Жыл мезгілдері және біз



Жыл мезгілдері және біз    

           Көктем

Қар бусанып қырдағы,
Ағыл-тегіл су ақты.
Қалмай қыстың жұрнағы,
Жетті көктем шуақты.
Көктем гүлі шашылып,
Жатты жапан түрленіп.
Көкем қырда асығып,
Алтын дәнді жүрді егіп.
           
         
    Көктемде

Таудан бұлақ сарқырап,
Желмен ойнап бал құрақ.
Айна көлдер жарқырап,
Қонады көлге бас құрап.
Аққу- қаздар кеп жеткен,
Сағынышты әнмен тербеткен,
Көлдің көркін арттырып,
Жүзеді әсем өрнектеп.
Көкке оранып бар аймақ,
Әр аулада, көшеде,
Бала біткен жүр ойнап.
Төсегендей қалы кілемді,
Жатқандай жұрт той тойлап.

            
    Жаз

Жаз қызығы көп кеткен,
Таусылмастай, сірә да.
Қоштасқалы мектеппен,
Көп қыдырдық сұрама.
Қияларға өрмелеп,
Мөлдір суға сүңгідік.
Көрік беріп жерге ерек,
Тұрды бейбіт күн күліп.

            
    Жазда

Біздің ауыл қырдағы
Отар-отар қой өрген.
Ата-аналар мұндағы:
-Мал өседі төлменен,-
Дегенді жиі айтады.
Ала жаздай күн қағып,
Төл бағады Айтәлі.
-Біледі ол мал  жайын,-
Дейді үлкен кісілер.
Мақтан тұтат кәрі- жас,
Мақтан тұтам мен- дағы
Сыныптасым парталас,
Үлгі ал одан сен- дағы.

           
         Күз

Сары ала жапырақтар-
Белгісі күз айының.
Сарғайған атыраптар
Арттырған ел байлығын.
Алқапта піскен дәнді,
Орып жүр диқан ағам.
Алтын күз қоңырауы,
«Жет» деп тұр маған, саған.
Мектепке алтын ұя
Жаз бойы бізді аңсаған.

           
       Күзде

Бақшада жұмыс басталып,
Әжем жүр өзі басқарып.
-Сен шиені тересің,
Бұтақтарды абайла!
Сынса жауап бересің.
Сен жинайсың алманы!
Маған назар салғанын.
Көргенде қатты қуандым,
Қияр жинау Қуанның.
Үлесіне тиді енді,
Алмагүл жинап алмұртты
Бәрімізге жұмыс табылды.
Екідегі Нұрлан да
Текке қарап тұрған ба.
Өзінше жинап сабылды.

          Қыс

Ақша қарда күн нұры,
Жылт-жылт етіп ойнаған.
Қыс әжемнен түн жыры,
Ертегі естіп ойланам.
Әжем айтқан ертегі,
Қызығымен есті алып.
Сабағымнан ертеңгі,
Қалдым бірде кеш қалып.

               
        Қыста

Ақша қарда шаңғымен,
Сырғанау да бір бақыт.
Асыға күтіп таңды мен,
Өтпейді екен бір уақыт.
Таң ата жарыс жолына
Шаңғышылар топталып.
Қарадым оң мен солыма,
Шығады кім топ жарып?
Деген сауал көкейді
Тескені анық расы.
Басып озу Көпейді.
Оңай емес ол басты.
Қарсыласым- жүлдегер,
Чемпионы ауданның.
Есімін оның біледі ел
Нартәуекел- зуладым.
Қара терге малшынып,
Артыма тастап талайды,
Тұғырда тұрдым алқынып.
Күн күледі төбемде,
Күн күледі арайлы.

    
                                  Сүлеймен Баязитов