Аялы алақан.



- “Тың өлкесінде” бірер өлеңім басылған еді. Осылай деп үнсіз қалған жігіт жүзіне зер сала барлай қараған кабинет иесі.
-Солай де, қане, өлеңдеріңді бері әкел, оқып көрелік, - деп мұның ұсынған қағаздарын қолына алған. Оқушы дәптерінің бетіне қалай болса солай жазыла салған қар бетіндегі сауысқанның ізіндей қиқы-жиқы жазуға үңілген ол ара-тұра қолына қаламын алып өлеңнің әлде бір тұсына сұрақ белгісін қойса, кейбір тұсын астын сызып, ойға берілген.
  Ал оның қарсы алдында отырған жас жігіт кабинет иесінің әр қимылын жіті бақылап, не дер екен деген үміт пен күдігі басым сауалға жауап күте отырып, әрі-сәрі беймаза күй кешуде еді.
Оның беймазаланатын да жөні бар болатын, бұл өзінің әлі сиясы кеуіп үлгермеген балаң жырларын басылып қалар деген үмітпен осы “Қызыл ту” газетінің редакциясына сан жолдаған, сонан соңғы жерде почтаны төңіректеп, келген газеттердің ішінен “Қызыл ту” газетін аударыстырып, төңкерістіріп, қарап, бүгін болмаса ертең шығып қалар деп жүргенде бұған газеттен хат келер еді.
 Балғын саусақтары дірілдеп бұл енді жаңағы хатты ашып, онда не жазылғанын оқығанша дегбірі қалмай асығатын. Бір парақ қағаздың орта тұсындағы “Құрметті Сүлеймен”, деген тасқа басылған сөздерді оқығанда балаң көңілі әлденеден марқайып, кеудесін беймәлім мақтаныш сезімі кернер еді. Тек одан сәл төменірек “Өлеңдеріңнің иі қанбай жатыр екен, баса алмадық, сен ренжімей хат жазып тұр” деген жолдарды оқығанда жаңа ғана тасыған көңіл су сепкендей басылып, қала беретін.
 Мұндайда тіпті осы өлең жазбай-ақ қойсам ба екен деген ойға қалатын. Тек... келер күні-ақ қолына қалам, қағазын алып,  өлең жазуға отырар еді. Мұндай сәтте ол күні кеше ғана өлең жазуды қойсам деген шешімін ұмытып, бейтаныс ағасына деген қара қазандай өкпесін естен шығаратын. Тіпті, хатын сол бейтаныс ағасының атына жолдар еді.
 Ол да інімнен қашан хат келер екен деп асығып күтіп отырғандай-ақ мұның хаты қолына тиісімен-ақ көп тостырмай сол баяғы өлеңіңнің иі қанбай жатыр екен деген жаттанды жауабын жолдап-ақ жіберетін. Енді мұны өлеңнің газетке басылмағаны емес, бейтаныс ағасының жөн-жосықсыз намысына тиіп, басқа сөз құрып қалғандай-ақ өлеңіңнің иі қанбапты, деп жауап жазуы қатты шамдандырып, шамырқандырып жіберген еді. Бұл қаладағы газетте отырған ағасына өкпе-назын білдіргісі келді ме, кім білсін,
Өлеңім кетіп жатыр иі қанбай,
Өлеңді илейтіндер етіп нандай.
Сіздерде көп көрінед амалым не,
Солармен әлі жүрмін кездесе алмай.
Соларменен кездесіп бірме, бірге,
Сөз берер күн бар ма екен қызыл тілге,
Сыншыдан мен жеңілсем жекпе-жекте,
Өнердің бітпегені босқа тер де. –
деп өлеңмен төпеп хат жазады ғой манағы. Сол-ақ екен бейтаныс ағасынан хат-хабар кілт үзілген. Оған да үш-төрт жыл өткен.
   Сол кездегі балаң жігіт бұл күнде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан, есейіп, шыңдала түскен. Өмірге, қоғамдық ортаға деген көзқарасы да қалыптаса бастаған. Тіпті, жақсы мен жаманның парқын бір кісідей-ақ пайымдайтын халге жеткен. Мүмкіндігінше даулы-дамайлы, әсіре қызылдан, даңғаза думаннан бойын аулақ салып, ең бастысы өзінің сөзіне де, ісіне де ой көзімен қарауға үйрене бастаған. Бойындағы көптеген осы қалай деген әдеттерден де қол үзген. Әйтседе өлеңге деген сол баяғы балаң құштарлық өзімен бірге есейіп, жыл санап желді күнгі оттай лаулап арта түскен.
         Әскер қатарынан қайтып оралған мұны дегбір тапқызбай “Қызыл ту” газетінің редакциясының есігін қақтырып, өзіне мүлде бейтаныс жігіттің алдына желкелегендей алып келген сол өлеңге деген көзсіз құштарлық еді... Бұл сол баяғы өлеңінің иі қанбай жатыр деп хат жаза беретін ағайдың өзі болмағай... Аты-жөнін сұрап алмағанымды қарашы. Жоқ, жаңа ғана бір сөзінде еңбек жолымды “Тың өлкесі” газетінен бастадым деген сияқты емес пе, демек, ол бұл болмағаны ғой. Иә, бұл болуға тиісті емес деген ой жетегінде отырған оны.
