"Қызметің құтты болсын ..пұшық шалым!"

       

           

      

  «Қызметің құтты болсын...пұшық шалым!»
  Бірде Күлдірдің Зейтіні үйіне бір топ адамды қонаққа шақырады. «Қонақтардың бас-аяғы жиналғанша карта ойнай тұрайық», -дейді солардың бірі. Үстел үстіне газет төселіп сартта-сұрт ойын басталып кетеді. Көп ұзамай-ақ үй иесі Зекеңнің қолы шығып, ұта бастайды. Аяқ астынан айдарынан жел есіп, көңілі көтерілген Зекең өзінің ежелгі әдетімен «Қызметің құтты болсын, пұшық шалым»,-деп әндете жөнеледі. Сөйтсе шақырған меймандардың бірінің танауы тесік екен. Құдай қас қылғанда әлгі Зекеңнің ту сыртынан келіп, қолындағы картасына көз салып тұр екен.  Жұрт ду күлгенде әлгі өз-өзінен шамданып, әйеліне:
«Киін, кетеміз»,-деп жұлынып жұрттың Зекеңнің басу сөзін құлағына да ілмей өкпелеп кетіп қалыпты.
 Көп кешікпей Зекең жаңағы кісіден кешірім өтініп, қонаққа қайта шақырады. Дастархан жайылып, дәм алдарына келген жаңағы:
-Зейтін бізден басқа қонақтарың жоқ па еді, тоса тұрмадық па?-деп сұрапты.
Сонда Зекең:
-Жоқ. Бұл жолы сіздерден басқа ешкімді де шақырғаным жоқ. Шақырайын десем көбінің карта ойнайтын жыны бар. Қызып кетіп тағы да «қызметің құтты болсың, пұшық шалым»,-деп қалып, сізді тіпті ренжітіп алармын, -деп қорықтым деген екен.


                                        Сүлеймен Баязитов