Қазақ сынының жаңа кескіні

                       
    

  – Өлеңдерің жаман емес екен. Қайда оқыдың, не бітірдің?
  – Бітіргенде, – дедім мен кібіртіктеп. –  Большевик жеті жылдық мектебін. Осы сәт жаңа ғана іш тартып өлеңдерің жаман емес екен деп отырған ағам жыландай жиырылып сала берді.
– Бәсе өзім де әдебиет теориясынан бейхабар біреусің - ау деп отыр едім, – деп өлеңдерімді алдыма атып ұрды. Біршама сасып қалсам да:
 – Аға, – дедім мен. – Сіз жаңа әдебиет теориясы дедіңіз бе? Ол не? Оны қайдан оқуға болады?
 – Әдебиет теориясы, әдебиет теориясы... – деді ол әлден соң, – ол сын ғой.
Бар енді, оны саған тәтпіштеп түсіндіріп отыруға уақытым  жоқ. Әлден соң:
– Ә-ә-ә, есіме түсті, –деді ол риза көңілмен. –Оны «Жұлдыз» журналы бар ғой. Соның соңғы беттерінен, сонан соң «Қазақ әдебиетінен» табасың. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналын екінің бірі егіздің сыңары жаздыртып алатын.
   Менде солардың бірі едім. Үйге келісімен, «Қазақ әдебиеті» газетін, одан соң «Жұлдыз» журналын қолға алдым. Ағай айтса айтқандай жазушы, ақын біткенді сыншылар тілдерінің жеткенінше сынап-мінеп тақияда сау тамтығын қоймайды екен. Қызыға, құныға оқыдым. Алғашқыда сыншының айтқанын айна қатесіз  шындықтың өзі екен ғой деп қабылдасам, бірте-бірте бұл қалай деген сыңайлы ойға берілетін болдым. 
    Тіпті оғаштау көрінгендері де жоқ емес еді.  Соның кейбіріне тоқтала кетейін. Сәбит Мұқановтың  «Жолдас май» атты өлеңін талдаған сыншы ақын: «Май сынды дерексіз ұғымды жан иесіне айналдырып оған жолдас май деп қайрылады. Сөйтіп дерексіз ұғымды жан иесі ретінде кейіптейді. Бұл– қазақ әдебиетіндегі жаңалық, Сәбеңнің енгізген жаңалығы. Олай дейтініміз –жануар да жан иесі. Алайда біз ешқашанда жолдас айғыр, жолдас сиыр деген емеспіз. Ешқашанда олай демейміз де», –деп пікір түйіндейді. 
  «Сұлтанмахмұт– діншіл ақын», «Қазақтың бас ақыны Абай емес– Тұрмағанбет Ізтелеуов». «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған– Жәкең». «Сталинге тең таппаған жағымпаз» деген негізсіз пайымдаулар жарық көріп жатты.
    Көп ұзамай қайтсем жұрттың аузына ілігіп, қайтсем сыншы атанамын деген кеудемсоқ талайлардың аптығын басып, қалың оқырмандардың ой санасын тура бағыттайтын тура билер –әділ сыншылардың еңбектері  басылған кітаптары да қолыма тие  бастады. 
    Олардың қатары жылдан- жылға көбейіп нығая түсті. Енді жалғыз мен емес, басқа да ондаған, жүздеген, бәлкім, мыңдаған оқырмандар Зейнолла Қабдоловтың, Мұхтар Мағауиннің, Зейнолла Серікқалиевтің, Елеукен Шеняздановтың, Есмағанбет Ысмайловтың т.б.  толғаныстарын, зерттеулерін қызыға оқып, өздерінің әдеби талғамдарын тәрбиелеп, «қай шығарма несімен  құнды, осал соққан тұсы қайсы?»деген сауалдарды өздерінше пайымдап, өздерінше пікір қалыптастыра бастады.
         Әйсе де көне сыннан көз жазып қалғысы келмегендер арагідік болсын айбат шегіп, өзінен өзгені жарыққа шығармауға тырысып-ақ бақты. Сондайлардың  біреуі – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романының көркемдігі төмен қайта  жазу керек дегенге дейін барып қалды. «Асқанға аспан аласа, тойғанға тоқты еті – топырақ» дегеннің кері ғой бұл.
      Осы орайда сыншы Зейнолла Қабдоловтың: «Әдеби сынымызда күні бүгінге дейін көлеңкедей ілесіп келе жатқан бір кемшілік– әдеби шығарманың көркемдік ерекшелігін ұмыту,  ұмыту емес, байыптай алмау деп білемін. Бұл не деген сөз ? Бұл –сыншының өз еркінен тыс (ол қаласын, қаламасын), әдебиеттің спецификасын, көркем шығарманың тек өзіне ғана тән ерекше сырын жете анықтамау, творчествоның психологиясына еркін, тереңдеп ене алмау», – деген сөзі ойға оралады.
    Дегенмен кеңестік кезеңнің тас шеңгелі олардың да еркін  көсіліп, шешіле сөйлеуіне мүмкіндік бермеген сыңайлы. Түрі ұлттық мазмұны социалистік әдебиет...Социалистік реализм, марксизм,  ленинизм идеясы, совет адамының асқақ бейнесі, КПСС орталық комитетінің пленумдарының , КПСС съездерінің шешімдері сияқты саяси көл- көсір цитаталар  оқырмандарды жалықтырып жіберетін.
    Ең бастысы,  шығармасы талданып отырған автор әлгілердің тасасында қалатындығы соншалық– дайындығы шамалы оқырман әңгіменің кім туралы өрбіп отырғанын  ұқпайда қалатын. Ақыры Тәуелсіздік таңыда атты.  Енді «Қазақ әдебиеті» газетіне қарап қалдық. Рас, «Жұлдызымыз жарқырап», «Жалынымыз алаулап», «Ақ желкеніміз керіліп» шығып жатты.  Қағылған қалта сарқылған қаражат, жылдан-жылға жалғасқан экономикалық дағдарыс. Еңсені тіктетіп, есті жиғызар емес.
