Жағынам деп жазым болмаса...

                               Жағынам деп жазым болмаса...
                                                      (Скетч)
Сәнімгүл-25-те                                            

Жотан - 30-да
Дариға - 25-28-де
Кәрім - 35-те.

     Сәнімгүл. Бейшара Жотанның «болашақ бастығым» деп әлдекімге еріп, аңға кеткеніне бүгін төртінші күн. Содан ізім-ғайым не тірі екені, не өлі екені белгісіз. Қап, Бөлеңнің от құшағында... (Телефон шылдырайды). Апыр-ай, кім болды екен, әлде Бөлең?.. (Телефонға қол созады). Иә?

    Дариға (телефонның арғы жағынан). Өй, албасты, жағың қарысып қалғанның қай жағы, үнің тіпті... Сәнімгүл?!

    Сәнімгүл. Түу, сен екенсің ғой! Жалғыз елегізіп...

     Дариға. Бай дейтіндей мәні жоқ, еркек дейтін сәні жоқ. Ана қайыршың...

     Сәнімгүл (сөзін бөліп).  Аңғалбай деген біреумен аңға кеттім деп, үйден қара үзгеніне бүгін төртінші күн.

    Дариға. Солай де, жұрттың айтысына қарағанда, етегіңе намаз оқып жатпаған сияқтысың ғой. Хи- хи-хи... Ехе, ехе...

    Сәнімгүл (сықылықтай күліп). «Ит қорыған жерге өш» деп, бұл жұрттың да назары аумайтын, көзі түспейтін жері болсайшы енді. Бөлең ғой баяғы көздің жауын алып, жүректің қыл пернесін тербер әнімен, сыйымен...
                   Сәнімгүл-ау, Сәнімгүл,
                   Ағарып атқан таңым бұл.
                   Наз күлкіңмен аялап,
                   Құшағыңды сағындыр, сағындыр, - деп салдыртып жетіп келіп, көңілімді көкке көтеріп, жабырқаулы жүдеу-жадау өмірімді, бір сәт нұрға бөлеп кеткен.

    Дариға. Шіркін-ай, десеңші! Жә, жетер мен саған кіріп шықсам қалай қарайсың?

     Сәнімгүл. Кел, кел есігім ашық.  (Жұртқа қарата) «Түйенің танығаны – жапырақ» деп, мұның білетіні – Бөлең ғой. Ал миллионер, осындағы зауыттың бас директоры Дәлдекеңнің ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда екенін бұл қайдан білсін. Білсе бар ғой, қызғаныштан күйіп кетер ме еді, кім білсін?.. Айтары жоқ, бұл пәле желөкпе жеңілтектің дәл өзі ғой. Әй кемінде 3-4 байға ...(қоңырау шылдырайды).
Қош келдің, төр – сенікі! Барыңды киіп, байлауыңды салып...

    Дариға (сөзін бөліп). Барыңды киіп, байлауыңды салып дегеніңнен шығады. Өй, айтпақшы, бізді  Айтақан тойына шақырды емес пе? Бармаймыз ба, бол, тез киін.

     Сәнімгүл. Айтақанның тойы дейсің бе? Жаназасының ар жақ бер жағындағы бірдеңе ғой, тәйірі?!

   Дариға. Тек, олай деуге қалай аузың барады? Өмір жолдарын жаңа бастаған өрімдей жастарға өлім тілегенің не? Жаназасының бетін аулақ қылсын!
    
    Сәнімгүл. Жаның ашыса, сен-ақ оларға өмір тіле. Ал мен «ондай жмоттар жер жастансын, тұқымдары құрысын...» деймін.

   Дариға. Астапыралла, (жұртқа қарата) адам аласы ішінде деген осы екен-ау! Сәнімгүл-ау әлгі арақ-шарабы құрғыр болмайды демесең, дастарқандары мол болатын шығар.

    Сәнімгүл. Түу, ақыры, түсіндің-ау. Арақ-шарапсыз той, той бола ма? Керек десең, арақ-шарапсыз той өткізу сараңдықтың, тас қараңғы надандықтың белгісі ғой! Оны бүркемелеудің, ата-салтымыз осылай деп, түнемелі қымыз ұсынудың қажеті жоқ. Бұл менің жыныма тиеді.Кел онан да «барымен базар» демекші Бөлекеңнен қалған сарқыттан ауыз ти, бөтелкені ашып құяды. Бөлекеңнің денсаулығына деп алып қояйық.

