"Қайдасыңдар, бауырлар?"


Немесе арыстарын аңырай жоқтаған ел.

Бұл күнде ғалымдарымыз естірту, көңіл айту, қоштасу, жоқтау деп бөліп-бөліп қарастырып жүрген ежелгі тұрмыс-салт жырларын оқыған сайын халқымыздың көңілді өрлетер сүйінішін ғана емес, өзегіне өрт салған күйінішін де осыншалықты көңіл тербеп, көздің жауын алғандай керемет жыр жолдарымен өрнектеп, артына өлмес, өшпес із қалдырған ақындық алғырлығына ерекше тәнті боласың.
 Сондай сәтте сол жоқтау жырларының көнелерінің бірі - өлім құша соққыға жығылған Ақжолтай атанған Дайырқожа бидің басында құлындағы дауысы құраққа шыға кұңіренген әкесі Қодантайшы үні құлағына келгендей болады. “Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным! Сексен асып, таянғанда тоқсанға, тұра алмастай үзілді ме жұлыным! Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының! Аққан бұлақ, жанған шырақ, жалғыз күнде құрыдың, Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!”.
Қан құстырған қайғы үстінде де сарабдал ақыл-ой тізгінін тетки ұстап, ашуынан гөрі басуы басым “ Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!” – деу үшін тектінің тектісі болу қажет-ақ шығар. Жырда шаңырағын шағып тынып, жан дүниесін сергелдеңге түсірген құныкерін қарғау түгіл кінәлаудың ізі де жоқ емес пе. Осыған қарағанда жоқтау – жырдың жазылмаған өзіндік ережесі, мәдениеті болған сыңайлы.
Ол Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жинаған мына  төмендегі жоқтау үлгісінен де айқын көрінетіндей:
Алты атасы бай өткен,
Алты атаға жүк артқан.
Жеті атасы бай өткен,
Жеті атаға жүк артқан...
Алыстан тоят тілеген,
Қар жаңбырдай бораған.
Жақыннан дұшпан аттанса,
Қарт бурадай жараған,-
деп марқұмның тұлғасын даралап, еліне қорған бола білген айбыныменен айдынын айшықтай түскен.
Жоқтау байға, бағланға, ел қорғаны – батырға ғана арналмаған, оған Мәшекең ел аузынан жинаған Балғын өлгендегі шешесінің жоқтауы, Бопының қарындасының күйеуін жоқтауы айғақ. Бұл жоқтауларда және басқаларында белгілі бір адамның басындағы қасірет, қайғысы, мұңы көрініс тапқан. Мәселен, Балғынның шешесі қайтыс болған қызын жоқтай отырып, ақ ешкіге мұңын шағып:
Ақ ешкіні көкке қарап көдеңді же,
Құдайым берер ме екен бізге де ұлды, -
деп күңіренсе, Бопының қарындасы орын толмас өкініш үстіндегі көңіл-күйін:
Кінәлі бармақ, жезтырнақ,
Күнінде қанға бояйын, -
деу арқылы білдіреді. Құйқа тамырыңды шымырлатар осы жоқтау жолдарын оқи отырып, Қодантайшының:
Аққан бұлақ, жанған шырақ,
Жалғыз күнде құрыдың.
не болмаса  Бопының қарындасының күйеуін жоқтағанда “Кінәлі бармақ, жезтырнақ” деген жолдардың көркемдігіне, бейнелі ойына ерекше тәнті боласың. Қан құстырған қайғы үстінде де, кестелі сурет салған неткен көркем тіл, неткен ұшқыр ой демеске шараң жоқ.
Белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жоқтау өзінің тіл өлшемі, көркемдік сапасы жағынан ауыз әдебиеті үлгісіндегі жасампаз дегенде жоқтаудың осы сияқты сипатын негізге алған болар деген ойға қаласың.
