Жұпыны үйде туған жауһар жырлар



         Қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі – Жүмекен Нәжімиденов, қазақ өлеңінің қасиетті, санаулы санаткер абызы Қуандық Шаңғытбаев ағалар бұл күнде арамызда жоқ. Ал олар ақын деп таныған Арман Қани сол ағаларының ақ сенімін тек араға он сегіз жыл салып барып ақтап отыр. Мына қолымыздағы жыр жинағы соның айшықты дәлелі.
         “Пысықайы пайғамбар мен ақынға пысқырып та қарамайтын өлке бұл” деп ақын Арманның өзі айтқанындай ана тілдің уызына жарымай өссе де, желі арқан құрып тұрған дүние көзді дүмше бишікеш баурымыз ақынның жарты ауыз өлеңін оқымастан сыртынан тон пішіп, қаншама рет қиянатқа жол берді десеңізші.
       Өлеңдерінен от өріп, өршіл заман рухын арқау еткен Арман ақынды бұл күнде қалада да, далада да жаяуға жол, аттыға сөз бермей қалталылардың қапысын тауып, қолтығының астына кіріп, солардың сілемімен кішігірім кірпіштей кітаптарын шығарған қара жаяу өлеңшілердің қатарына қосуға ауыздары барып қана қоймай, онысын қағаз бетіне түсіріп заңдастырды.  Ақынның алдына тосқауыл қойды. Өмір есігін шындық деп шырылдай ашып, сол күрес үстінде шар болаттай шыңдалған ақын:
         “Сарғалдақтардан сарғылтым тартқан белеңде, Айналар түбі өмірім менің өлеңге.”
         “...Ақиқат үшін айқастық кеше мына біз,
Аңыздың түбі шындық деп бүгін ұғамыз.
 Біздерді ертең таныту үшін ұрпаққа
Туады Жібек жолында жаңа бір аңыз.” – деп тебірене толғайды.
Бойын тіктеп, бауырын жазбай жатып “қазақтың қамы дегенде қарақан басын ұмытқан” 9-сыныпта “Жасұлан” ұйымының топ бастар серкесі ретінде қазақтың есесін жоқтаймыз деп МКҚ-ның  (КГБ-нің)сұсты да, сұқты көзіне ілігіп “мезгілсіз ер жетті”.
Мектептен шығарылу, комсомолдан қуылу, күні кеше саналарына әділет, шындық ұғымын егіп келген кейбір ұстаздардың оның сырын ұғынбай сырт айналуы, ең бастысы жеті қабат жер астын жарып шығып, жарық дүниеге ынтыға, елегізи, елти төгілген тау бұлағындай тасқынды ерік-жігерге толы өлеңдеріне өре салынуы кез-келген білім ұясы есігінің бұған дегенде тарс жабылуы әлі де танылып үлгермеген ақынға оңайға соқпағаны ақиқат.
Идеялық қарсыластарының сырт көзге көріне қоймайтын астыртын, құпия соққылары оның алған бағытынан адастыра алмағаны былай тұрсын, намысына желді күнгі от болып тиіп, жігерін жанып, қайратын еселегендей еді.
       Дегенмен ақынның өзі жазғандай “ашқылтым дәмді шындыққа сусаған сәттерінде көңілдің кірін шараппен жуған шақтары” да болған. Мұны өз басым ақынның бір сәттік осалдығынан гөрі жүрегіндегі “бақи мен пәни шайқасының” шарықтау шегі ретінде қабылдаймын.
“Есектің артын құлшына жуып пұл тапқан пысықайларға пірәдар болар жайы жоқ” тылсым табиғаттың өзіндей таза ақынның осындай қиын сәттерде “мәңгілік ием, медет бер мендей пендеңе, опасыз пәни жалғанды ессіз жырлаған” деуінде астарлы сыр жатқанын ұғынамын. Осы орайда оның “Невада-Семей” қозғалысының “Қазақ тілі” қоғамының облыстық ұйымдарының негізін қалаушы көш басшыларының бірі болғаны еріксіз еске оралады.
Тек аталған қозғалыс пен ұйымның шаңырағы көтеріліп, іргесі бекіген кезде ол  елеусіз, ескерусіз қала берді. Осы жайлардың бәрі ақынның жанартаудай буырқанған намысына тимеді, оны кейітпеді дей алар ма едік?
Арман ақынның жұрт жырлай-жырлай таптауырын етіп, шиырын шығарған тақырыптардың өзіне басқа қырынан келетіні байқалады. Мәселен, Ресейдің ар-ожданына қол көтерген қандыбалақ қарақшы  Дантеске арналған “Ақындар мен жендеттер” және “Түңілу” атты өлеңдерді оқып көрелікші.
“...Қан құйлы, көзсіз ерлігіңді естіп ер жеткем.
Жәдігөй біткен садаға кетсін дәл сендей,
Жаужүрек, текті, айбынды, ұлы жендеттен.”
Немесе:
“Әй, жұлдыздар!
Несіне мөлдіредің?!
Сәулеңді енді санамнан сөндіремін!
Полпот, Иосиф, Адольф рухтарымен
Шайқасатын жайым жоқ енді менің!”
Осы жолдардағы жаужүрек, текті, айбынды деген сөйлемнің әр сөзіне мұқият назар аударып бір сәт ой сарабынан өткізіңізші. Сіз бен біздің санамыздан берік орын алып жадымызда жатталған қандықол Дантес бейнесі басқаша сомдалғанын байқар едік.
     Ақын оның адамзат алдындағы қылмысына қарғыс айта, жендеттің ұлысы-кішісі болмайтынын, жендеттің жендет екенін жан жүрегімен түсіне отырып, сын сағаты соққан шешуші сәтте екі жүзділікке салынбай ашық айқасқа шыққан азаматтық (солай айтуға болатын болса) қылығына, тіпті “Ерлігіне” ден қойғандығы байқалады.
       Екінші өлеңде әлдекімдердің күйректікке салынған деген айыптауларынан айбынбай бір сәттік көңіл-күй көрінісін көлденең тартуы арқылы ақ адал сырын алдына жайып салды. Бұл екі ақынның бірінде кездесе бермейтін батылдық дер едім. Әдетте көптеген ақындар жүректегі зар-запыранын төге отырып, тобықтай түйін шығарар тұста “Ойбай-ау, кең байтақ жерім, ерін сүйген елім барда менің мұншалықты мұң шертуім дұрыс па?”
 - деп сырғып шыға келер еді.
Ақын жинағындағы “Мұң шағу”,  “Олжасқа хат”, “Қыпшақтар аңызы”, “Патшайым Фариза әпкем” сияқты топтамалар да сәтті шыққан, оқырманға ой салар туындылар. Мұндай тұшымды жырлардың жинақта аз емес екендігі қуантады.
Арман жырларының көзге ұрып тұрған анау айтқандай кемшілікті байқамадық. Болмашыға бола таңдайымызды құрғатып, аузымызды ауыртып жатпадық.
Көзге қораш көрінетін қараша үйдің төрінде туған жауқазын жырлар оқырмандарға жол тартты. Ақын үшін бұл бір бақытты, естен кетпес елеулі шақ.

Тәңірім ұзағынан сүйіндіргей!

                Сүлеймен  Баязитов