Көшбасшылардың бірі

                                        



Бәрі де сол Мәшһүр Жүсіп шығармаларына құмарлықтан басталды. Қолыма түскен Мәшһүр шығармаларын оқып танысқан сайын азды-көпті түйген ойымды қағаз бетіне түсіруге тырыстым. Сол танымдық дүниелерімді біртіндеп газет-журналдарға ұсындым.
Солардың бірі «Абай мен Мәшһүр Жүсіптің партияға көзқарасы» атты мақалам жаңадан шыға бастаған республикалық «Ұлағат» журналының №1-санында жарық көруі көңілімді қуанышқа бөледі. Мәшекеңнің еңбегін шамам жеткенше оқып-зерделеуге, оқырманмен ой бөлісуге ынталандыра түсті.
Сол тұста С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы (мұнан әрі орталық) жұмыс істейтінін естіп білдім. Орталық директоры филология ғылымдарының докторы, белгілі Мәшһүртанушы Айтмұханбет Тұрышев мырза орнында екен, жылы қарсы алды. Орталықтың атқарған, атқармақ жұмыстарына аз-кем тоқталған ол:
– Әкелген материалдарыңызды тастап кетіңіз. Өзіңіз айтқандай жілігі татып жатса, алда шығатын  кітапшасына іліктіреміз.
– Рахмет. Жарамаса реніш жоқ, –деп есікке беттедім. Содан күндер өтіп жатты. Бірде келсем, Айекең іссапарға кеткен екен. Қабылдау бөлмесіндегі қыз: «Бірталай авторлардың материалдарын баспаға дайындап қойған ек, сізді қарайын,» – деп әлдебір қағазға үңілді. Әлден соң: «Барсыз, ата»,- деді. Сөйтіп,  алғаш рет жазған материалдарым университет шығарған жинаққа  ілікті.
Енді Айекеңмен телефон арқылы жиі кеңесіп тұратын болдым. Ол кісінің ақыл-кеңестері менің Мәшекеңнің еңбегін танып-білуіме, пікір түйіндеуіме, жалпы, ақын жайлы мағұлматымның арта түсуіне ерекше ықпал етті.
 Мен енді Мәшһүр еңбектерін қалың оқырмандарға жеткізу жолында көшбастаушы ақынның немересі филология ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Пазылының Ғұлама жөнінде жазған мақалаларын тауып алып оқи бастадым.
 Бірнеше рет ғалымның лекцияларын, баяндамаларын тыңдау бақытына ие болдым. 2008 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 150 - жылдығы мерекесіне орай  С.Торайғыров атындағы университетте өткізілген мерекелік шаралардың бірінде Мәшһүр Жүсіп жайлы аталған оқу орнының «Кереку» баспасы жарыққа шығарған кітаптар таныстырылды. Үстел үстінде алдымда жатқан кітаптардың біріне қол созып, парақтай бастадым.
Сол сәтте қарсы маған қасымда отырғандар алдарындағы кітапты сөмкелеріне салып жатты. Тіпті кейбірі менің алдымдағы кітаптарға қол соза бастағанын байқап қалдым. Сол сәт жан ұшыра қимылдап, алдымдағы кітаптарды сөмкеме салып үлгердім. 
Сөйтіп, ойда - жоқта Ш.Уәлиханов атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұханбет Қасымбайұлы Тұрышев мырзаның Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет, рухани мәдениет, мифологиялық мәдениет лексикасы, метрологикалық терминдер, этномәдени аспектісі мәселелері қарастырылған 5 - томдық таза ғылыми тілде жазылған монографияларды ерінбей  жалықпай оқып шықтым.
Әрине, жоғарыда аты аталған мол дүниені толық меңгеру ғылымға таласы жоқ мен сияқты қатардағы қарапайым оқырманға оңайға соққан жоқ. Алайда мені ғалымның қазақ әдебиеті мен тілін сақтауға дамытуға Мәшекеңнің қосқан үлесін жеке-дара қарастырмай, оны Дулат, Абай, Шәкәрім еңбектерімен шендестіре, салыстыра қарауы, сөйте отырып Абай мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев арасындағы шығармашылық байланысты дәлелдеуге күш жұмсауы қатты қызықтырған еді.
"Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларының этномәдени аспектісі» атты еңбегінің 5 - томындағы Тұрышевтің Баян өңірінде діннің тарихы атты шағын мақаласын Мәшекеңнің жазбасында Баянауыл қаласында тұрып жатқан ахоннан Мұса мырзаның 49 - жасында «Мұхтасар», «Лұқаяны» оқып дәріс алғанын, Мұса, Секербай бастаған Сүйіндіктің жасы - кәрісі діннің өркендеуіне көп еңбек сіңіргенін атап баяндайды.
Бұл Мәшекең туып - өскен өңірде ислам дінінің қалай тамыр тартып, қанат жайғанын зерттеп білемдеушілерге таптырмайтын дерек екені талассыз. Ал зерттеуші Тұрышев аталған әңгіменің өн бойынан қазақтың байырғы сөздері теріп алып таңдаған.
Ол жәдігердің тілі жатық дей келіп, қой жылы, жұт, шаһар рухани-этномәдени лексика; қу мешін, жалған дүние жұрт алдына түсіп, ертеңнен кешке дейін, қазан оттан түспейді - тұрақты тіркестер: Ғазиз Халфе, Мурат, Мұғжиза, диуана, зікір –діни лексикалар: қасық қой, сиса, құрт, сарымай, қарын пұт киіз, шапан, қазан, қазы - қарта ,омыртқа шәйнек, дорба - заттық мәдениет: перзенттері, ислам, басқалары етлер, кереметтері.
Һәм бас ықыластылығы - шағатайлық әдеби норма; екеніне назар аударады. Ғалым еңбегіндегі осы мысалдарды түгін қалдырмай көшіруіміздің себебі оның Мәшһүр Жүсіп шығармаларының тілін оның ішінде этномәдени лексиканың қайнар көзін қаншалықты анықталғанына көз жеткізу еді. «Ерден иман құтылған ба» демекші ғалым Тұрышевтың  көздеген биігінен көрінгеніне күмән жоқ.
Сонан соңғы бір айта кетер жайт, зерттеуші Мәшһүр Жүсіптің толысып- жетілуіне ауыз әдебиеті, ислам дәуірі әдебиеті, шығыстың классикалық әдебиеті, қазақтың жаңа поэзия үлгісін мазмұнымен мәні жағынан сапалы қасиетке ие болған ақын жыраулар мұралары, орыс (еуропа)мәдениет үлгісі екенін алға тартады.
Иә, бұл аталған жайлардың Алланың өлшеусіз сыйы, көрегендігін, көріпкел әулиелігі, өзгелерден ерекше жан жоқтылығы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ әдебиетіндегі «Дара құбылыс» болып танылуына негіз қалағаны сөзсіз.
Міне, осы сынды аталмыш монографиялық еңбектердің авторы Мәшһүртану ғылыми- практикалық орталығын 10 - жыл басқарып, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының 20 - томын шығаруға атсалысқан Айтмұханбет бауырымыз 60 - тың асқарына көтерілген тұста алар асуың, шығар шыңың биік болсын, әулиенің аруағы қолдасын демекпіз.


