"Айрылған біздің қазақ Есілінен"



“Айрылған біздің қазақ Есілінен”
немесе Ресей бодандығына ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің көзқарасы хақында

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, ой толғаған қазақ ақындары Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтер сол тұста қазақ жерінде кеңінен етек жайып, белең алған Ресейдің отарлау саясатының салқын да, сызды лебін ерекше сезінді. 
Шұрайлы жерді тартып алу, көші-қонды шектеу, мал өрісін тарылту, ақыр соңында емін-еркін жүріп - тұруға тиым салу, жаңа қоңсының мұнымен де шектелмей қару қолдануы бейбіт елдің берекесін алған еді.
         Сондықтанда болар жоғарыда аттары аталған ақындар Ресей бодандығының қазақтардың тұрмыс - тіршілігіне тигізген, тигізер зиянын жан дүниелерімен терең ұғынып, өздері куәсі болған өмір шындығын жырларына арқау етті.
         Шортанбай Қанайұлының “Зар заман” атты өлеңінде:
         Арқадан дәурен кеткен соң,
         Қуғындап орыс жеткен соң.
         Тіпті амал жоқ, қазақтар,
         Енді сенің торыңа..., -
деуі сол кезеңнің сұрықсыз суретін көз алдыңа әкеледі.
Шортанбай торға түскен жұртты патшаның аяусыз қанап, байлардың талағанын, салық салып, елді есеңгіреткенін ашына айтса, Мұрат Мөңкеұлы:
         Еділді тартып алғаны,
         Етекке қолды салғаны.
         Жайықты тартып алғаны,
         Жағаға қолды салғаны.
         Ойылды тартып алғаны,
         Ойдағысы болғаны.
         Маңқыстаудың үш түбек,
         Оны-дағы алғаны...
         ...Қоныстың бар ма қалғаны?!
         деп күңірене, күйзеле жыр төгеді. Ата мекенінен ауа көшіп, мал өрісі шұрайлы жерден айрылған көпшілік көңілінің көрінісі бұл. Аталған ақындардың бұл ой толғамдары Мәшһүр Жүсіптің:
         Айрылған біздің қазақ Есілінен,
         Өзінің болған емес кесірінен.
         Жер-мүлкі шаруаның қызықты еді,
         Қойнында құшақтаған жесірінен, 
         - деген  өлең жолдарымен үндес. М. Көпеевтің “Жер-мүлкі шаруаның қызықты еді, қойнында құшақтаған жесірінен” деп “жесір” сөзіне ерекше екпін түсіріп отырғаны байқалады. “Жер дауы, жесір дауы” дегенде әдетте желді күнгі өрттей өршіп шыға келетін қазақтың тап осы тұстағы күйкі халін:
         Адасып осы күнде қазақ қалды,
         Бұрынғы ата-баба рәсімінен, -
         деп суреттейді. Оларды “ата-баба рәсімінен” айырған, ә деуге мұршасын келтірмей, мүсәпір халге душар еткен жайды “жылқыға керек жерге егін салып, жер жыртып мұжық қалмас кәсібінен, жайлауы баратұғын болмаған соң, айрылды мал да, жан да несібінен”, - деп ашып айтады.
         Онсыз да ораза ашары там-тұм, елдің мал өрісі тарылған тұста несібі кемігенін көріп шырылдап ара түспек болған жандардың халін ақын:
         Зынданда не шаһбаздар нақақ жатыр,
         Ұлықтың қылған зорлық кесімінен, 
  - деу арқылы ел ішінде қалыптасқан саяси ахуалды бейнелі жеткізеді. Байбалам, түңілу, күдер үзу атымен жоқ. Шортанбай, Мұраттарға қарағанда Мәшһүрдің заман өзгерісін өз тұрғысында терең түсінгені байқалады. Мәселен Шортанбай:
         
          Байды құдай атқаны,
          Жабағы жүнін сатқаны.
          Кедей қайтып күн көрер,
          Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазады,
Күздей пішен шабады,
- деп қазақ даласына жаңа заман әкелген жаңалық сауда-саттыққа жатырқай қарайды. Мал-мүлкінен айрылған кедейдің жатаққа қоныстанып, күнкөріс қамымен жаздай арық қазып, күздей  пішен шабуы,...адал кәсіппен айналысуы оған біртүрлі ерсі көрінеді.
Мұндай жаңа заман әкелген жаңалыққа жатырқай, жабырқай, тіпті түңіле қарау Мұрат Мөңкеұлының жырларында да кездеседі.
Мәшһүр Жүсіптің бұлардан бір ерекшелігі замана өзгерісін жіті аңғарған. Оған түсіністікпен қараған. Бәлкім бұған оның табиғат тарту еткен ерекше зейіні, Бұхарадан алған терең білімінің әсері аз болмаған болар.
Қалай десек те, ол болашаққа сеніммен қарайды. Тіпті ол ақ патшаның 1905 жылғы  он жетінші октябрьдегі манифесіне зор үміт артады. Оны ақынның:

Қолың бос, өзің еркің не қылсаң да,
Қарайды әркім ойлап шамасына.
Пейілі патшамыздың кеңіп жатыр,
Алғайда бізді құдай панасына.
Құдайдың бір жарылқар уақыты келді,
Алаштың ұраны үш жүз баласына, 
- деген өлең шумақтары айқындай түсетіндей. Мәшһүр: публик боп бұл манифес шашылса деп, күн көзі бұлт жоқ болып ашылса деп, кітабы мұсылманның жиған-терген, ерікті боп цензурасыз басылса деп тілей келіп:

Ғалым бар дін исламды жете білген,
Жоқтықтан ерік өзінде қор боп жүрген.
Тізгіні шариғаттың қолға тисе,
Тамаша қылар еді-ау бізді көрген.
Шариғат қылма хакім қандай қатты
Дер едік жарық сәуле таң жаңа атты.
Қолына көптен бері тимеген соң,
Сағынды дін мұсылман шариғатты, 
- деп діттеген ойын, арман-мүддесін жайып салады. Тек ақынның үміті ақталмайды. ... Академик, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Абай Құнанбаев” атты монографиясында: Семейдің уездік полиция бастығы Куприянов 1897 жылы Абайдың үйін тінткенде Мәшһүр Жүсіптің Абайға жазған хатын тауып алғанын, онда ол Абайдан патша үкіметінің елге жасап отырған қиянаттарына қалай қарсы тұруға болатыны жөнінде ақыл-кеңес сұрағанын айтады.
Мәшекең бұл хатты “Ерік өзінде болмай қор боп жүрген” халқының тығырыққа тірелген тұстарының бірінде жазды ма екен, кім білсін?
Анығы Ресей бодандығы бұғауында буынған қара халықтың ауыр халін жыр өрнегіне түсірген ақындардың қай-қайсысы болмасын бодандықтан шығар жол іздегені, тіпті кей тұста сан-алуан  қайшылықтарға ұрынғанын байқаймыз.
Қысқа күнде қырық құбылатын кыр желіндей патшаның сайқал саясаты ақынды қанша алдап соққанмен туған халқының келешегіне деген үмітіне селкеу түсіре алмады. Елге деген махаббаттан бастау алған жыр - маздағын өшірмек түгіл бәсеңдетуге шамасы жетпеді. 
Халқы үшін басын бәйгеге тігіп, қуғын-сүргіге ұшыраған Мәшһүр Жүсіптің шығармалары қазіргі кезеңде тәуелсіз еліміздің мұңсыз музасының алтын қорында тарлан тарихтың көне тартпас жарқын беті болып мәңгілік қала бермек.

  
                                  Сүлеймен Баязитов