Аласармаған алып
немесе Бұқар жырау жайлы бірер сөз
Аласармаған алып
немесе Бұқар жырау жайлы бірер сөз
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының артында қалдырған мол мұрасы кітап болып қолға
тиген соңғы жылдары ұлттық әдеби қазынамыз кемелденіп, молыға түскендей. Әсте
есте жоқ ескі заманнан сыр суыртпақтап, сөз қозғайтын Мәшекеңнің Бұқар жыраудың
жырының бар болғаны (1200 жол шамасында)
бір тамшысын шашау шығармай ел аузынан жинап жазып алып, бүгінгі күнге
жеткізгені белгілі.
Ал бұл жөнінде Мәшекеңнің “Бұл кісінің
сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюптың сабыры...Аплотонның ақылы
керек” дегенін оқығанда Бұқар бабамыздың әдебиетіміздің алып шыңы екендігіне
тағы да бір көз жеткізгендей едік. Сөйтіп, Бұқарекеңнің кәусәр жырларын құныға
оқып, қызыға танысу Мәшекеңнің жаңағы сөздерінен кейін мен үшін қайта басталып
қана қоймай, Бұқардың жыр әлемінің көкжиегі онан әрі кеңейіп, түпсіз тереңіне
бойлауға бастағандай еді. Сол екі ортада қазақ ғалымдарының ізденістерінің
нәтижесінде Бұқар жыраудың шекара асып, Қытай өтіп кеткен жырлары табылған.
Сөйтіп жырау мұрасы бұрынғысынан да біршама толыға түскен.
Қоғамдағы оң өзгерістер, өткенімізге ой
көзімен қарауға мүмкіндік тууы ғасырлар қойнауынан күні бүгінге дауыстары талып
жеткен ата-баба мұрасына жұрттың қызығушылығын еселеп арттырғандай. Енді
Бұқарекең жайлы мақалалар, мерзімді баспасөз беттерінде көріне бастады. Бізге
ой салып, қолға қалам алдыртып отырған да Бұқарекең шығармашылығы жайлы
жазылған сондай мақалалардың бірі.
Ол қазірде оқырмандардың іздеп жүріп
оқитын сүйікті басылымдарының біріне айналған. Ақмола қаласынан шығатын
“Сарыарқа” журналының үстіміздегі жылы 4 санында жарық көрген Ақмола аймақтық
университетінің оқытушылары Б.Х. Құсайынов пен Е.Ә. Шахановтардың “Абылайдың
арманы – ел мүддесі” атты мақаласы еді: Мақала авторлары Бұқардың Абылай ханның
көңілін сұрай келгенде айтқан:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай, -
Деген
барлы-жоғы бес жолдан тұратын жырының төңірегінде “дарқан даланың қос
данасының” өзара диалогтарын келтіре отырып ой өрбіткен.
Мақала авторлары заманы бір екі қоғам
қайраткерінің сөз алмасуында терең философиялық ой, толғау, алға қойылған зор, мақсат, мүдде жатыр деп біледі. Сонымен қатар “шағын
мақалада диалогтың қырысырын ашып көрсетеміз деген ойдан аулақпыз, мақсатымыз
көңілімізде жүрген кейбір ойларды ортаға салу”, деп ағынан жарылады.
Бірден айта кету керек, мақала
авторлары өздерінің көңілдерінде жүрген көрікті ойларын келісті тіл кестесімен
өрнектеп, сол дәуірдің тыныс, тіршілігіне сәйкес бере білген. Бұқарекеңнің “Үш
жүзден үш кісі құрбан қылсам, сонда қалар ма екен қайран жаның-ай” деуін авторлар бұрыннан қалыптасқан дәстүрдің
жалғасы деп, Шалкигіздің жырын мысалға келтіреді, сөйтіп өз ойларын
нақтыландыра дәйектей түседі.
Сонымен қатар Бұқардың Абылай ханға
арнаған басқа да арнау сөздерін талдау барысында авторлар ізденісінің куәсі
боласыз.