Айтмұхамбет Қасымбайұлы Тұрышевқа

Қазақ үшін жүрегі - от, жаны-жалын,
Әлімсақтан ата-салт бары мәлім.
Пму-дің жақсылары, жайсаңдары,
60-қа келіп қапты қара шалың.

Ол өзі біріңе аға, біріңе іні,
Әу бастан ауызға алар Мәшһүр пірі.
Мәшекең аруағы қолдаған жан,
Бірталай қадау-қадау іс бітірді.

Бес томдық монография мен білетін,
Мәшекеңнің сомдаған тіл суретін.
Содан да Айекеңе ден қойғанмын,
Қолға алып оқығанда алғаш бетін.

Мәшһүрді танушы көп, біз де бірі,
Шалқыған әр жүректе Мәшһүр нұры.
Әйтсе де Айекеңнің орны бөлек,
Мәшһүрді танушының бұл бір дүрі.

Келіскен кемел ойы тас байламы,
Зіл батпан ойын түйер көп ойлары.
Ал тілі кімге болсын түсінікті,
Санама ә, дегеннен шым бойлады.

Опыр - ау, шашу неге шашпайсыңдар,
Әнге сап, биге неге баспайсыңдар?
Шын ғалым күнде алпысқа келмесі анық,
Шаттықтан неге шалқып таспайсыңдар?!
Сыйынып бір Аллаға пенделіктен,
Тым құрыса сынық сүйем қашқайсыңдар.

Қазақ үшін, жүрегі-от, жаны-жалын,
Әлімсақтан ата-салт бары мәлім.
Пенделіктен бойыңды аулақ ұстап
Адалдықтың ақ туын көтер, жаным.


             Suleymen Bayazitov