    Дариға. (Сыртқы киімін шешіп жатып) міне, бұл білетін адамның ісі. Бөлекеңнің сарқыты мен үшін зәмзәмнің суы ғой.

    Сәнімгүл. Подруга, осторожно на поворотах. Көңілдесің күйеуіңе қарағанда оттай ыстық, шырындай тәтті екенін бір сәт есіңнен шығарушы болма. Менің алау отыма, өмірімнің балдай тәттісіне көз тіккенді тірідей көметінімді ұмытпа! Ато...

      Дариға. Сенің есі кіресілі-шығасылы болса да басыбайлы байың бар  ғой. Ал мен сорлыда (кемсеңдеп).

    Сәнімгүл. Өй , анада бір атан жілікті азаматты күйеуім деп...

    Дариға. (Сөзін бөліп) ол құрғырдың бір емес, екі қатыны бар екен. Солары іздеп келіп шыныаяғыма дейін шағып, жүнін жұлған тауықтай өлтіре сабап, шешемнің көзі, алтын алқамды, сен қызығатын бриллиант жүзіктерді, күйеуіміздің прокаты деп 10 мың теңге ақшамды қағып кетті. Егер полицияға айтсаң деп, кеңірдегіме қанжар тіреді...
    
Сәнімгүл. Қап, алданып қалған екенсің! Уақа етпес. Андағыңды алып қой (есік қағылады, ішке аяғы таңулы Жотан кіреді). Байғұс-ай тағы да әлденеге арандалып қалғанның қай жағысың?..

     Жотан. (Дариғаға амандасып, Сәнімгүлге қарата) болашақ бастығымның атып алған бұғысының етін асып, зыр жүгіріп жүргенде, қазандағы ыстық сорпасы абайсызда аяғыма төгіліп кетіп...

   Дариға. Жә, қойшы, сорпа төгіліп кетсе, төгіліп кеткен шығар. Тек біздің Баян өңірінде қайдан келген бұғы ол?

     Жотан. Құдай-ау, бұл Дариғаның білмейтіні бит астында біздің ана бейбақтың Баян өңірінде бұғы жоғы қаперіне де кірмейді-ау, кірмейді.
Уһ- оһ... ашуын-ай! Ойбай, шыбын жанымды көзіме көрсетіп солқылдауын-ай!..

     Сәнімгүл. Дәрігер шақыртайын.

   Жотан. Сәнімгүл, мені болашақ бастығым үрім-бұтағыммен жер бетінен жойып жіберсін демесең, дәрігерді аузыңа алма.

    Сәнімгүл. Не дейді? Тәңірім-ау, сонда аузын буған өгіздей...

    Жотан. (сөзін бөліп) Әй, Сәнімгүл, біздің неге байымайтынымызды білесің бе сен?

    Сәнімгүл. Жоқ.

   Жотан. (мардымсып) Білмесең, тыңда. Ата-бабаларымыздан қалған «артын қысқан бай болады» деген қанатты сөз бар. Біз соны жиі айтсақ та, орындамаймыз. Ой, ой, сұғуын-ай, мәселен, сен дәрігерге қоңырау шалсаң, ол полицияға... Бұл деген тергеумен түйінделетінін білесің бе?
Алда-жалда іс қозғала қалса, менің құрдымға кетерім хақ. Ал болашақ бастығым тайшаның құнын төлегенше, 5-6 ай маған...

    Дариға. Қайдағы тергеу?

    Сәнімгүл. Біреуді мерт қылғаннан саумысыңдар?

     Жотан. Жоқ, оның бетін аулақ қылсын. Тек бастықтың құлан деп атқаны  сол маңдағы қойшының қоңыр тайшасы болып шықты, ұзын сөздің қысқасы, бастық әлгіге сұраған пұлын беріп, тайшаңды атқан мынау деп, мені нұсқады.

   Сәнімгүл. Сорлы-ай!
     
Жотан. (жұлқынып) Әй, сен тіліңе абай бол, дарақы неме!