Дегенмен, “Бұқар жырау көп жағдайда
рудың тұтастығын сақтауды өзіне міндет етіп, Абылайды ақсақалдық дәстүрге сай
келмейді-ау деген кездерде аяусыз қатты сынға алып отырған” деген жолдарды
оқығанда біршама ойға қалған едік. Оның басты себептерінің бірі – аталған
мақалада ру сөзінің жиі кездесуінде еді. Ал осы ру сөзінің түп-тамырына үңіліп,
зерделейтін болсақ, Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясының бірінші томының 409-шы
бетінде:
“Ру – алғашқы қауымның экономикалық
әлеуметтік негізі ұясы. Арғы тегі бір әкеден, немесе бір шешеден тараған
туыстардың тобы” делінген.
Біз бұл арада қазақ хандығының іргесі
ХV-ші ғасырда бекінгенімен, феодалдық-патриархалдық қоғам құрылысында рулардың
ерекше роль атқарғандығын, ақсақалдар
заманының әлі де қаймағының толық бұзыла қоймағандығын жоққа шығарудан
аулақпыз, дегенмен Абылай хан тектес арысымыз, Бұқар жырау сынды көмекей
әулиеміз туралы сөз қозғай отырып, олардың бірін бар болғаны рудың тұтастығын сақтауды аңсаушы, ал екіншісін
ақсақалдық тұрғыда көрсетуге тырысу қалай десек те қөңілге қона қояр ма екен.
Өйткені, Абылай таққа отырған кезеңде қазақ хандығы деген ұғымның біршама
нығайып, үш жүздің басы біріккен тұс қой. Міне сондықтан да Бұқар жыраудың
рудың емес, елдің тұтастығын аңсауы, Абылайдың қатардағы ақсақалдың бірі емес,
қазақтың ұлы ханы ретінде көрініс
тапқаны, олардың аузынан шыққан әр аталы сөз осы тұрғыда талданып, бағаланған
жөн болар ма еді. Ал Бұқар жыраудың Абылайды кей тұста аяусыз сынға алатынына
келсек, оның мемлекет басқарудағы әдіс-тәсілі, іс-әрекеті күткендей нәтиже
бермей, жыраудың көңілінен шықпай қалуынан деп білген жөн болар. Ұлы жырау оны
сол үшін де аямай сынға алған ғой. Ал Абылайдың ерлігін, дархандығын сөз
еткенде “Абылайдың өз басын ру мұратына үлгі болар сай інісі ретінде” көрсетеді деуден гөрі
Абылайдың хан ретіндегі халқының қамқоры, үлкен саясаткер, ұлы қайраткер
ретіндегі бейнесін сомдаған деу қисынды емес пе.
...Көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар
Мағауин өзінің “Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет” атты кітабында XVIII-ші
ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға “Бұқар жырау” деген пікір айтады. Сонымен
қатар ол көне қазақ әдебиеті өкілдерінің ешқайсысының творчествосында өзі өмір
сүрген заман келбеті дәл Бұқардағыдай
бар бедерімен суретке түсірілмеген, деп атап көрсетеді. Мұхтар Мағауиннің
пайымдауынша Бұқар жыраудың әдебиетті бүгінгі өреге жеткізуге белгілі үлесі
бар. Көңілге мақтаныш ұялатып, көз қуантып, сан-алуан ойларға бастайтын
Бұқарекең жайлы осы бір қара қылды қақ жарған, мейлінше әділ пікірдің күні
кешегі сапты аяқтан ас ішкізіп, сабынан қарауыл қаратқан кеңестік идеологияның
өрттей алаулап, бет қаратпай өзіндік пікір білдірген жанның аузын қарудан да
айбынбайтын шағында айтылып, жазылған.
Мұқаңның Бұқар жырау жайлы ғана емес,
Абылай ханды да өз заманының теңдесі жоқ заңғары, халқымыздың біртуар ұлы
ретінде көрсетуі жазушы ғалым азаматтың ерлігіне тәнті етумен қатар Бұқар жырау
жайлы айтылар сөзге деген жауапкершілігімізді еселеп арттыра түсетіндей...
