Жұлдыздайын жол сілтеп

     
      Жұлдыздайын жол сілтеп
 (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына)

 Отарлаудың оралған шынжырына,
Жырға қосқан өзiңдей қырды мына,
Даңғыл ойлы данышпан кемде - кем ед,
Сезген ерте қуғынды, қырғынды да.

Жаны ауырып, жан сырын жайып салған.
Сонысы үшiн әр кезде айыпталған.
Алты Алаштың түктi ауыз әулиесi,
Тылсым сырлы сыр түйген ғайыптардан.

Сенiң үнiң ұрпаққа кештеу жеттi,
Тұмшалаған тұл тұман төңiректi.
«Көресiң де, көнесiң» деп түйiпсiң,
Ұрпағыңды көргенi еңiреттi.

Жалын шалып бiртуар ардағыңды,
Заман сонау таптаған арманыңды.
Өттi - кеттi өзектi өрт боп шалып,
Еркiндiк ап қазағың қарманулы.

Еркiндiгiн қазағың алған күнi,
Қара местi сапырып күнi - түнi.
Сәрсенбi мен Қуандық көз iлмедi,
Қалың жұртқа жетсiн деп тарих үнi.

Қазағымның сусаған мейірi қанып,
Сен арқылы таныды өзiн анық.
Ақын бiткен бейнетқор бабасы өзiң,
Жұлдыздайын жол сiлтеп тұрсың жанап.

                                      
                  Сүлеймен Баязитов