Дихан - Баба туралы толғаныс



Қазақта “алыс та болсын жақын” деген аталы ұғым бар. Осы бір халқымыздың ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, бүгінге жеткен қанатты қағидасы Дихан-баба туралы қалам тартар тұста ойға оралды. Бұл тегін де емес. Өйткені Диханмен бірер рет ат үсті жүздесіп, сәлем бергенім болмаса, жақын танысып, сырласып сөйлескен жан емеспін. Соған қарамастан Диханды өзім күнде көріп араласып жүрген жандардың көбінен гөрі жақсы білетіндеймін.
Білгенде мен оның арман-мүддесін, жалпақ дүниеге жар салып жатқан жан сырын, күйініш, сүйінішін баспасөз бетінде жарияланған жырлары мен еліміздің баспаларынан том-том болып шығып жататын кітаптарын оқу арқылы білемін.
Бір сөзбен Дихан-баба өзінің жауһар жырларымен мен сияқты ондаған, жүздеген, мыңдаған оқырмандарының алыс та болсын жақыны, танысы, тіпті жанашыры десем артық айтқандық болмас. Сондықтан да болар “ақын жанкүйерлері” /осылай айтуға болатын болса/ оның 90 атты биік белеске көтерілгенін шын жүректен қуанумен қатар, алыстағы Алматыда ақынның торқалы тойына орай өткен думанды да дүбірлі тойдан да хабардар.
Оңтүстік астанамыздағы қазақтың М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өткен ақын тойында республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жазушыға жолдаған құттықтау хаты оқылды. Астананың зиялы қауымы Дихан-бабаның әдебиет әлеміндегі елеулі еңбегіне сай құрмет көрсетті.
Осы орайда қазақ әдебиетіне 71 жыл бойы талмай үлес қосумен келе жатқан, алпысқа тарта поэзиялық, прозалық шығармалар жазған жазушының негізгі еңбектеріне тоқтала кетейік.
Бұл туралы Дихан-бабаның өзі:
«Шалқыма” мен “Алтайдың асулары»,
“Сұлтанмахмұт арманы” – асылдары.
“Майданбегім” төртеуі – төрт құбылам,
Төрт құбылам мен кешкен ғасырдағы,
-деп, тебірене толғайды. Ақынның өзі атаған шығармаларымен қатар кезінде қазақ әдебиеті атты айдынға қосылған елеулі туындылары “Шалқыма”, “Сүйемін”, “Мұңсыз Мариям”, “Жас азамат”, “Таңдамалы өлеңдер”, “Ой толқындар”, “Уақыт пен сырласу”, “Толғаныс толқындарын” атай кету орынды болар.
Ақынның бұл шығармаларын қалың оқырман жылы қабылдаған, әдеби сын – оң қабақ танытқан. Ал ақынның ұлы замандасы,  заңғар жазушы Мұхтар Әуезов “Әбілев жолдастың жаңа бір еңбегі – “Алтай жүрегі” өлең-романының түпнұсқасымен танысып едім, туым - бітіміне тұтас шолып қарағанда шығарма өзінің бар көсілмелі оқиға өрнегімен, көшелі ой түкпірімен, сом бітімдегі соны қасиеттерімен көңілге біртүрлі жақсы, жайлы әсер салады.
Роман күрделі күреске, елеулі оқиғаға, кейіпкерлердің қажырлы қаракет, өнімді қимылдарына толы, мәйегі тоқ” – деп жоғары бағалайды. Сол сияқты кезінде Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Серік Қирабаев сынды қазақ әдебиетінің жұрт таныған тарландар да ақын шығармашылығына ден қойып, назар аударып, оның әділ бағасын берген.
Диханның қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін сөз еткен, пікір білдірген жас толқын өкілдері өз алдына бір төбе. Күні кеше қазақ әдебиеті Совет Одағы әдебиеті атты ұлы дарақтың бір бұтағы ретінде қабылданатын. Қазақ тілінде жазатын ақын, жазушылар Одаққа танылғанша талай жылдар  өтетін.
Ақын Диханның бұл тұрғыдан келгенде де асығы алшысынан түскені талассыз. Оған оның шығармалары туралы есімдері Одаққа кеңінен танымал Леонид Соболев, Георгий Марков, Зоя Кедринаның жылы пікір білдіргенін айтсақ та жеткілікті.