Кезінде көрнекті ғалым Қажым Жұмалиев
ағамыз ел бірлігін жырлау Бұқар өлеңдеріндегі негізгі мәселенің бірі деген
екен. Біз енді осы Қажекең негізгі мәселенің бірі деген Бұқарекеңнің ел бірлігі
жайлы толғаған бір-екі жырына тоқтала кетейік:
Бұқарекең “Абылай ханның қасында”
атты өлеңінде:
Бұқарекең жырлайды,
Жырлағанда не дейді.
Соғыспа деп жырлайды,
Бұқарекең деген кәріңіз,
Соғыста кетер сәніңіз, -
деп төгіле, төкпелете келіп қанды қырғыннан аман
қалудың бірден-бір дұрыс жолы қоныс аударып, Жиделібайсынға жету деп біледі.
Сонымен қатар Бұқарекеңнің ағайын арасының татулығына да қатты қам жегені:
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін, -
Деп тебірене толғауынан айқын көрінеді. Осы тұста айта
кетер бір жай – аталған жырдың “ Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін” деген
жолдары Бұқар жыраудан әлдеқайда бұрын өмір сүрген Асанқайғы (Хасан) Сәбитұлының жырында да кездеседі. Мұнан әрі Асанқайғы:
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа –
десе, Бұқарекең:
Қылмаңдар жанжал, ерегес,
Бұл қылықты қоймасаң,
Құдайдың бергеніне тоймасаң,
Ағаш үйде кәуір бар,
Көресің содан
теперіш, -
деп алланың бергенін қанағат етуге шақырып, ағайын
арасының бүтіндігіне мүдделік танытады.
Сол сияқты ағайын арасындағы татулық, бірлік бүлініп
жарылмай өмір сүру идеясы Бұқарекеңнің “Ал, тілімді алмасаң” атты өленіңде онан
әрі тереңдеп жаңаша бір сипатқа ие болады.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма.
Орыспенен соғысып,
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба, -
дейді жырау.
Міне, осы жыр жолдарынан
ел іргесінің бүтіндігі, тыныштық оның өмірлік басты кредосы болғанын айқын
түсінеміз.
Қанды қырғын соғыс алапаты
дүниені дүр сілкіндіріп, бір елдің жерін, байлығын, екінші – ел басып алып
бағындыру арқылы өрісін кеңейтіп, байлығын арттыруға мүдделі болған, яғни соғыс
мемлекеттік саясатқа айналған сонау ғасырда соғысқа қарсы үн көтеру, туған халқының мұратын
бәрінен де жоғары қоя білген Бұқар жырау сынды санаулы ғана мемлекет
қайраткерінің еншісіне тиген бармақтай бақ шығар. Олай дейтініміз XVIII-ші ғасыр
түгіл жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында соғысқа қарсы үн көтерушілер
кемде-кем болған ғой.
Осы орайда Бұқарекеңнің
өзге жырларын былай қойып, соғысқа қарсы үн көтерген қолда бар бірер жыры
әлемнің өркениетті елдерінің тілдеріне дер кезінде дұрыс аударылған болса,
әлдеқашан-ақ Бұқарекең дүние жүзілік деңгейдегі озық ойлы данышпандармен үзеңгі
қағыстырған болар ма еді деген ойға қаласың. Өкінішке орай Бұқар жыраудың
соғысқа қарсы көтерген үні күні бүгінге әлемдегі өркениетті елдердің зиялы
қауымының көзінен тасада қалып келеді. Ал қазақ зиялылары болса, мұны бар
болғаны Абылай ханға айтылған сын-ескертпе, тежеу деп қарастырудан аса алмай келе жатқандай.
Шынтуайтына келгенде “Жұртыңа жаулық сағынба” – деген жалғыз ауыз сөздің өзі
төрткүл дүниені мекендеген адал ниетті адамзат баласына көпті көрген көне
жыраудың өтініші, тілегі, сақтандыруы десе де болғандай емес пе? Міне, сондықтан
да Бұқар жырау Қалқаманұлының жырларын өркениетті елдердің тілдеріне өз мәнінде
аударып жеткізу бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі деп білемін.
Не бір қысталаң замандарды
басынан өткеріп, күні бүгінгі еліміздің егемендік алған тұсына аман жеткен
Бұқар жырау жырлары біздерден, ұрпақтарынан осыны күтетіндей.
Сүлеймен Баязитов