үмітпен жүргенде қаражаты сарқылып, газеттің өзі “қаңтарылып” қалды. Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанды. Жылма-жыл (биылда солай) “Ертіс дидарын” қаржыландыру мәселесі шешілді дегенді құлағымыз шалады. Тек билік басында отырғандар әліде “Өйтеміз, бүйтеміз” деп әр аса алмай жатқан сынайлы.
     Жә, негізгі арнамызға қайтып оралайық. Ұлы жеңістің 60 жылдығы қарсаңында ауыл ақсақалы, көне, көркем сөз жанашыры, өлке танушы Нығымет Жәмінұлы мен Сәкеңнің бел баласы Кенжебек Садықұлының  күш салып, Бұқар Жырау атындағы облыстық мұражай ұжымының ұйымдастыруымен “Майдангер ақын Садық Сапабекұлын еске алу” кеші болып өтті.
     Сонда айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ақынның шығармашылығын жинап, бастыруға  сайған еді. Құптарлық ой. Өйткені Сәкең  халқының асыл қазынасын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге азды-көпті еңбек сіңірген жан. Сонымен қатар өзі де сан алуан тақырыпқа қалам тербеген – ақын. Ол өлеңдерін – ұрпақтарына қалдырған аманаты деп түсінген жөн.
 Ал аманатқа адалдық – ұрпақ парызы болса керек. 
   
                     Сүлеймен Баязитов