Төрт түлікті шақыру

Төрт түлікті шақыру       


          Лағым

Шөре, шөре шөрелеп!
Шақырып ап сені елеп.
Еш нәрсеге соқтықпа,
Демеп пе едім шегелеп.
Сол сөзді сен ұқпадың,
Ұқпадың, әттең, не керек.
Секеңдеген кебенек.
 Көршідегі Алманың,
Сындырып кіріп шарбағын,
Бау – бақшасын шарладың.
Еккен жеміс- жидегін,
Түк қалдырмай жалмадың.
Лайық па атыңа,
Лақ деген Шекшек затыңа.
Осылай лаң салғаның,
Лағым- ау, лағым.
Тентексің- ау, шырағым.
 Сенің үшін Алмадан,
Мен кешірім сұрадым.
 Әлекке сап басымды,
 Ағартар болдың шашымды,
Лағым- ау, лағым.
                              
      
       Құлыным

Шақырғанда құраулап,
Дүр сілкініп,
Жата қап жерге
Бір аунап.
Құлыншағым, құлдырап,
Қоңырауы сылдырап.
Салып келед қиядан,
Құрау- құрау, құлыным,
Көз тартады тұрығың.
Ер жеткенде ер салам,
 Саған мініп қолға алам,
Жылқышы атам құрығын.

         
         Қошақаным    

Пұшайт, пұшайт ! – деп
Қошақанды шақырдым.
Келді басып ақырын,
Қошақаным, қоңырым,
Ақылы мол, момыным.

           
 Ботақаным

Сәби көңілі елеңдеп,
Ботаға жантақ берем деп,
Аң паркіне барған-ды.
Көргеніне таң қалды ,
Азулы аңдар көп мұнда,
Жылан да бар,
 Бар тышқан.
Мұнда патша арыстан
Ырылдаған даусы,
Естіледі алыстан.
-Қайда бота тұрағы?-
Деп біреуден сұрадым.
-Арыстанмен көрші тұрады.
Дегенге солай беттедім.
Бар болсын-ай жеткенім.
«Көс-көс» дедім қаншама,
Естімей ме құлағы.
Мәңгіріп, елтіп тұр әне ...
Сол арада әлдекім:
-Не керек?- деп сұрады.
Деді сонсоң: «Шырағым,
Мұныңнан түк шықпайды.
Құлағын кесіп алсаң да,
Көс- көсті бұл ұқпайды.
Верблюжёнок болып ұйықтайды.
Әуре болма сен енді...».
Сонан бері сол бота,
Түсіне менің енеді.
Келеріне ботаның,
Сәби көңілім сенеді.
Деп қоямын сонда да,
Ботақанға көс- көстеп,                         
Жантақ бергім келеді...

           Сүлеймен Баязитов