   Сәнімгүл. Сорлы-ай, демегенде не дейін? Енді өткен жылғың анау... (еңіреп жылайды).

      Жотан. «Тайшаның ақшасын төлегенше, 4-5 ай тегін жұмыс істейсің, сол есіңде болсын» деумен келді жол бойы.

    Дариға. (жұртқа қарата) Сәнімгүлге айтқан осы ақылы ана жылы мектеп директоры бала ұрып, мұғалімнен пара алғанда; мен шындықты айтамын деп жұмыстан қуылғанда; оны да қойшы, осы былтыр көшедегі жаяу адам жүретін жолдың шетіне қойылған орындықта өздерінше төсек қызығына беріліп, аймаласып « уһ, алла –ай, жаным, жаным» деп  жатқандарға бір жаны кіріп, бір жаны шығып жатқан «бұл қайсың, әй, ұяттан безгендер!» деп жандарына жетіп барғанда; жігіт тұра қашып,  әйел өзін бас салып, «помогите, помогите изнасилывают» деп көшені басына көтергенде; сотталып кете жаздап, әлгі әйелге үш жүз мың  ақша беріп, жұмыстан қуылып, өлдім-талдым деп әрең құтылғанда қайда қалған?...  Ой, Алла-ай, мұның өле алмай жүріп, әманда шындық үшін күйдім, әділдік үшін жанпида дейтінін қайтерсің?! Әлде біздің қоғамда шындық, әділдік құбыжық па?..

     Жотан. Әй, Сәнімгүл, ойбай, өлтірмесең, диванға жастық таста, жантайып жатайын.

   Дариға. Қой, жылама, есіңді жи! Жотекең демала берсін. Жүр, көшеге шығып, бой сергітіп келейік, «басы аманның малы түгел» деген ғой. (өз- өзінен ойланып, жұртқа қарата) Иә, мал демекші, бұларда ақша жағы телегей-теңіз. Мына қатын совхоз тарарда бас бухгалтер болып  жұмыс істегенде, совхоздың ең дәулетін басып қалғандардың бірі.  Соған қалай ортақтассам екен? (есіктен шыға берген бұларға көршісі Кәрім қарсы жолығады. Әйелдер оған біртүрлі таңырқай аңтарыла қарайды).

      Кәрім. Жотекең үйде ме?  Бір тығыз шаруам болып...

    Сәнімгүл. Үйде, аға, үйде жоғары шығыңыз.

   Кәрім. Жотеке, көптен көрінбейсің, не жаңалық бар? (сөзін тоспастан). Айтпақшы, осы соңғы кезде бұрынғы бастығың Дәлден Байтенович түнгі сағат үш-төрттің шамасында сіздің үйдің дәлізінен буы бұрқырап, терлеп-тепшіп шығып келе жатады. Сен оны күнде қонаққа шақыратын болғансың ба?

   Жотан. (тұтығып) Ө-ө-й, ө-ө-й!?

Кәрім. (бастырмалатып) Дәлдекең басқаратын ұжымда бөлім меңгерушісінің орны бос тұр деп естіп едім, сол орынға иегіңнің қышып жүргенің... Хи-хи... қай жағы?

    Жотан. (өңін суытып) Өй, не тантып тұрсың өзің? Қайдағы қонақ, қайдағы Дәлден Байтенович? Аң аулауға барған ем. Оралғаным жаңа. Сен... сандалып...

    Кәрім. (сөзін бөліп) Ә, солай де. Білсем, бұйырмасын. Олжалы оралдың ба?

Жотан. Ептеп енді. Оны қойшы ана... жаңағы (мазасызданып) сөзің, не сөз өзі?

     Кәрім. Сөз болғанда... Оған сонша мән беретін не бар?

Жотан. Әй, сен олай бұлтақтатпа білдің бе?

     Кәрім. Жә, бұлтақтатпасақ бұлтақтатпайық. Сен елде, күнде жоқ эгоист екенсің ғой өзің. Сен үйде жоқ деп замандас көңілі қалаған, жаны жаратқан адамды бір шәугім шайға шақыруға қақысы жоқ па? Дәм татыруына болмай ма?! Мұның, жолдас Жотан, әйел құқығын аяққа басу емес пе?!