         -Өлеңдеріңнің кейбір жерін қырнап, мұртын басып жіберсе жарап жатыр екен, - деген ананың дауысы біртүрлі сергітіп сала берген. Сонан соң әлде не есіне түскендей, осы сенің білімің қанша, деген бұған назарын тіктеп.
         -Жеті класс, деген бұл сасқалақтап.
         -М...м... жеті класс дейсің бе, аздау екен. Әдебиет кітаптарын көбірек оқы, келешекте жатпай- тұрмай білім алуға тырыс. Ең бастысы – жүрегіңдегі аз ғана өлең отын сөндіріп алма, ал мына дүниелеріңді маған қалдырып кет, айтпақшы өзің қандай жұмыс істейсің.
         -Совхозда жұмысшымын.
         Бұған дейін де, бұдан кейін де талайлардың жұдырықтай  жүрегінің түбінде булықсып, ақтарылуға шамасы жетпей, болар-болмас жылтырап жатқан бастау көзін ерінбей аршып,  көзге түсуіне, сөйтіп қарым қабілетінің көпке танылуына игілікті ықпал еткен Мұқаметжан Дәуренбеков аға алдында отырған білгенінен білері, көргенінен көрмегені көп, тіпті, орта білімі де жоқ жігіттің азды-көпті қабілетін, келешегін сол сәтте қалай бағамдап, қалай бағалағанын кім білсін, әйтеуір бір сапарға алыстағы ауылдан арнайы ат арылтып, үміт арқалап келген інісін жерге қаратпай, қолтығынан демеп, қиял құсының қанатын талмай қағып, өзін өлең өлкесінен іздеуіне демеу жасап жібергені анық еді.
         Көп ұзамай жаңағы жігіттің алғашқы бірер ауыз жырлары газет бетінде жарық көрген. Енді ол газетке, Мұқаметжан ағасының атына өзінің жырларын жиі жолдап тұратын болды, тек...Бірде онысы газетке жарияланса, бірде Мұқаңнан өлеңдерінің кемшіліктерін талдаған, өлең техникасын меңгеру тәсілдерін көрсеткен хаттар келіп жататын. Бір ғажабы ол бұған бұрынғыдай ашуланбайтын да, өкінбейтін де. Қолынан келгенше хаттағы талаптарға сәйкес өлеңін тыным таппай қайта өңдеп, қайта жазатын.
Бірде қалаға әлдеқалай келе қалған ол Мұқаңа сәлем беріп, жаңада жазылған жырларын көрсетіп, ақыл-кеңес сұрауға  ат басын бұрған.
Мұның өлеңдерін асықпай қарап, кейбір жолдарына түзету жасаған Мұқаң, сен ертең кел, суретіңді ала кел, газеттің алдағы сандарының бірінде саған сәт сапар береміз, сонан соң мына өлеңдеріңе алғы сөз жазып қоямын, соны радиодағы ағаң Қайырбай Садықовқа алып барасың деген еді.
Ертеңгісінде айтқан уақытында келсе Мұқаң мұның өлеңдерін тасқа тап-тұйнақтай етіп бастырып, алғы сөз жазып қойған екен. Соны мұның қолына ұстата тұрып облыстық радионың адресін мұқият түсіндірген, қай автобуспен баратынына дейін айтып тәтпіштеген Мұқаң, Қайырбай ағаң сені қарсы алады, деген.
Редакция үйінен ұзап, аялдамаға жеткен жерде қолындағы тасқа басылған қағазға не жазылғанын оқып білгісі келген ол қолындағы газет арасындағы қағазға ашып жалмажан оқи бастаған. Өзгесінен бұрын “жас ақын” деген сөзге көзі түсіп кеткен тұста радиоға, Қайырбай ағасына тезірек жеткенше асыққан, тіпті аялдамаға келіп тоқтап жатқан сол бағытқа баратын автобусқа қарамастан такси тосқан адамдарға қарай құстай ұшып жүгіре жөнелген.
Облыстық радионың редакциясының есігін жұлқи ашқан бұл қарсыда орыс әйелінің жанында тұрған шашын тықырлап алғызған ашаңдау қазақ жігітіне назар да аудармастан жаңағы әйелден асығып-аптығып радионың қазақ редакциясы қайда деп сұраған.
 Ол әлденеден жанында тұрған жаңағы жігітке жалт қарап, аузын ашып үлгергенше ол бұған ана жақта, деп  ұзын дәліз бойын  нұсқап жіберген. Бұл ол меңзеген жаққа асыға аяңдаған. Тіпті ана кісінің өзімен ілесе соңынан келе жатқанын байқамаған да еді.
