Қадірлі Мағзұмеке!




ШЕЖІРЕШІ МАҒЗҰМ

         Қақаған қаңтар айы. Қыр төсі. Жол бойында бір салт атты, бір шаналы адам бір-біріне қарсы келеді. Қатарласа беріп, екеуі де тізгін тартқан. Қолдасып, құшақтасып амандасқан олар әңгімеге кіріскен. Әлден соң жолаушының бірі екіншісіне – Мақа, мынау жаман бала Алланың қартайғанда берген тұяғы, - деп ат үстінде отырған мені нұсқаған. 
     Тағы бір қызым бар... Жол бойы әкем жаңағы кісі – шежіреші Мағзұм деп ол жайлы ауылға жеткенше әңгімелеумен болған.  Содан есте қалғаны Мағзұмның таңды-таңға ұрып өткен-кеткенді білгірлікпен сөз ететін шежіреші екендігі. Есейген шағымда Мағзұм туралы өзгелердің де “Мақаң нағыз шежіреші, ел тарихының білгірі еді” дегендерін талай естідім.
         Ақыры сол Мақаңның немересі Ғабдыжәлел Барханұлы Мағзұмовпен біраз жыл қызметтес, дәмдес-тұздас болдық. Алланың әмірімен Мақаң жайлы сөз қозғасақ, “атын елдің жадына оралтып, еңбектерін жариялатсақтан” әрі аспайтын.
         Иә, бірде Ғабдыжәлелдің Мақаңа Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің  қамқорлық жасағаны, тіпті қуғын-сүргінге ілікпей кетуіне себепкер болғанын айтқаны бар. Бұл туралы “Оқ қағар” атты шағын балладам “Академик Қаныш Сәтбаев жерлестерінің жадында” атты жинақта жарияланды.
         Дегенмен, ауызекі әңгімелердің Мақаң – шежіреші Мағзұм Ахметов жайлы пікір айтып, ой түюге жеткіліксіз еді. Сол олқылықтың орнын таяуда Ғабдыжәлел Барханұлы жіберген құжаттар толтырғандай еді. Қолға қалам алдырған да сол құжат-деректер. Сөзді 1960 жылы 14 наурызда Мағзұм ақсақалға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жазған хаттан бастайық. Түсінікті болу үшін хатты толық көшіріп беруді жөн көрдім.

Қадірлі Мағзұмеке!
Өзіңіз айтқан іс жөнінде тіл мен әдебиет институтына сұрау салдырып көріп едім. Ондағы жолдастар сіздің халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы еңбегіңізді жоғары бағалап отыр. 1958 жылы тапсырған бірсыпыра материалдар жөнінде есеп айырысыпсыз. Ал сол жылы тапсырған біраз  әңгімелеріңіз биыл шығатын кітапқа еніпті.
         Оған тиісті тиын-тебеніңізді таяу уақытта жібермекші болып институт уағда етті.
         Осымен бірге институттан М. Базарбаев жолдастың сізге арнаған хатын қоса жіберіп отырмын. Істің жай-жапсарын содан білуіңізге болады.
Сау - саламат болыңыз.
Сәлеммен Қаныш (қолын қойған).
14.ІІІ-60.

         Ал Қанағаңның хатымен бірге келген Мүсілім Базарбаевтың Мақаңа жазған хаты мына мазмұнда. “Академик Қ. Сәтбаев жолдастың тапсыруымен сіз айтқан материалдарды қарап өттік. Дей келіп 1955-1958 жылдар арасында тіл мен әдебиет институтының қолжазбалар қорына “Мұңлы Мариям”, “Алпамыс”, “Соқыр Абыз”, “Бұқар жырау әңгімелерінен”, “Тәттімбет туралы әңгімелер”, “Әртүрлі уақ өлеңдер”, “Садықтың сәлемі”, “Естай ақыннан” атты материалдар түскенін, тиісті ақша жіберілгенін хабарлайды.
         Хаттың мұнан арғы жолдарын қысқартпай беруді дұрыс деп есептедім.
         “Бұлардан басқа сізден жазылып алынған жұмысшы фольклорынан материалдар тіл мен әдебиет институтының баспаға даярлаған “Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары” атты жинағына енді. Бұл жинақ қазір Академия баспасында жарыққа шығу үстінде...
Мұнан әрі “Ал, сізге институт тарапынан өтініш мынау. Академия  шығаратын кейбір кітаптарда сіздің халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға сіңірген еңбегіңіз атап көрсетілді. Сондықтан алдағы уақытта да осы жұмысты қол үзіп кетпей, институтқа материалдар жіберіп тұрыңыз.

Сәлеммен Мүсілім Базарбаев
Тіл мен әдебиет институты.


Осы келтірген деректерден-ақ Мағзұм Ахметовтың халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, тапсыруда елеулі еңбек атқарғанын көруге болады. Мақаң – кеңестік кезеңде Баянауыл өңірінен, тіпті Павлодар облысынан шыққан саусақпен санарлық шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, өлкетанушылардың бірі. Сондықтан да облыс өңірінен шыққан әртүрлі өнер, шығармашылық өкілдерінің еңбектерін жинап, халыққа таныстыруда елеулі еңбек етіп отырған облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының қызметкерлері Мақаңның еңбегіне қызығушылық танытып, “Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары” жинағын таптыртып алуға мұрындық болып, басқа да еңбектерінің мұражайдан тиісті орнын алуына көмек жасайтынына сенімдіміз.

           Сүлеймен Баязитов