Мәшһүр Жүсiп




Айырылды бiздiң қазақ Есiлiнен,
Өзiнiң болған емес кесiрiнен.
                                           /М .Көпеев/

Шұрайлы жер, шақты өлкенi алып,
Қара шепкен, жатқаның ауыз салып.
Көрген сәтте, Мәшеке, жан күйзелiп,
Не болар  деп бейшара мына халық.

Жан жүрегiң сезiмтал жараланып,
Жаздың өлең әр сөзiң дараланып.
Жиырылып қарсы алса ұлық бiткен,
Ұйып тыңдай қалғанда қара халық...

Сөйте тұра қазақты сын шоғына қақтаған,
Абай iшкен зәрлi уды жан емес ең татпаған.
Үмiт үзбей қазағым түзелер деп кеткен ең,
Келдi кезең, Мәшеке, сенiмiңдi ақтаған. 

Жапа шеккен заманнан тағдырыңды,
Бiлгендер аз, бiлмеген таң қылулы.
Әруағыңмен алысып, кей айуан, 
Қанды қақпан басыңа сан құрылды.

Кешiр, баба, күмбезiң ойрандалып,
Оспадарлар кеткенмен ойран салып.
Жүрегiнiң түбiнде сақтап жұртың,
Аман - есен жеткiздi бұл күнге алып.

Тас атудан тынбаған дәуiр мына
Ақыр сенi басқандай бауырына,
Ескелдiнiң басына шығып, баба,

Тұрғандайсың көз салып ауылыңа.

                      Сүлеймен Баязитов