Хрущев жолдасты біздің ауылдың қариялары
«Құреке, Құрыш» деп атап кетті. Тіпті мектеп балалары, біздерден кей кейуаналар
арагідік: «Құрыш болғанда кәдімгі май қарынның құрышы ма?» – деп сұрайтын. Тіпті кейбірі ашықтан ашық «әлгі
таз, таз ит» деп жататын.
Дегенмен кім
не десе о десін. Сол құрышың, сол тазың біршама бетті адам болған секілді қиялы
да қиядан қияға самғайтын. Содан да болар бірде ол: «Коммунизм қыр астында емес»,
– деді екіленіп. Ол аз десең: «Бүгінгі ұрпақ коммунизмде өмір сүретін болады», –
деп салды. Сол сәт осы улардай шулап қостаушылар аз болған жоқ.
Ал ол: «Американы қуып жетіп, басып озайық», – дегенде делебесі
қозғандар шамалы қостап қуаттағандар жоқ еді дей алмас едік.Тек соның бәрі ақыр
соңында құмға сіңген судай ...қайдағы құм, қайдағы су... Қазақ шұрқыраған
жылқысының жартысынан астамын, шудасы жерге шұбатылған түйесінен түгел айрылды.
Ет комбинатына айдалып сол жерде пышаққа ілінген қайран жануарлар-ай десеңші.
Оларды
бұйдасынан айрылған түйеші, құрығынан айырылған жылқышы Қүрекеңді қарғағанда ет
жүректері қалай қарс айырылмағанына өзгелер сияқты жылқы мен шошқаның етінен араластырып
жасалған шұжықты күйсектете соғып, біріне-бірі «тәтті, ә?!» дегендері есімде
қалыпты.
Иә, айтпақшы сол
жылдарда оның совет адамын бірде шоқ басқандай шошытып, бірде езуіне күлкі
үйіріп мәз етіп бірте-бірте кең байтақ кеңес елін сайқымазақ театрға
айналдырған кездері де аз болған жоқ. Оның бас режиссері сол баяғы көсем актерлері
қарапайым кеңес адамдары еді.
Бірде Хрущев
жынын келтірген, соғысқұмар агрессорларға алая ақырып, жұдырығын түйіп, аса
мәртебелі БҰҰ-ның мінбесін туфлиімен
салып-салып жіберген. Оның сонысынан ауыздарынан айдаһардың демі шалқыған
жалпақ дүниені жалғыз-ақ сәтте жұтып шайнап жіберуге тайынбайтын тажалдардың
жүрегі селт етті деп айта қою қиын. Бұл,
бәлкім де, мүмкін емес пе еді. Ал күні кеше фашизмнің күнің көкке
ұшырған совет елінің абыройының айрандай төгілгені айдан анық еді. Тек ... оған
мән беріп жатқан жан шамалы еді. Өкініштісі де сол болар, бәлкім.
Ал Хрущевтің ізін ала таққа
жармасқан Брежнев жолдастың кезеңіндегі жаныңды жадыратып, езуіңе күлкі үйірер
жай туралы аз сөз: жарықтық Брежнев «Холодная война», «агрессор» деуді де кеңес
адамдарының есінен бір сәтке шығарып, бейбіт саясат ұстанды. Рахмет енді
онысына. Жер бетіндегі әлді-әлсіз мемлекеттерге достық ниет танысты. Өзі де шет
елдерде көп болды.
Өзгелер де бірі келіп жатса,
бірі кетіп жатты. Солардың қай-қайсын болмасын құшағын жая қарсы алып,
беттерінен шөп-шөп еткізіп сүйіп жатқаны. Сынықтан басқаның бәрі жұғады дейді
ғой. Сол рас болса керек. Енді біздер де, қарапайым кеңес адамдары да бір-бірімізді
кездескен жерде лағын алмаған ешкідей кекірейіп тұрмай қапсыра құшақтап
көлгірсіп күліп, шөп-шөп сүйетін болдық.
Біздікі еліктенге солықтаған ғой. Құрекең
сияқты биік мінберді, Брекең сияқты шетел басшылары қолымызға түсе бере ме?!
Соған да бірталай жылдар өтті. Жұдырық түйісу, шөп-шөп сүйісу жұқпалы дерттей
өршіп тұр енді.
Cүлеймен Баязитов