Жоқтау мен боқтау
Сталин... Осы тұлға туралы
айтылған, жазылған сөз көп, әлі де айтылатын сөз де, пікір де аз болмаса
керек. Әу бастан-ақ шындықтың ауылынан
сәл алшақтау қонған сол сөздер Сталин өлген жерде өтіріктің, өсектің өзегіне
айналды. Мұның қайсы ақ, қайсы қара екенін безбенге тартып әділін айтуға өрем
тар.
Білерлігім шамалы. Ол өлгенде
бар болғаны 8-9 жастағы ойын баласы едім. Сонда да әкесі өлгенде кірпігі суланбаған,
Құдайдың өзін танымайтын өзекті жаннан гөрі сол тұста ауыл қазағы арасында әрі
тіптен беймәлім осы күнгі құл темірге ұқсайтын кейбір коммунист ағалар оның
өлімін орны толмас атандарып, өзектері өртеніп өздері де жылады.
Өзге жұртты да жылатты. Хрущев
деген біреу таққа жанбасы жанасқан сәтте, Сталин қанішер жеке басына
табындырушы деп сыбап еді. Жаңағылар жарыса жамандап, оны шыққан тарихи
биігінен құлатып тынды. Оларды да қойшы ауылдағы қойшы-қолаң галошын сүйреген
кемпір-шал Сталинді жамандағанда езулерінен қара су ақтарылды. Соған қарағанда,
Сталин қадірлі кісі болмаса керек.
Әйтсе де... шындықтың шымылдығы түрілген сәтте жоқтаудың
соңын былапыт боқтауға айналдырған сол жандардың көлдей көлкіген көз жастарын,
төгілген селдей былапыт боқтауларына өз басым кеше де, бүгін де, күні ертең де
сене қоюым екіталай көлгірлік деп білемін.
Тақтан тайған күні шыншыл
Хрущевті де аяғы жасырынбай жатып Брежневті де бірін «авантюрист», бірін «тоқырау
көсемі» деп тоқпақтадық емес пе?! Ал Горбачев мырзаны «Путч» (бүлік) тақтан
тайдырдық. Осыдан кейін саясатты сайқал демегенде не дерсің?! Ал сайқалға қалай
сенерсің?!
Солар не десе соған сенетін өзіндік ойлау пайымдаудан ада сенгіш
жұртқа жаның ашиды, тіпті жылағың келеді.