Солардың арасында қазақ әдебиетінің білгірі, жанашыры Зоя Кедринаның пікірі ерекше назар аударарлық. Зоя Кедрина “Менің ойымша, бұл поэманы ” /“Алтай жүрегі”/ баспа бетіне ұсыну – принциптік жағынан алып қарағанда маңызды мәселе. Қазақ әдебиетінде мұндай поэма әлі туған жоқ” деп батыл да кесімді пікір айтады. Бұл жайдан-жай айтыла салған құрғақ сөз емес. Бұл – бұлтартпас шындық, ақын еңбегіне берілген әділ баға.
Осы орайда Диханның асқақ ақын бола тұра,  күнделікті тірліктегі қарапайымдығы туралы айтылып, жазылып жүретін жайлардың арасынан көрнекті ақын, қоғам қайраткері, інісі Кәкімбек Салықовтың:
Дихан-аға,  үндемей жүресің сен,
Көзден ұшқан үндесем үлесіңмен.
Іштегі отты өлеңге беріп қана,
Өзің жүрсің өзіңмен күресумен.
Атақ қосар айғаймен атағына,
Сен бармадың дауыл, жел “шатағына”.
Өзі болған  достарың Ескермеді,
Сән-салтанат қоссаң да қатарына.
Ортамызда бірісің тарлан нардың,
Асқаны жоқ көп жүлде алғандардың.
Жаздың роман,
Өлеңмен, қара сөзбен.
Бірі болдың дара жол салғандардың,
-деген жыры ойға оралды. Кәкімбек аға айтқандай қазақ әдебиетінде Дихан салған дара жол сайрап жатыр. Сол дара, сара жол ақынды оқырмандар сүйіспеншілігіне бөлеп, қазақ әдебиеті классиктерінің қатарына қосты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы атандырды.
Енді бір сәт ақынның 90 жылдық торқалы тойына жиналған Оңтүстік астананың зиялы қауымы Павлодар облысынан Баянауыл ауданының әкімі Қорабай Шәкірұлы Шәкіров басқарып келген ресми делегацияны қызу қол соғып, қуана қарсы алды. Делегация жетекшісі той иесіне облыс әкімінің, облыс еңбеккерлерінің атынан  құттықтау хатын табыс етті.
Мұнан соң делегация мүшесі Қ. Сәтбаев атындағы облыстық қордың төрағасы Оралбек Қожанұлы Қожанов: “Дихан аға, көп жұрт сыйған, ел сыйған жұдырықтай жүрегіңіздің жұлқынуы азаймасын, жүз жасасын, “Сарыадырға” келіп тағы аунаңыз” дей келіп, Меккедегі мешіттердің бірі бейнеленген кілемшені сыйға тартты. Әнші, ақын Сабыржан Ахметов ақын ағасының тойына “Барып қайт, балам ауылға” әнін шашу етіп шашты.
Дихан ағаның торқалы тойында Алматы облысы, Алматы қаласы әкімшілігінің өкілдері, ақын, жазушылар тоқсанға келген тарланбоз ақынға жүрек жарды тілектерін айтып, сый-сияпат ұсынды. Солардың арасында ең қымбаты ұрпақтан-ұрпаққа жетері ақын аға Кәкімбек Салықовтың “Дихан-аға, құтты болсын тоқсаның” атты жыр жинағы болса керек. Бұл жинақ үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында, яғни ақын тойы өтерден бір күн бұрын жарық көрген. Осы кітаптың алғашқы  бетінде Кәкімбек ағаның Оралбек Қожанұлына берген қолтаңбасындағы:
Бойыңда сан салалы дарын барда,
Ойыңда ар-намысың, ағын барда.
Шыңдай бер әр күніңді.
Қаныш аға,
Тойыңда жарқ еткізер барыңды алға,
-деген  жолдарды оқығанда мұны Орекеңе ғана айтылған тілек емес, Павлодар облысындағы ел басқарып отырған, әр салада қызмет етіп жүрген азаматтарға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ЮНЕСКО мақұлдаған 100 жылдық тойын әлемдік деңгейде өткізуге шақыру, өтініш ретінде қабылдадым.

Азаматын ардақтап, ақынын аялаған ел 90-ға келген ақсақал ақынына, міне осындай құрмет көрсетті.

                      Сүлеймен Баязитов