Пайғамбардың жүрегінен құйылған...





Пайғамбардың жүрегінен құйылған...

Кезінде көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебаев “Қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі дәуіріндегі зор тарихи көрінісі, биік бір белесі, қоғамдық құбылысы” атаған Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің рухани ұстазы Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегін, тануда, яғни Абайтану ілімін қалыптастыруда көш бастаушылардың бірі бола білді. Бұл жөнінде белгілі Абайтанушы, Филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахмет өзінің 1994 жылы “Ана тілі” баспасынан жарық көрген “Абайтану тарихы” атты кітабында “Абай мұрасын тереңірек зерттеп, танып бағалауда қазақтың талантты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың пікірлері абайтану тарихында ерекше орын алмақ... Ол Абайдың жаңа бағыттағы қазақ әдебиетінің негізін салып, классикалық дәрежеге көтерген еңбегін жете түсінді”, - деп атап көрсетті.
Сұлтанмахмұттың 1913 жылы жарық көрген “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” атты мақаласын оқығанда жоғарыда келтірілген ғалымның пікірінің әділдігіне, дәлдігіне тәнті боласың.
Ақын аталған мақаласында сол тұстағы жыл сайын бестеп, ондап туып тұрған “жас иіс” жаңа талап рисаларға баға береді. Ол “Зарқұм”, “Салсал”, “Алпамыс” жырларын оқып, “Қырды-жойды”, “Қиратты” жойдаусыз жойқын, қисынсыз өтірік пен “Жеті басты”, “Айдаһар”, “Пері”, “Жалмауыз кемпір”, “Дәу” сынды қиялдан туған  кейіпкерлерге ақынның сөзімен айтсақ “көздерін жұмып нанып, мейірлері қанып, кеңкілдей түсіп, шұлғысып, мүлгісіп отырған” Қазақ отағалары енді аталған кітаптың бірін құмға көміп, бірін суға лақтырып, беттерін бері беріп, “Жас иіс” жаңа талап рисаларды (кітапшаларды) қолға алған. Тіпті олары “қой бұты, қозы саны” – дегендей құраған, сұраған бірдеңелер болып  шығады. Ақын пайымдауынша оқырманға қосар ойы жоқ құр “қатын ойбай” тепті “тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты” дегеннің кері келіп, бұрынғы хикаяттардағы қазақша тіл, қазақы рухтан көз жазған. Оның орнын  Кейде шүлдіреп, кейде шолжыңдаған, жығылып-сүрінген мата тіл басқан. Сұлтанмахмұт өз пікірін мына төмендегі өлең жолдарымен дәйектейді:         

Қолыңа ал қаламыңды,
Қайғырып хал мұстақпал заманыңды
Намуне әр нәрседен  көшіргіш ал,
Яза бер, ойыңа алған кәләміңді
                            (“Милишығыр”)
Халықты бүкүн құят шығып шеттен
Ыслахлық енді керек ертеректен
Ашық қыл бізнің үшін ғалым атам       
осы келтірілген мысалдарда жетер.
         Енді біз Сұлтанмахмұттың аталған мақалада ұлы Абай поэзиясына берген бағасына назар аударалық.
“...Басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады марқұм Абай өлеңдері секілді” – дейді, Сұлтанмахмұт.
        Опыр-ау, “Пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай...”. Бұдан асқан баға болар ма, тегі. Кең байтақ қазақ қырында мұсылман дінінің шаңырағы шайқалмай, қаймағы сылынып алынбай, айдарынан жел есіп, айбарынан әпербақан айбынар тұста айтылған пікір ғой бұл. Қазақ әдебиеті көгінде Абайтану таңының жаңа ғана рауандап атып келе жатқан тұсы ғой бұл. Сол кезде Абай өлеңін аз-кемсіз “пайғамбардың жүрегінен құйылған құранға” теңеу – мұнымды дінге бас иіп, мүлгіп-шұлғып отырған діндар жұрт қалай қарсы алар екен деп қаймықпай ашық айту ақын ерлігі. Ұлт ұстазы ақын Абайға, оның өлмес, өшпес шығармаларына деген шынайы махаббат, шексіз-шетсіз сүйіспеншілік көрінісі дерлік.
         Мақалада бұдан әрі: “Қарасақ бұл айтқандардың бәрінде де өздерін жұртқа ауыз айтып көрсетушілік бар. Мәселен, марқұм Абайдың:
“Өткірдің жүзі
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас...
...саудырсыз сары қамқаны
...Сөзімде жаз бар шыбынсыз”
 - деген, өлеңдері секілді. Бірақ айтқандары артығыменен шын. Шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөлі болғандықтарынан сезілмейді, сезілсе де басқалардікіндей көзге қатты, көңілге суық тимейді. Қайта өзіңді сүйсіндіріп әкетеді  -дейді.
         Осы орайда Абайдың: “Бөтен сөзбен былғанса
                                               Сөз арасы,
                                               Ол ақынның білімсіз бейшарасы”
 - деген, жыр  шумағы ойға оралады. Жоғарыдағы Сұлтанмахмұт келтірген өлең үзінділерінің авторларыда солардың сортынан. Сондықтанда – олар Ер данасы Абаймен қалайша йық тірестіріп, терезе теңестірсін. Өлеңдеріне өзге тілдердегі сөздерді кіргізу арқылы елден ерек сауатты, білімдар, данышпан болып көрінгісі келген олар Сұлтанмахмұт пайымына сайсақ “қатын ойбайға” қалай салып кеткендерін  өздеріде аңғармайды. “Шата тілді” шатпақтарын кітап етіп бастырғандарына қуанып, әуірлері басылмай өздерін-өздері ақын атап әуре-сарсаңға түсулі.
         Бұған Сұлтанмахмұттың: “Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісіде жоқ...деуі айғақ.  
   ...Мен тілімізге шата тілдердің шатысуынан бегірек тілдің ағыны теріске деп, өріс алып бара жатуынан қорқамын. Өзінің ет жүрегін шошытып, мазасын алған жайды жайып салады. Тіл тағдырына алаңдаушылық білдіреді.
         “Рухы жағынан шұбарланып бара жатқан қазақтың әдеби тілін таза сақтау, дамыту, тек қана Абай негізін қалаған қазақ әдебиетіндегі халықтық дәстүрдің негізінде ғана болуы мүмкін, - деп Абай мұрасының жаңашыл бағыты үшін күресті”, - деген М. Мырзахметтің қисынды пікірі Сұлтанмахмұт ұстанған бағытты дәл бағамдауға мүмкіндік туғызады.   


                                                    Сүлеймен Баязитов