Есте қаларлық естелік


“Өз халқының даңқты қызы” атты елімізге кең танымал қоғам қайраткері  Алма Мұқанқызы Әжібаева туралы естелік жинақтың қолыма түскеніне де бірталай уақыт болды. Парақтап шығып: “е, не айта қойды дейсің...Баяғы бір сарын... Жақсы адам еді, дегеннен әрі асып кейіпкердің жан дүниесін жарқырата ашып, жайып салған қайсы бар дейсің”,- деген ой кегежеден кері тартып, зер салып оқи қоймағам.
Күндердің күнінде бір танысымның аталған кітаптың ішінен іліп алар ештеңе таппадым деген сөзі “расында да солай ма?” деген сауалға жауап іздетіп, кітапты қолға алдырған. Оған өкінбеймін. Өзім көптен білетін қазақтың намысшыл, қазақ мәселесі дегенде жайнап жатқан шоқты ойланбай басып, ұлтының мүддесі жолында басын “оққа байлаудан” тайынбайтын ер жүрек қаламгер қарындасым Ғалия Құсайынқызы Балтабайды жаңа бір қырынан танығандай болдым. Қатты қуандым. Іле өзіне телефон шалып, қайырлы болсын айттым.
Бір сапарға осы да  жетер деп түйген едім. Арада біршама уақыт өтті. Ақыр соңында қолға қалам алып, осы бір естелік кітаптың ауыр жүгін “алқынбай” көтеріп тұрған Ғалияның “Жомарт жүректі адам” атты естелігі, оның осы кітапта жарияланған естеліктерден ерекшелігі туралы баспасөз бетінде оқырмандармен ой бөлісуді жөн көрдім.
Аталған жинаққа қазақ, орыс тілдерінде 20-ға тарта авторлардың естеліктері топтастырылып берілген екен. Олардың көпшілігі – қаламы жүйрік журналистер. Кейіпкерлері – кезінде Павлодар облыстық партия комитетінің хатшысы, дипломат, журналист, профессор, ғылым кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Алма Мұқанқызы Әжібаева. “Жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай жүгірер” демекші жұртқа, оның ішінде Ертістің Павлодар өңірін мекендеген елге жақсы танымал тұлға туралы қалам тербеп, ой қозғаған олардың, қарым-қабілеттері де әрқилы. Анасы анадай, мынасы мынадай деп жатудың реті болмас.
Ал олардың арасында Ғалияның шоқтығын дараландырып тұрған бірер жайға назар аударған едім. Оның ең бастысы Ғалия Құсайынқызы өзгелердей кейіпкеріне сырттай сипаттама беріп,  дәлелсіз сұқтана бермейді.
Нақтылы өмірлік дерекке, кейіпкерінің іс-әрекетіне жүгінеді. Мәселен, 1988 жылы республикалық теледидарда “Қазақ театры өртенсе де, өнер өртенген жоқ қой” деген тақырыпта мәселе көтерген тележурналист Ғалия Құсайынқызына естелік кейіпкері Алма Мұқанқызы “... Мен сені қатты түсінем, қолдаймын, бірақ мына алпауыттарды көндіру қиын, кішкене шыдайық” деуі, одан кейінгі жерде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю. Мещеряковты мүдделі ісіне көндіруі, кейіпкердің азаматтық бейнесін, іскерлігін, мәмілегерлігін танытатын детальдар ғой.
Ғалия Құсайынқызы “Алма Мұқанқызы білдіртпей жүріп, көп мәселені тындыратын” дейді. Оның бұл сөзі де бұлтартпас дәлелдерге негізделген. Сол өткен жылдарда қалалар мен аудандарда бірталай қазақтың қыз-келіншектерінің идеология хатшысы, атқару комитеттері төрағасының орынбасары болып тағайындалуы бұған айғақ. 
Қыруар істер тындырып, талайлардың өмірден өз орнын табуына көмек көрсеткен естелік кейіпкері “мен жасадым”, “менің арқамда” деген сөздерді ешқашанда айтпайтын дей келіп, Ғалия Құсайынқызы оның облыстық теледидар және радио хабарлары компаниясының төрайымы болған жылдардағы істерін ерекше жылылықпен еске алады. “Теледидарға басшы болып келгенінде, көптеген жастардың үйсіз - күйсіз жүргенін көргенде қатты қиналып, қалай көмек берерін білмеді. Он отбасына несие арқылы үй әпергенінің куәгері болдық” дейді. Осы орайда естелік жазушыға жүктелетін міндетті аз сөзбен саралай кетудің артықшылығы болмас.
 Оның ең бастысы – қара қылды қақ жарған әділдік.  Естелік кейіпкері мен арақатынасындағы орын алған жайларды бүкпесіз баяндау. Сонда ғана естелік тартымдылығы артып, шығарма шырайы келмек. Енді авторға сөз берелік “...Алма Мұқанқызы мен де осындай үй тұрмысына қажетті заттарға зәрумін, маған неге көмектеспедіңіз деген сөз болды, сен менің досымсың, әрі сіңілімсің, соны қайтесің деген-ді”.
Осы да кейіпкердің бейнесін ашуға жетіп жатыр. Осы сауал-жауап арқылы  автор Алма Мұқанқызының даусыз, жан дүниесін ашып тастайды. Бір сөзбен Ғалия Құсайынқызы зерделеп, зерттеп ой түйіндейтін, қаламы қалыптасып, тіл мәдениетін еркін меңгере бастаған қаламгер екенін танытқан.

Сүлеймен Баязитов