Оқыған жанның етжүрегін еліте аһ ұрғызып, сонау ғасырлар төрінен үн қатып тұрған сияқты болып көрінетін жоқтаудың айтылу, онан соңғы қағазға түсу мерзімі әрқилы. Сол сияқты тілі де, көркемдіктері де әр деңгейде. Әрқайсысынан жоқтау жырдың шыққан мерзімі, уақыт тынысы айқын көрініс тапқан.
Осы орайда есіме Мәди Бапиұлы қаза болғанда “әйелі айтқан екен” дейтін:
Үшқараны қыстаған,
Шәйіден тымақ тыстаған.
Үйіне мейман келгенде,
Құлынды қойдай ұстаған,
-деген жоқтау жолдары оралған еді. Бұл енді ұлы төңкерістен кейінгі жылдардағы ел санасында қалған бірен-саран жоқтаулардың бірі шығар. Олай дейтініміз кеңестік кезең жоқтаудың өзінің жоқтауын асыра жаздады емес пе...
Қазақ лирикасының талассыз майталманы Қуандық Шаңғытбаевтың 1976 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген жинағындағы “Реквием” (мәселен қалай аталуында емес, мазмұнында ғой) атты өлеңді оқығанда ғасырлар бойы қалыптасқан қазақи жоқтаудың замана ағымына сай жаңаша астар, жаңаша сипат алғанының куәсі болғандай едік.
Қуандық аға осы жырында Қамбар, Қобыланды сынды батырларды, Баян, Жібек, Сара сияқты аруларды ерекше бір мұңмен сағына отырып, Абай, Шоқан, Ыбырай сияқты қазаққа білім сәулесін шашып, нұр жаудырған ұлы тұлғаларды, Құрманғазы, Біржан сал, Аманкелді, Сәкен, Ілияс, Бейімбет және басқа да қазақтың біртуарларын күңіреңе, күйзеле жоқтайды.
Қуан ағаның жоқтауында ұлы тұлғалардың қадір-қасиеті, еліне сіңірген ересен еңбегі сөз болады. Сонымен қатар “Жан Ленинді сүйді, күйді, қиды соған өмірін” деген жолдарды да оқыр едік. Бұл енді сапты аяқтан ас ішкізіп, сабынан қарауыл қаратқан кешегі қатқыл заманның ыңғайына қарай ойысып, сәл де болсын оның қабағын жібітудің, сөйтіп ақын қаламынан туған асыл мұраны оқырманға жеткізудің бір жолы шығар деген ойға да қаласың.
“Абай, Күләш, Қаныштардың ет жүрегі ел дейді, адамзаттың ажалына адам сірә сенбейді” дей келіп, “ұрпағына ұран болып жанады олар, сөнбейді” деп ой түйіндейді Қуандық ақын.
Бәлкім, біз сөз еткелі отырған Нұрғожа Оразовтың (Н. Қаршығалин) “Сарыарқа” жұрналының 1995 жылы №2 санында жарық көрген “Жоқтауы” Қуандық ақын айтқандай соғыста шейіт болған марқұмдардың ұрпағына ұран болып сөнбеуінің айғағы да шығар. Енді сол жоқтауға назар салып көрелікші.
А...а...й...й...!
Арыстары – ауылдың,
Ардақтысы – бауырдың,
Алдыңғысы – тәуірдің,
Асқар тауы – қауымның,
Жендеттері – жауының,
Келбеттері – ауыр мұң.
Елден жырақ жат жерде,
Шыңы құлап тауымның!
Мерт болдыңдар ағалар!
   Санасында сәулесі бар кез-келген жан мұның ақынның кешегі “Ұлы Отан соғысы” атанған қанды қасапта қаза тапқан  ауылдастарына, қала берді исі қазақ жауынгерлеріне арнаған жоқтауы екенін айтпай-ақ түсінері сөзсіз.
         “Ауылдың – арысы, бауырдың – ардақтысы, тәуірдің – алдыңғысы, қауымның – асқар тауы” деу арқылы ақын шейіт болған ағаларының өз ауылында, қала берді қазақ елінде алатын тарихи орнын анықтап қана қоймайды, олардың әрқайсысын бір елге тұтқа болатын ірі тұлға деңгейіне көтереді.