Қабырғасына “Қазақ редакциясы” деген тақтайша ілінген бөлменің есігін ашқан бұл төрде тұрған үлкен үстелдің бос екеніне назар аудармастан әлде бір қағазға тұқшиып, әлденені түзетіп есік жақта отырған жігіт ағасына сәлем беріп, аты-жөнін сұрамастан.
-Мені сізге жіберіп еді, деп қолындағы тасқа басылған қағазды ұсынған.
-Бұл тағы қайдан, - деп дүңк ете қалған жаңағы кісі қағазды ақтарыстыра отырып, екінің бірі ақын, екінің бірі данышпан, құдай-ау, қайда барып күн көреміз, - мақаланы кім жазады,оны былай қойғанда қаладағы  өндірісте кім жұмыс істейді. Ауылда малды кім бағады деп кейи отырып өлеңді оқуға кіріскен. Әлден соң қағаздан басын көтеріп,
-Әй, деген бұған осы да өлең бе, сендер өзі...Міне, осы сәтте төрдегі үстелге жайғасқан маңағы тақыр шашты жігіт жайымен ғана.
-Оу, Шәке, апшыңның сонша қуырылғаны не, сен андағы жігітті тұңғыш рет көріп отырсың ғой, осы орынсыз әзіліңді қашан қоясың, деп сауал тастаған. Сол сәт мұның өлеңіне тұқшиып отырған қатқыл қабақты ағай біртүрлі жадырап.
-Ә, Кәке, өзің де келіп қалғансың ба, жақсы болды ғой, әзілді қоя аламыз ба енді, оның үстіне бұл да өзіміз сияқты қалам ұстаудан дәмелі қазақтың қара баласы екен, сонан соң ептеп әзілдеп жатқаным ғой. Мұқаңның ақ батасын алып келгеніне қарағанда түбі өлең өлкесіне өгей бола қоймас, алла алдынан жарылғасын дейміз де енді, - іздеп келген Қайырбайың ана кісі,  екіншіде есіңде болсын мен прозаға болмаса, поэзияға жоқпын, деп оның қағазын қолына ұстатқан... Құданың құдіретімен жаңағы жігітпен /Ш. Қожахметов/ бұл көп ұзамай тіл табысып кеткендігі соншалық, тіпті сан рет ағалық көмегін де көрген.
Бұл сол жолы өзіне сәт сапар бергізудің Мұқаң үшін біршама қиын болғанын араға жылдар салып барып сол әңгіменің куәгері болғандардың бірінен естіп білген. Өлеңді газетке әзірлеп, бөлімнен өткізген Мұқаңды сол кездегі газет басшыларының бірі шақырып алып.
-Мына жігіттің білімі бар болғаны жеті-ақ класс екен, өзі шопан көрінеді, ара-тұра бірлі-жарым  өлеңдері басылып та жүр ғой, сол да жетпей ме, мұны соншалықты дабырайтып, сәт сапар тілеп, суретін берудің реті қалай болар екен. Қанша айтқанмен газет облыстық партия комитетінің органы ғой, байқаған жөн шығар десе керек. Сонда Мұқаң.
-Ақын болу үшін институт дипломы қажет деп сізге кім айтты. Шопан болса үкіметтің қойын бағып жүр ғой, оның қандай айып-шамы бар. Сіз қол қоймасаңыз мен бұл  өлеңдерді редакторға апарайын, депті.
-Жоқ, неге, қол қоямын ғой, тек мына жігіттің білімінің таяздығын, өлеңдерінің тақырыбының ұсақтығын,  шеберлігінің шыңдалып жетілмегенін айтқаным ғой: десе керек ана кісі.
-Білімі таяз болса жас қой, оқыр, өлеңдері газетке басылып, жұрт талқысына түспесе шеберлігі қайтып артпақ, тақырыбы қалай ұлғаймақ, деп  қарсы сауал қойыпты. Міне,  осы жайларды естігенде оның Мұқаңа деген құрметі бұрынғыданда еселеп арта түскен. Тек өзімшіл көңіл шіркін сол сәтте жалғыз өзі ғана емес, облыс көлемінде қолына қалам алған ондаған жас талапкерлер оның ағалық аялы алақанының табын талай жылдардан бері сезіп, есейіп, елге таныла бастағанына есеп бермепті-ау.
“Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” демекші, сол Мұқаң облыстағы байырғы беделді журналист, ақын, прозашы Мұқаметжан Дәуренбеков аға алпыстың асқарына көтерілген тұста әр тұстан айтылып жатқан алғыс сезімге толы ақ тілектерді газет бетінен оқып, естігенде ғана апырай, бұл Мұқаң бір оның ғана емес, ондаған талапкерлердің өзіне деген ішкі сенімін арттырып,  қаламын ұштаған  екен-ау.

 Бұл Мұқаң облыс өңірінің мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қыруар үлес қосқан неткен бақытты жан еді деген ойға қалып, әлдебір ризашылық сезімге бөленген. Қаламың талмай, бақытың өрлесін, аға, деген тілек тіл ұшына оралған.

Сүлеймен  Баязитов