     Жотан. (сұстанып) Эгоист?.. Мен бе эгоист?.. Көңілі қалаған, жаны жаратқан... Бір шәугім шай... Өй, әкеңнің... (ұмтылғысы келген сыңай танытады).

    Кәрім. (қатуланып) Әкеде шаруаң болмасын, сен онан да былжырамай қойылған сауалға жауап бер.

   Жотан. Былжыратып тұрған өзің  ғой. Әйтпесе қатының қапыңды тауып, көзіңе шөп салды демейсің бе? Бір шәугім шай... Әйел құқығы...Оттаған екенсің. Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын, білдің бе?

   Кәрім. Әй, Жотан «әсіре қызыл тез оңар» демекші, тым айбындап, тым айбаттанып тұр екенсің. Замандасты қаңғыртып жіберем деп жүргенде «үрерге итсіз, сығарға битсіз» өзің қаңғып қалма. Талақ қыламын, тастаймын деп жүргенде талқаның шықпасын. Байқа!..

    Жотан. (өкпелеп) «Бөріктінің намысы бір» демеуші ме еді. Сіз жігер берудің орнына жанымды жасытып, қанымды тасытып, «байқа, байқа» дей қалыпсыз. Ал қырып алсаңдар да байқамаймын, сотпен ажырасам, құртамын, қыр-қыра-а-мын!

     Кәрім. (сөзін бөліп) Бөрік дейді? Өй, бөріктен садаға кеткір. «Байқамаймын, қырамын» деп кергуін. Әй, албасты, сотқа беремін дегенің қай сасқаның?

    Жотан. Сотқа бермегенде қарап өлмекпін бе? Отбасын бұзғандарға соттың статьясы жоқ дейсің бе? Неге болмасын, бар шығар?..

    Кәрім. Статья бар ғой. Тек сен замандастың Дәлдекеңнің ашынасы екенін қалай дәлелдемексің?

Жотан. Ойбай-ау, сіз Дәлдекеңнің біздің үйдің дәлізінен шыққанын...

    Кәрім. Өй, мұның нақтылы айғақ емес. Жұмсартып айтқанда, қатындардың қауесеті ғой. Сот бұл үшін «адал жандарға жала жауып, арына күйе жақты» деп өзіңді жауапқа тартып жүрмесін.

      Жотан. (жұртқа қарата) Бұл пәленің сондайы да бар екен-ау! Қой, мына итті тыныштандырмай болмас. Аузы бос неме, әлдекімдерге оттап жүрсе, тірідей өлдім ғой. Кәрім аға, жаман ініңіз қызбаланып...Кешіріңіз. Сөз еместі сөз етіп, әйтпесе, кімнің көзіне кім шөп салмай жатыр дейсің, тәйірі.

  Кәрім. (масаттанып) Мұның енді білгендік. (Жұртқа қарата) Ойнаймын деп от баса жаздағанымды қарашы, ей! (Жотанға) Әй, дегенмен көңіліңде күдік қалмасын. Сотқа куә ретінде шақыртам десең, ағаң әзір.

    Жотан. (шошынып) Соты құрысын. Әлдеқалай айтыла салған бір сөзді жаңғырта бермеңізші, түге.

    Кәрім. (жұртқа қарата) Табансыз тайғақ неме. (Жотанға) Қой десең, қойдық, тақсыр.

      Жотан. Сізге имандай шынымды, жан баласына ашпаған сырымды айтар болсам, біздің үйдегі замандасыңыз бен Дәлдекең баяғыдан-ақ әмпей-жәмпей ғой!

    Кәрім.(жұртқа қарата) Мынау не тантып тұр өзі? (Жотанға) Қойшы, рас па?

    Жотан. Рас болғанда, имандай шындық. Кезінде Дәлдекеңнің кеңсесіне қызметке орналастырған сол замандасыңыз ғой. (Әлдене есіне түскендей). Айтпақшы, сіз жаңа бөлім меңгерушісінің орны...

     Кәрім. Иә, солай десіп жүр ғой жұрт.
Жотан. (қиялдап) Бөлім меңгерушісі... Бөлім ...Тақияма, тақияма тар болмас еді-ау. (Кәрімге) Менің жұмыссыз жүргенімді замандасыңыз Дәлдекеңнің құлағына оңаша құймады дейсіз бе. Құйған-ақ болар. Иә, тәңірім, сәтін сала гөр!

