ҚАРЛЫҒАШТАЙ СУ СЕПКЕН...
Павлодар қаласында өтетін жас
жазушылардың республикалық аймақтық семинар-кеңесіне Баяннан келген ақын
Төлеген Мұқаев екеуміз ат басын сол кездегі облыстық “Қызыл ту” газетіне
тіредік. Мұндағылар ертеңге болатын семинарға жер-жерлерден келген ақын,
жазушылардың шығармаларынан бет әзірлеу үстінде екен.
Газеттің сол кездегі жауапты
хатшысы Бақи Әбдіқадыров бізді көрген бетте: “Төлегеннің өлеңдері газетке
таяуда жарияланды. Ал сен өлеңдеріңді әкел, ертеңгі нөмірге саламыз”, - деді.
Іле қарамағында істейтін Өскенбай
Тастемхановты шақырып алып: “Мынаны машинкаға бастырып, шыққалы жатқан нөмерге
салғыз”, - деп нығарлады. Тіпті менің
қолжазбамның бұрышына “срочно!” деп белгі соқты. (Бақи ағаның қолтаңбасы түскен
сол қағаз бүгінге дейін менде сақтаулы)...
Ал семинар - кеңеске Олжас
Сүлейменов, Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев, Сәтімжан Санбаев, Бердібек
Соқпақбаев, Аманжол Шәмкенов, Қабдеш Жүмаділов, Жапар Өмірбеков сынды алды
әлем, арты одақ, республика оқырмандарына есімдері етене таныс ақын,
жазушылардың келуі көп жайды айқындап, оған қаншылықты маңыз беріліп, назар
аударылғаның аңғартса керек. Облыстық, қалалық партия, кеңес, комсомол
органдарында қызмет істейтін басшы, қосшылар семинар-кеңеске келген ақын,
жазушыларды аэропорттан қаздай тізіліп қарсы алған.
Біз бөлінген топты Қалижан
Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев басқаратынын естігенде жүрегім алып-ұшып өзімді
қоярға жер таппадым. Барлы-жоғы ірілі-кішілі бес-алты өлеңімді қайта-қайта
қайталап оқып, пысықтаумен болдым.
...Әлдекім есік қақты. Келіп
тұрған сол кезде “Қызыл ту” газетінде қызмет істейтін, қазірде белгілі
журналист Сәлімбай Ермұратов еді.
-Төлеген екеуіңді Бақи
Әбдікадыров аға іздеп жатыр, тез жетіңдер, - деді ол.
Есіктен именшектей енген бізге
Бақи аға: “Келіңдер, бері келіңдер. Мына қағазға қол қойыңдар”, - деді ол стол
үстінде жатқан қағазды иегімен нұсқап. Біз қағазға қол қойған тұста пайда бола
қалған есеп қызметкері Төлеген екеуміздің әрқайсымызға бірталай ақшаны санап
беріп, шығып кетті.
-Аға, мына ақшаны... қашан...қайтару...
-Жоқ, қайтарудың қажеті жоқ.
Бастықпен келістім, көмегіміз, жүдемей жүріңдер.
Семинар-кеңеске қатысушылардың
қолында жүрген “Қызыл ту” газетін көргенде өзімнен-өзім бір-түрлі қысылып сала
бердім. Әлде кімдер “Осы да өлең бе? Бұл не сандырақ дейтіндер” көрінген.
Сондықтан да болар әлде кім
“Мынау сенің өлеңің бе дегенде селк ете түстім”. Құттықтаймын осы бір жанға
жағымды жылы лебіз семинар-кеңес басталғанша әлденеше рет қайталанса да, көңіл
шіркін күпті еді. Біздің топқа бөлінгендердің арасында сол кездің өзінде
бірлі-екілі кітаптің авторлары атанған Ақылбек Шаяхметов, Төлеген Қажыбаев,
Нағашыбай Мұқатов, тіпті біз жазушылар одағының мүшесі де бар еді.