         Қазағымның асқар тауы, ақылшысы бола білген ел қорғаны – ағаларының жауына мейірімсіз, қатал екендігін “Жендеттері жауының” деген сөз тіркесімен береді.
      Мұнан әрі ақын олардың жат жерде шейіт болғанын өкінішті өксікпен айта отырып, “Орны толмас қайғыны қас дұшпаны табалар” деген көңіл түйткілін ортаға салады. “Опат болған әкелер, тұяқсыздың аты өлер, талай түндік жабылып. Басынар болды-ау жат елдер” деген жолдарды оқығанда соғыс зардабынан талай түндік жабылып, талай ердің аты атаусыз қалғанына қабырғасы қайысып, қасірет шеккен ел, ерінен айырылған жер, ана еріксіз есіңе түседі.
      Ер азаматы азайған, сан жағынан кеміген елді кім басынбайды! Баса көктей “Тың жерді бағындыру” дей келіп елімізді мәңгүрт қылған жоқ па, тілімізден айыра жаздаған жоқ па?
    Ақын майданда өлген әкелерге елдің сол халін айтып шағынып отырғанын аңғару оңай.
     Жоқтаудың осы бір тұсында сол сұрапыл соғыстың айыптаушысы, жоқтаушысы ретінде сөз алып отырған ақын қырық үйлі “Безымяновка” (Беземен) аталған ауылдан майданға аттанып, опат болған отызға тарта азаматын еске түсіріп, ауызға ала отырып, сол әділетсіз соғыста майдан даласында оққа ұшқан берісі қазақ, әрісі бүкіл адамзат ұландарын жоқтап отырғандай. Ақын:
         Елу жылда мінекей,
         Алдым тұман, артым жар.
         Қайдасыңдар, бауырлар? 
       - Деп көкірегі қарс айырыла сауал тастайды. Соғыста опат болған арыстарды жоқтай отырып бүгінгі ел кездескен талайсыз тағдырды шағынады. Халқының бақыты үшін жан берді деуге келмейді, ел игілігін сақтап қалу үшін шәһит болды деудің де реті жоқ сыңайлы. Сонда арманда кеткен ағалардың сұрауы қайда деген үлкен ой түйіні жатқаны байқалады, бұл жоқтаудан.
         Қайдасыңдар, бауырлар... Осы бір қарапайым сөз тіркесінде қапияда соғыс құрбаны болған бауырларын аңсай іздеп сұрау салып, жоқтап жүрген жанның жалпақ ғаламды терең мұңға бөктірердей күйінішті күйзелісі аяқ астынан қара бұлтты қақырата жарқ еткен найзағайдай дүниені дүр сілкіндіріп, сананы селт еткізіп, ақын жүрегін жарып шыққан жан айқайына еріксіз құлақ түргізгендей.
         Ал ақынның жан айқайында шыныдай шытынағыш, аязды күнгі мұздай жарылғыш, мына нұрлы да мұңды ғаламда тыныштық орнауын, соғыс болмауын, тілеген, сол үшін күресіп жатқан миллиондардың үні жатыр. Ең бастысы туған жердің тас түлегі – адамзат ұрпағының қайтадан соғыс өртіне шалдығып, опат болып, оққа ұшудан, сөйтіп, бір кездерде өзі сияқты өзгелердің де көз қуанышы, көңіл үміті арыстарын, бауырларын күйзеле, күңірене жоқтаудан сақтандырған жан айқайы бұл!

         Нүрекең қаламынан туған осы жоқтауды жан дүниеңмен терең ұғына оқи отырып, халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан жыр жоқтауының тағы бір көңілге көп ой салып, көздің жауын алатындай мұңлы да, сырлы жыр жақұтымен толыққанын дәтке қуат етесің.

                                  Сүлеймен Баязитов