Көне тарих жаңғырып тіл
қатқандай
Қайран баба!
Құлазып бұл күн-мекен.
Болса керек ұйқың кем, күлкің де кем.
Тарих бәрін тереңге сіңіргенмен,
Болашақтан жасыру мүмкін бе екен! –
деп ақиық ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай, туған
халқымыздың төл тарихын күні кеше ғана айы өтіп, күні батқан кеңестік қоғам, оның
ой салғыштары (идеологтары) тереңге тебе көмуге, сөйтіп жұрт назарынан
аластауға қанша тырысқанымен заман ағымында өзінікін әманда алмай тынбайтын
батыр білекті, жаужүректі болашақтан әсте жасыра алмады.
Бұл да болса жаратушы
жаббар хақтың жұмыр жер бетінде өздерін Алланың құлы, Мұхамедтің үмбеті деп
біліп, тайдай тулаған арыстан жалды тірлік теңізіне тәуекел қайығын салып,
ата-бабасынан қалған ұлтарақтай жер үшін, сол жерде өсіп-өніп жатқан елінің
еркіндігі үшін күші басым жаулармен аюша арпалысып, кейде қынадай қырылып,
кейде дұшпанына күйрете соққы беріп, әрқашанда “жаным арым садағасы” деген
ұранды ұрпағына мәңгілік өсиет еткен қасиетті қайсар халыққа меніңше тәңірдің
мейірі түскен, қарасқаны болар. Әйтеуір, тарих сахнасында не бір соқтықпалы кезеңді басынан кеше отырып,
бірде өшуге жақындап, бірде өрлеп, ат тұяғын тоздырар, құс қанатын талдырар ұлы
даланың ұрпақтарына аңыз болып тараған ұланы, қасиетті, киелі иесі ретінде
сақталып қалыпты. Тек сол халықтың ұрпаққа ұран болар ерлігі мен елдігі,
думанды жерде топ бастар серкесі, ата-баба туы желбірей көтерілген қанды
шайқастарда қол бастаған батырлары мен аузынан ақ маржаны төгілген ойшыл ақын,
жырауларын (хандар туралы сөз етудің өзі артық) бірқатар тарихшылары атағанмен
толайым жұртшылық назарына толық іліге бермеген екен.
Дәлірек айтсақ, көргеннің
көзін шұқып, айтқанның аузын қаритын адуын заманның қанды қара дауылы алдарынан
бет қаратпай соғып, мұрша бермеген. Оған Қазақ ССР-ының Ғылым баспасынан 1982
жылдан бастап жарық көрген Қазақ ССР тарихы (бес томдық) айшықты айғақ. Біз
діттеген он сегізінші ғасыр, оның ішінде Бұқар жырау жайлы деректер аталған
басылымның үшінші томынан орын алған. “Бұқардың өлең толғаулары қазақ қоғамының
патрихаттық, феодалдық үстем табының мүдделерін насихаттай қорғайды” дей келіп,
мұнан сәл төменірек “Алайда, ол қазақ даласына Россиядан келіп жатқан жаңа
прогресшіл леп пен құбылыстарды түсінбеді деп кінә артады. Мұнан әрі тек қана
өзінің күрделі де қайшылықты
творчестволық жолының ақырына қарай Бұқар Россиямен достықтың маңыздылығы
туралы қорытындыға келді” деп түйеді.
Әрине, ұстанған бағыты Қазақстанның Россияға қосылуын
сөз ету болған, соны мұрат тұтқан тарихтан бұдан артық әлде не дәметудің өзі
әбестік болар еді. Міне, сондықтан да Жамал Омаридың Қарағанды қаласында жарық
көрген “Бұқар жырау он екі тарих” атты ғылыми көркем еңбегін ғасырлар қойнауында қалған ақтандақтардың ақ сандығын
ашып, шалажансар тарихымызға аз да болсын сәуле төгіп, ортаға олжа салар ма
екен, деген үмітпен қолға алған едік.