   Кәрім. «Алла барымды алсаң да, арымды алма» деген қасиетті аталы сөз бар еді. Сол қасиеттен айрылып қалмасақ жарар еді-ау. Қой мен қозғалайын (есікке беттеді).

      Сәнімгүл. Адыра қалғыр-ай! Иығымнан албастыдай басып, ит сілікпемді шығарып, әбден титықтаттың-ау! (жұртқа қарата) Осы пәленің дәмханаға барып, сәл-пәл шөл басайық дегеніне неге ғана құлақ түрдім екен? Енді , міне, масайып... Бір пәлеге қалмасам жарар еді. (Дариғаны жұлқылап) Өй, есіңді жисаңшы енді!

       Дариға.(аяғын әнтек-тәнтек басып, жұлынып) «Есіңді жи, есіңді жи» деп қайта-қайта ызыңдап, құлағымның құртын жеп келе жатқаның жай ма өзі? Сеніңше мен... Мен пиәншік, есалаңмын ғой, ә? (Жұртқа қарата) Сендер де мені есалаң, пиәншік көріп отырсыңдар ғой, зайыры. (Теңселе басып, бірер адым алға аттап) Әй, мұртты сайтан!.. Жоқ, саған емес, сенің оң жағындағы ала көзді, қазанның түпкі күйесіндей қара қаншығыңа айтам. Неге, кімге күлесің? Қазір осы отырған жерінде (ұмтылады).  

      Сәнімгүл. Ойбай, сорлы-ау, белый горячка боп қалғаннан саумысың? Қайдағы мұртты сайтан, қазанның түпкі күйесіндей қара қаншық. Көзіңе сайтан-қойтан елестеп тұр ма? Құдай-ау, сенімен біздің үйдің ауласына...

   Кәрім. (мұның даусын естіп тасалана қалам дегенде, әлденеге сүрініп, дыбыс шығарып алады) Қап, мына салдақылар үйге кіргенше біраз сырларын құлақ...

   Сәнімгүл. Ойбай, Дариға, әлгі Кәрім төбет үйге кіріп келе жатқан соң, есікті жаппай кетіп ем. Біреу үйді тонап жатқан сияқты ма, мен қазір байқап...
Сен осы жерде тұра тұр.

   Кәрім. ( тасадан шығып) Мен ғой келін, мен.

    Сәнімгүл. (қолайсызданып) Ә, бұл сіз бе едіңіз? (Жұртқа қарата ) Дәу де болса бұл төбет  Дәлден Байтенович біздің үйге келіп-кетіп жүргенін көрген-ау, сонысы ішіне сыймай...  Дариға, Дариға!.. Бұл қайда кете қалды?
(жығылып жатқан Дариғаны көріп) Байғұс-ай, бір жерін ауыртып алмаса жарар еді.(Көтерем деп өзі мұрттай түседі).

     Кәрім. Қап, ұялы телефонымды үйге тастап кеткенімді қарашы. Мына екі қатынды түсіріп алып, өздеріне көрсетсем ауызбастырыққа... Не сұрасам соны берер еді-ау.

  Сәнімгүл. Ойбай, аға, кешірерсіз.Мынаны жалғыз көтере алар емеспін, көмектесіп жіберіңізші ( екеуі Дариғаны екі жағынан демеп, үйге енгізеді).  

   Сәнімгүл. Бұрынғылар айтпақшы, түнгі төсектен, күндізгі өсектен аман болу үшін кез келген әйелдің етегін көтеруге, басын бәйгеге тігуге әзір Бөлең тектес қызыл көзді пәледен алты шақырым аулақ жүру қажет екенін білмейді дейсің бе? Білгенде қандай! Тек «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей. Жотаны бар болғырдың жиі-жиі бір пәледен соң бір пәлеге ұрынып, жұмыссыз қалып, соттала жаздауы, күйісті бұзып ...Ө ткен өтті ғой, бүгін тағы тайша дей ме тегін жұмыс істеймін дей ме?!  Ой, Алла-ау, алғашқыда «Сәнімгүл-ау, шындық үшін шырылдап жүрмін ғой» дегенде кәдімгідей марқаюшы ем. Сол шындығы құрғыры басына пәле болып.
 
