Беу, дүние-
ай!
Баянауыл шаһарының бас көшесінде журналист
Сапар өзінің зайыбы мен көрші әйелдің ортасында келе жатты. Екі әйел
әлдекімдердің киген киімдері мен мінген машиналарын бірімен-бірі жарыса
әңгімелеп келеді. Олардың айтыстарына қарағанда, Баян өңірінде өздері әңгіме
етіп келе жатқан адамдардың әйелдерінен бақытты да бай да адамдар жоқ сияқты. Екеуі ара-тұра
өздерінің қоңылтақ өмірлеріне де соғып
өтеді. «Бізді қойшы»,- дейді жарыса.- Бай да емес, жай да емес , әрі-
сәрі күй кешіп жатырмыз ғой. Сол сәт Әсия:
- Ойбай, ана кісіні қара!- деп әңгіме
арқауын үзіп жіберді. Сол- ақ екен екеуі Сапарды қаға-маға бір бүйірден өтіп
бара жатқан әйелге қарай құстай ұшты. Сапар бұл кім болды екен, әлгі әңгіме
қылып келе жатқан байлардың әйелдерінің бірі ме екен деген оймен бұлар емен-
жарқын амандасып жатқан әйелге көз тастаған. Киімі жөнең орта жастағы әйел еді.
Әлгі әйелмен әлденеге келісіп, өзіне қарай беттеген әйелдерге аңтарыла қараған.
-Бұл кісі шыны қабылдайтын Дәкен апай ғой,
үйдегі біраз шыныны өткізуге келістік,- десті. Арада бірер күн өткеннен соң,
тағы да олар көшеде келе жатты. Дәкен апай бұларға қарсы ұшырасты.Өткен
жолғыдай белсенділікті көре алмаған Сапар байқамай қалды ма деген оймен: «Өй,
Дәкен апаларың...» - деген еді. Аналар бұған аңтарыла қарап: «Бұл кісі
қызметінен шығып қалған, естіген жоқ па едің?!»- деді жарыса.
Сапар: « Беу, дүние- ай! Сәлемнің өзі
сатулы болған заман- ай!»- деп жеңіл күрсінген.