Осы орайда кітап кейіпкері Бұқар жырау кім деген сауал
туындауы заңды. Біздіңше ең бірінші Бұқар ірі тұлға, азамат, өз елінің
патриоты. Сонан кейінгі жерде ол ел-жұртын, емірене, төгіле жырлаған жырау. Содан соңғы жерде ірі
мемелекет қайраткері, мәмлегер. Сонымен қатар асқан ойшыл, бір сөзбен, бірегей
тарихи тұлға.
Ал біз сөз еткен жоғарыдағы Қазақ ССР тарихында оның жыраулығы
ғана сөз болған. Жыраулығы демекші, сонау 1927-жылы Қызылорда қаласында “
Әдебиет тарихы” атты кітап жарық көрген екен. Оның авторы заманымыздың заңғар
жазушысы Мұхтар Әуезов еді. Бір өкініштісі ұлттық әдебиетіміздің өткен
ғасырдағы озық үлгілерін топтастырған бұл жинақ жаңа әдебиетімізді соны арнаға
бастайтын, сөйтіп әдебиет әлеміне қыруар жаңалық әкелетін асыл еңбек оқырман
қолына тимей, зиянды дүние ретінде қолданылудан шығарылып тасталды. Дегенмен
қазақтың ғылым жолына түскен зиялылары кітапханалардың жабық қорына рұқсат
алып, аталған еңбекпен жақын танысуға мүмкіндік алғандығы байқалады. Бір сөзбен
Бұқар жырау әдебиет тарихындағы өзінің кәделі орнын әлдеқашан-ақ, тіпті
төңкерістің алғашқы онжылдығында-ақ (оның қай деңгейде болғанын сөз етіп
жатпадық) ойып алған еді.
Ал кітап авторы Омари болса біз жоғарыда келтіріп
айтқан Бұқар жыраудың қасиеттері төңірегінде ой толғап, біршама өзіндік
пікірлер айтқан. Оның он сегізінші ғасыр қазақ халқы үшін өзгеше есте
қаларлықтай уақыт деген түйінімен толық келісуге болады. Бұл ғасыр қазақ
халқына Бұқар жырау, қаз дауысты Қазбек, Төле би, Әйтеке би сияқты дара
даналарын, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, Малайсары, Шақшақ ұлы
Жәнібек, Абылайхандай тарихи тұлғаларды өмірге әкелген ғасыр.
Ал сол ғасырдың
төл перзенті Бұқар жыраудың азамат, қайраткер, жырау болып қалыптасу кезеңін
автор оның Көкілташ сияқты шығыстың дүниеде теңдесі жоқ медресесінен білім алуы, оның ана тілімен
қатар араб, парсы тілдерін жетік біліп шығуы, Иранның жеті пірі атанған
ақындарының өлеңдерін оқып, оның ішінде қожа Хафиздің ғазелдерін жатқа біліп,
келістіре айтуы, сонан кейінгі жерде Түркістандағы Қарнақ медресесіне мүдәріс
болып орналасып, шәкірт оқытуын сөз ете отырып, Бұқардың өсу, өрлеу, қалыптасу
жолдарын асқан ұстамдылықпен, білгірлікпен жеткізе білген.
Сонымен қатар жас
жырауға Олжабай батыр бастаған төртуыл елінің жақсы жайсандары мен хан ордасына
келуі, сонда Ресеймен елші алмасу ісінде шешімін таппаған мәселенің түйініне жету үшін келген Ресей елшілігінің
өкілдерін ӘзТәукенің ордасында көруі, бұл оның елдің саяси өміріне алғаш
араласуы еді. Автор осы арада “көре көре көсем, сөйлей сөйлей шешен боласың”
деген идеясын алға тарта отырып, Бұқарды ұстараның жүзіндей қылпылдаған
саясаттың қыл көпірінен жол таба білген Әзтәуке хан мен оған Ресейдей ұлы елдің
атынан азу тісін ақситып, айбат танытып отырған Скибин мен Трощиннің
кездесуінің куәгері етеді.