    Жотан. (дауыстап) Әй, Сәнімгүл, атаңа нәлет Сәнімгүл, ана Дәлденмен құрыс-тырысыңды жазып болсаң бір стақан салқын су әкелші, шөлдеп барам.

    Сәнімгүл. (ашулы) Мә, іш атау кереңді!
 Жотан. Смотри, женщина ... Мен шындықты...

   Сәнімгүл. (сөзін бөліп) Сенің шындық, әділдік деген мылжыңың вот так мне надоело білдің бе? (шыға жөнеледі).
 (Сәнімгүл ауызғы бөлмеде ойға беріліп) Мына иттің «Дәлденмен құрыс-тырысың-жазып болсаң» деп, мені жазғыруын қарашы-ей. Онымен қоймай, «атаңа нәлет» деуін. Сенің атаңа нәлет, жұлының үзілгір, Жотан! Сен «бала ұрды, пара алды» деп мектеп директорын  көрсетіп, ақыр соңында, адал адамға жала жауып, «арына жабысты» деп, өзің айыпталып... Сонда ғой менің сені сотталып кетпесін деп... Бөлеңнің кабинетінің есігін ашқаным. Қабылдауына үшінші күн дегенде әрең іліктім. Дариғаның ақылымен қысқа юбка, кеуде тұсы ашық- шашық кофтамды иініме іліп барғам. Кабинет иесімен есіктен кіргеннен-ақ шыбышқа телмірген текедей-ақ екі көзі кеуде тұсы мен кейіннен өзі айтатындай аршылған жұмыртқадай аппақ балтырымның арасын кезумен болды. Мен аузымды аша бергенде:  «Е-е, сіз әлгі шыншыл Жотанның әйелі ме едіңіз?»
 Сол сәт төргі бөлмеден Дариғаның: «Ты, осел, подвинься!»- деген даусы естіледі.

     
Жотан. Қазір, қазір, әй, ана осы үйдің албастысы...

Дариға. Проклятый трус, мені ес-түссіз мас, почти белая горячка (Күлген даусы естіледі) күйімде осы үйге Сәнімгүлдің өзі сүйретіп әкелді ғой. Үстімізден түсе қалған күннің өзінде «әйтеуір жатқан бөлмесін таба алмай» деп...

  Жотан. (Сөзін бөліп ) ақылдым менің, келші. (Сүйіскен дыбыстары естіледі).

Сәнімгүл. Лағынет атсын сендерді! (Орамалымен көзін  сүртеді). 
Сонда Бөлең: «Жоқ, бұл іске мені араластыра көрмеңіз, біздегі сот жүйесі ешкімге бағынбайды. Ренжімеңіз»,- дей бергенде. «Жоқ сіз мені тіпті түсінбей қалдыңыз. Сізді ресторанға түстікке шақырайын деп»...
Бөлекең: « Аапырай, ә?»- деді, -түстік дейсіз бе? Мұныңыз сәл шұғылдау болар. Дәмді кешке қалдырып, ресторанда емес, қонақ үйлердің бірінде жеке бөлмеде...маған аңтарыла қарады. «Жеке бөлме тар төсекте дейсіз ғой»,- дедім мен неге болсын әзір екенімді аңғартып. Сол сәт Бөлеңнің манағы сыздап отырған маңғаздығынан із де қалмай: «Дұрыс айтасыз, дұрыс, әлгі күйеуіңіз кім еді? Иә, Жотан Жолсызовтың мәселесін сол жерде...». - Жақсы, жақсы,- дедім мен сөзін бөліп. Содан... Содан дерің бар ма? Бөлеңнің маған қалай ұнап қалғанын кім білсін? Дастархан басынан көтеріп алып, ақ төсекке аялай жантайтқаны ма? Жоқ, әлде:
                       Айналайын, ерке сал!
                      Шілтеріңді серпе сал,- деп әлдебір ақынның ет жүректі елжіретер жырын оқығанына, жоқ, әлде...... Трубкадан Бөлеңнің даусы естілсе оған жеткенше. (Сол сәт Жотанның төргі бөлмеден: «Дариғажан-ай, біздің әлгі неме сенің қасыңда төсекте жіп тізе алмайды. Тіпті түкке тұрмайды»).

