Атомның оты...
Бiз тербелеген тал бесiк талқанданып,
Жарылыстан
жер-ана жатты талып.
«Неткен қуат, тәңiрiм-ау?» деп таңданды,
Қыр төсiнде мал баққан аңқау халық.
Аңқау халық,
Мейлiнше
адал халық.
Сәбиiңді тумастан болған ғарiп,
Өксiп жүрiп, дүние-ай, бiлмедiң-ау,
Жiбергенiн «атомның оты»қарып.
Жас қыршындар мезгiлсiз азаланған,
Еске түсiп кей-кейде мазаланам.
Туған жерде олардан қалған белгi,
Тым құрыса, тұрсыншы мазар аман,
Алтын ұя тасыған қызыл қырман.
Жер - ананың жүрегiн шайлықтырған,
Қашан ғана атомның үнi өшедi,
Қашан ғана мұң тарар мына қырдан?