Қалағаң (атын ұмыттым)
“комбинезон” атты өлеңін оқи бастаған агроном ақынды өлеңінің екінші шумағын
оқытпай тоқтатты. Осы көрініс бұдан соң да бір-екі рет қайталанды. Тірі ақынды
тумысында тұңғыш рет көріп отырған мен сияқты пақырға бәсекенің қаншалықты қиын
болғанын осыдан-ақ бағамдай берерсіз. Дегенмен “шешінген судан тайынбас” деген
емес пе?! Жұрттың соңын ала есімім аталған т ұста манадан атқақтай соққан жүрек
шіркін дауылдан кейінгі теңіздей бір сәтке тыншып сала берген.
Бәлкім, бұған
Бақи ағаның бізді шығарып салып тұрып: “Жасқанбаңдар, сендер ешкімнен кем
емессіңдер”, - деген сенімі себепші болды ма екен?! Оны енді кім білсін.
Әйтеуір сүрінбей, жығылмай өттім. “Қазақ әдебиеті” газеті республиканың он
облысынан семинар-кеңеске қатысқан сексенге жуық жас ақын, жазушылардың он
шақтысының бір-бір өлеңін іріктеп басты. Солардың арасында Төлеген де, мен де
бар едім.
...Жарық дүниені “Жаңа қазақтар”
билеп-төстеп, әдебиет пен өнерді былай қойып, ақыл-парасатты, ар-намысты АҚШ
доллары мен өзіміздің төл теңгеміз ерттемей мініп, рухани құндылықтың құны
құлдырап, басынан бағы тайған тұста кейбір қалталылардың ықпалындағы “саудың
асын ішіп, аурудың сөзін сөйлейтін” оппозициялық сары газеттерде көркемдігі сын
көтермейтін кейбір ақынсымақтардың сары уайымға толы сандырақтары жариялана
бастады. Кім не айтып, не жазса да еркі ғой.
Дегенмен “Қазақстан құрыды”, “Ұлттық
намысымыз аяққа тапталды”, “Екі шенеуніктің бірі ұры-қары, қанішер, қанды балақ
қарақшы”, “Депутаттыққа кандидаттар – қорқау қасқырлар”, - деген
ой-пікірлерін оқығанда жұмсартып айтқанда бетіңнен отың шығады екен. Өйткені,
бұл біріншіден “жаптым жала, жақтым күйе” ғой. Екіншіден, қара мақаланың өзегі
боларлық қана жайды өлеңге тықпалаудың қажеті қанша? Алар асу, шығар шыңым биік
болсын, деген талапкер еліміздің өксікті өткенін өзегі өртене, бүгінгі
тәуелсіздігін төгіле, тебірене, ертеңін үміт шуағына шомылдыра жырлауы қажет
сынды. Сонда ғана жыр шоқтығы биіктемек.
Қой, негізгі ой арнасына ат басын
бұралық. Облысымызда (соның ішінде Баян жерінде де) өлеңді құдірет деп ұғатын, шынтуайтында жаратушы Жаббар Хақтың
жарылғауына ие болып, жүрегіне жыр шоғы түсіп, ақын ағамыз Қадыр Мырза-әліше
айтсақ “оттай маздаған” талантты жас ақындар саусақпен санарлық болса да бар
екені талассыз. Солардың кейбірінің, әсіресе, Баян тумасы Жанар Қадырованың
өлеңдерін оқығанда бізге қарағанда дүние танымының, алымының, шалымының
кеңдігіне қуанасың.
Сөйте тұра, жыр жолына үлкен үміт, асау да арналы
арнамен бет түзеген осы сынды жастардың жырдың асау пэгасын ауыздықтап, жалын
тартқан сәтінде алғадаусыз көңілден қолтығынан демейтін, желеп-жебейтін жандар
болса ғой, деген тілек еріксіз оралады. Жыр жолында “бір жығылып, бір тұрған”
жаутаң көз жастық шағымызда шығармашылық жолымызға “қарлығаштай су сепкен
қанатымен” Бақи аға еске түседі.Сүлеймен Баязитов