   Дариға. Солай деші, Жотеке, мерейімді бір өсіріп.

  Жотан. Жә, жетер, Дариға, енді сен...

Дариға. Кет демексің бе? Мен саған кеткенді көрсетейін.
Жотанның: « Ақырын, ақырын  ана кәрі ит естіп қояр». ( Сүйіскен дауыстары естіледі) - Келші бері, шөп-шөп.

Сәнімгүл. Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Олай тартсаң, өгіз өліп, былай тартсаң, арба сынған мына замандастардың ит терілерін бастарына қаптамақ түгіл, жағымды жазуға шамам жоқ. Әлгі осы күні жұрт айта беретін шындық, әділдік дегендерден жүрегім лоблиды. Мәселен, ана Дариғаны күйеуіммен төсектес болды деп сотқа берейінші. Ақыр соңында, ақшасы ат көпір Дариға судан таза, сүттен ақ болып шыға келеді. «Адал адамға жала жапты» деген желеумен өзім сотталып кетуім мүмкін. Әлгі Бөленнің су мұрын қара қатыны, ара-тұра той-томалақта, көшеде кездескенде, жұрттан оңашалап: «Сен әлгі біздің үйдегімен әуейі болып жүрген көрінесің. Сені жер аудартып, айдаттырып жіберу маған «тьфу» дегенмен бірдей білдің бе? Тек азаматымның атына кір келе ме деймін»,- дейді екіленіп. Көзін алартатын еді. Енді: «Кісі жалдап, өлімші қылып сабаттырам»,- дейтінді шығарды. (Сол сәт төргі бөлмеден: «Кто будет платить за очаровательную ночь, а?» –  деген Дариғаның аңырай жылаған ащы даусы естілді). 

Дариға. Сен менің мастығымды пайдаланып зорладың.

Жотан. Ойбай, Сәнімгүл, қайдасың, қайдасың? Маған мынау пәле жауып, мен – адал (Әлдене дар етіп айрылады).

 Дариға. Ойбай, көзім! (айқайлаған даусы естілді).  

Жотан.  Дариға, қойшы енді, өзің ғой. (Екеуі алпарысып, ауызғы бөлмеге қарай шыға береді, Дариға Жотанның таңулы аяғын теуіп қалады).

Жотан. Ойбай, Сәнімгүл, аяғым...  Өлтірді мынау, өлтірді...

Сәнімгүл. Құрып кет! «Сен аман болсыншы, құрдымға құлап кетпесінші» деуменен ардан аттап, бұрын өмірімде татып алмаған араққа, онан кейінгі жерде салынып  Бөлеңнің, Дәлден Байтеновичтің қол қуыршағына айналып, ойнасқор атандым. Кім көрінгенге жағынам деп жазым болар ма екен деп, күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айрылдым.  «Жығылғанның үстіне жұдырық» демекші бірінен-бірі жалғасқан мына іркес-тіркес пәле (жұртқа қарата). Бәрінен безіп, қолымды бірақ сілтеп, Жотанды тастап кетейін десем, «аю да болса байым еді» демекші. (Жотан мен Дариға бірін-бірі жұлқылап, жұлмалап, бұның жанына келеді).

Дариға. Әй, Сәнімгүл, мына сүмелегің мені зорлады. Үстімдегі көйлегімді парша-парша етті. Бір салып, көзімді көгертіп қойды. Соттатамын!

Сәнімгүл. Қойшы, Дариға, саған керегі ақша ма? Таң атқан соң,   сұрағаныңды берейін. (Жұртқа қарата) мұның ақша үшін кісі өлтіруге баратынына көзім жетеді. Ал талай жыл жолдас болған Жотанды, балаларымның әкесі Жотанды бұл салдақының табанын астына қалай салып берейін! Тіпті бар ғой, күн үшін әлдекімдерге жалынып, жағымпазданам деп жазым болар ма деп қорқамын. (Күрсініп) Қайтейін, бұл тағдырым шығар менің!          
  
                        
                                    Сүлеймен  Баязитов