Осы бір қиын-қыстау кезеңде Әзтәукенің жол тауып,
билікті ел жақсыларына беріп, Ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты
Қазбекті, Кіші жүзден Әйтеке биді Төле би сайлауы үш ұлы бидің кеңесі мәселені
ұзын арқан, кең тұсауға салмай, қолдағы Ресей тұтқындарын өз елдеріне жіберіп,
тек аманат ретінде А.Неприпасовты алып қалу жөнінде ұйғарым жасауы қазақ
билерінің даналығы ғана емес, елдің біртұтастығын сақтап, қандай қиын-қыстау
жағдайда сол елдің мүддесін қорғауға әзір тіпті, сол мақсат жолында аузынан ақ
жалын төгіліп тұрған Ресей сияқты алып арыстаннан да айбынбайтындықтарын алты
алашқа әйгіленгендей еді.
Бұл Бұқар жырау өткен мәмлегерлік мектептің алғашқы
сана ашар сабағы, келешекте санатқа қосылуына да өзіндік ықпалы болған болар.
Содан соңғы жерде бұл мектептің тәлім-тәрбиесі Бұқар үшін жалғасып кете барған.
Мұны автор бағамдап қана қоймай, келісті баяндайды. Бұқардың хан ордасында
сынға түсуі, Әзтәукенің жеті жарғысын қабылдауға атсалысуы, қаз дауысты
Қазбекпен сапарлас, сырлас болуы Бұқардың қайраткер ретіндегі қалыптасу кезеңі
дерлік.
Сонымен қатар Жамал Омарұлы Бұқар жыраудың мектебінің
бастау көзі, қайнар бұлағына да шама-шарқынша барлау жасаған. Иә, оның Қожа
Хафиздің ғазелдерімен қатар Қожа Ахмет Яссауи мұрасын, Асан Қайғы, Шалкиіз
толғауларына тағы да басқа ертеде өткен сөз сүлейлерінің шығармаларына назар
аударып, халқының қанатты сөздерін
жаттап өсуі, сонымен қатар ұлы дала көшпенділерінің салт-санасын тал бойына
қапысыз сіңіріп, нәр алуын баса көрсеткен. Халық басына күн туған ақтабан
шұбырынды, алқакөл сұлама...Абылай мен Шарштың жекпе жегі...Қазақ мерейін үстем
қылған Аңырақай шайқасы...Бұқар жыраудың халық қасіретін терең ұғынуына ықпал
етіп қана қоймай, жыраудың шабытының көзін ашып, көңілін тасытқан еді.
Жыраудың жыраулық шабыты демекші, осы орайда Мұқаңа
Мұхтар Әуезовтың жоғарыда айтылған “Әдебиет тарихына” тағы да бір қайта оралып,
зер салалықшы. “...Сондықтан Бұқардың толғауында екі түрлі күй сарын бар.
Біреуі жоғарыда айтқан шарт, әлеумет қамын сөйлеу, екіншісі сол жайлы
сөйлегенде мұң-зармен, арманмен сөйлеу.
Қайғылы пішін, қаралы халмен күңіреніп
сөйлеу. Бұл сарын көрер көзге бола қолдан жасап алған сарын емес, сол заманның
дерті улаған ақынның жүрегінен қайнап шыққан шын жалын, шын қайғы” деген екен.
Жыраудың сондай жырларының бірі меніңше “Абылайхан қасында” деп аталатын әйгілі
жыры. Жырау мұнда “Қазақ ССР тарихында” жазғандай творчестволық жолының ақырына
қарай емес, орыс қазақ шиеленісінің ширыққан тұсында ордадағы мәжіліске
қатысушылар екі бөлініп, бір жағы “қыл құйрық” деп ту көтеріп, шекарадағы
бекініс атаулының күлін көкке ұшыруды ұсынып, екінші жағы Ресей қуатынан
сескеніп, белгілі бір шешімге келе алмай толқыған тұста өмірге келген жыр бұл.
Осы жырда Бұқар жырау мәмлегер, Бұқар жырау көреген, Бұқар жырау ойшыл
“менмұндалап” тұрғандай. Сол сияқты “Ал тілімді алмасаң” жыры да қазақ қолының
алда тұрған жорығына байланысты өмірге келген. Осы жырда жырау Абылайға айтарын
айта келіп, “Сен қанжығалы Бөгенбай тақымың кеппес ұры едің, түн қатып және жүр
едің, Қабанбайдан бұрын найзаңды қашан жауға тіредің” деп назалана сауал тастайды.