       Ашқарын жұбана ма, майлы ас жемей ме» деп ұлы Абай айтпақшы міне осындай ауыр кезеңде  «Қазақ әдебиеті» газеті рухани аштыққа ұрындырмай әжетімізді өтеп ақ тұр. Жауһар жыр, әсерлі әңгіме мен қатар газет бетінде соңғы жылдары әдебиетіміздің қол жеткен биігі алда алар асуы туралы толғақты да түйінді сынға да кеңінен орын беріліп келеді. Әсіресе, сыншы Әминә Құрманғалиқызының сындары маған қазақ сынындағы соны бет бұрыс. Тың құбылыс  сынды көрінеді.
    Сыншының тілі жатық. Айтар пікірін он ойланып, жүз толғанып, барып қағазға түсіретіні байқалады. Сыншы ретінде Әмина байқағыш талғам таразысы да әріптестерінің көбінен озық. Ең бастысы Кеңестік кезеңде қазақ ақындары анадан үйренді, мынадан үйренді  деген көбіне дәлел дәйексіз тықпаланып оқырманды мезі қылатын жалаң пайымдаудан таза. Әр ақынның жетістігін де, кемшілігінде өз қазанында қайнатады.
    Өз үнін өзіндік менін қатардағы оқырманның танып білуіне үлес қосады. Әлгі Кеңестік кезеңде сынға көңіл толмай. Әлденені аңсай күткеніміз осы болды ма екен. Қазақтың әдеби тіл тануына ешкімнің  аласы, бересі жоқ.  Қазақы кейіпте кескінделген сын қол үшін беріп жатса, қалай қуанбассың, қалай шаттанбассың. Ал Әмина замандасымыздың «Жұлдыз», «Жамбыл» журналдарында басылған қазақ ақын, жазушыларының еңбектеріне талдауынан осыны таныдым.
 Бір сөзбен, мұз құрсаулап, қар көмкерген кеңестік кезеңнің көбесі сөгілген тұстада қазақ сынының қағанағы қарқ , сағанағы сарқ бола қоймады. Мұны ақы-н жазушылар да, қалың оқырман да күн тәртібіндегі мәселе деңгейінде сөз етісті. Ақыры, сол күнде келіп жеткендей.
  Әминә Құрманғалиқызының өз басымды қуанышқа бөлеген осы батыл қадамы біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Қостап қуаттайтындарда сын айтушыларда табылар. Алайда «Жарақат орны батырға сынбат» демекші кім недеседе сыншы Әминаның білімдарлығын , батыл ойларын жоққа шығара алмас. Бұлай дегенде Әминаның айтқанының барлығы айна -қатесіз деуден аулақпын.
  Мәселен, Әминаның «Сынның да естісі бар, есері бар» аты мақаласында  сыншыларға «Біреуге бата беріп, отырған кісі неге қателеседі» -деуі сәл артықтау сәл асығыстау айтылған сынды. Өйткені «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» тіпті қазбалай берсе классиктерденде жансақ айтылған пікір дұрыс құрылмаған сөйлем табылуы мүмкін. Өйткені ақын да жазушы да тіпті сыншы да -пенде. Ал пендеге қателесу, жаңылысу тән. Тек бұл «Сені ме» деген астарлы ойдан туып жатпаса болды да.                 
    Абай: «Асыл ерден шыққан сөз талаптыға болсын кез» демеп пе еді. Кейінгі жылдары ойлы сындары мен көрініп жүрген сыншылардың бірі Ақтөбелік Ертай Ашықбаев. Оныңда сын мақаларында қаламгерлерге деген жылылық, ең бастысы, көп сыншылар да кездесе бермейтін шынайы білгірлік байқалады. Сол сияқты төл газетімізде жарық көрген сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының «Өмірді білу және жазу» атты сын мақаласындағы «Бір қарағанда, сол өмірді жақсы білетін сияқты.
     Бірақ одан соншалықты бейхабар екендігін де аңғардық. Осы шығармада жастардың өмірі жазылды дегенмен, бүгінгі қазақ әдебиеті үшін, қазақ қоғамы үшін қаншалықты өзекті тақырып? Ол жағы белгісіз. Шығармада көркем баяндау, суреттеу, кейіпкерлердің жан дүниесіне тереңірек үңілу онша байқалмайды. Құрғақ баяндау бар. Тілдік жұтаңдықты айтпасқа болмас.»  
 Сонан соң ол Дархан Бейсенбекұлының «Қыл тұсау» романының 134-беттен тұратынын айта келіп қазіргі кезде қысқа роман жазу сәнге айналған сияқты деуі жазушы шығармасы роман деуге татымайды-ау деген көңілге күдік ұялатса «Екі айдың ішінде жазылған шығарма көтерген мәселесі мазмұн ауқымдылығы жағынан да роман деп айтуға келмейді деген Түйінің оқығанда білетіндердің роман күрделі сюжетті кесек тұлғалы әдеби шығарма деген тұжырымы ойға оралды.
   Деген мен Бағашар Тұрсынбайұлы жазушы шығармасындағы олқы  соққан тұстарды сынға ала отырып. Бәлкім «Қыл тұсау» жазушы ізденісінің бір көрінісі шығар. Бүгінгі прозасының бір деңгейі болар деген екен. Осы жолдарды оқығанда «өсетін елдің баласы  бірін-бірі батыр дейді» деген қанатты қағида ойға оралғаны.
            
             Сүлеймен Баязитов