Осыдан-ақ қара қылды қақжарған жырау әділдігі айқын аңғарылмай ма?
Ал Жамал Омари өзінің еңбегінде Бұқар жыраудың
жоғарыда айтылған қасиеттерін жарқырата аша түсу үшін ол өмір сүрген дәуірмен
шектеліп қалмай, Бұқар жырау заманынан төрт мың жыл бұрынғы көне тарихтан,
сонан кейінгі жерде Бұқар заманындағы қазақ хандарының Ресеймен, Парсымен
қатысы, Жоңғар, Қалмақ, Қытайлармен араласуы, аталған елдердің сол кездегі
жалпы тарихынан келтірілген деректер шығарманың тарихи мәнін тереңдеп қана
қоймай, Бұқар жыраудың қазақ тарихынан алар орнын айшықтай, анықтай түседі. Сол
үшін автор аталған елдердің тарихына барлау жасаумен қатар қазақ халқының
шежіресі мен аңыздарын Бұқар жырау, Үмбетей, тағы да басқа жыраулардың
шығармаларын шебер пайдалана білген. Бір сүйсінерлігі – Жамал Омарұлы
Артықбаевтің ой түйіні дәлелді, тілі кестелі, көркем. Мұның өзі шығарма бағасын
арттыра түсірері сөзсіз.
Осы орайда белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев ағамыз өткен
жылдар дересінде мерзімді баспасөз тілшісіне берген сұхбаттарының бірінде “Қазақ
тарихын жазу оңай болмай тұр” дегені ойға оралады. Өйткені, деректердің көбі
Ресей, Қытай архивтерінде, оларды қолға түсірген күннің өзінде ресейдегісі орыс
тарихшыларының, қытайдағысы қытай тарихшыларының өз елдерінің мүддесі
тұрғысында жинақталған деректері деген еді.
Ал біздіңше, тарих белгілі бір елдің, не болмаса
қоғамдық құрылыстың ығына жығылып,
ықпалында болуға тиіс емес. Әттегені, әзірше олай болмай тұр. Ол
Әбілқайыр ханға күні кеше және бүгін беріліп жатқан бағалардан айқын
аңғарылатындай. Жоғарыда сөз болған “Қазақ ССР-ының тарихында”, одан кейінгі жерде Қазақстанның
Ресейге қосылуына 250 жыл толуы турасында мерзімі баспасөз Әбілқайырды қазақ
халқының ұлы тұлғалы көсемі, ханы ретінде көрсеткен еді.
Республикамыз егемендігін алғаннан бергі тұста газет,
журналдарда, сол сияқты Жамал Омаридың өзіміз сөз етіп отырған шығармасында
бұған қарама-қарсы пікір айтылған. Біздіңше өмірі қайшылыққа толы Әбілқайыр
сияқты ханды тарих таразысына салып, әділ бағасын беру келешектің ісі. Өйткені,
Ресейге қосылу қазақ халқының қолын ұшпаққа жеткізді деуге де, не болмаса қазақ
елі Әбілқайыр ханның ықпалымен орыс боданы болып қылбырауға түсті, қырылып,
жойылды, ел ретінде өсіп-өркендеуден, мәдени дамудан тіптен артта қалды деу
біржақты пікір болар еді. “Бір жұмақтың бір тозағы бар” дегендей Ресейге бодан
болудың қазақ халқы үшін қайғылы, қасіретті тұстарымен қатар сәулелі, тіпті
шуақты шағы да болуы ықтимал ғой, соның ағын ақ, қарасын қара деп тарихи
тұрғыда саралай келіп, Әбілқайыр сияқты дара тұлғаның әділ бағасы берілсе...
Өзге өркениетті елдердей қазақ халқы да өзінің
толыққанды тарихына ие болар ұлы күн де алыс емес шығар. Сол игілікті істің
алғашқы қарлығашы, хабаршысындай болған Жамал Омаридың “Бұқар жырау” кітабының
беттерін міне осындай сеніммен жаптым.
Сүлеймен Баязитов
1996 жыл.