АЗАМАТ
ЕДІ-АУ ЕСЕНТАЙ!
Кереку қаласының орталығындағы
асқақ та еңселі “Ертіс” қонақ үйінің алдына келіп ұбақ - шұбақ тоқтаған
таксилерден түскен қолдарында жеңіл дипломаттары бар бір топ адамға ілесіп біз
де қонақ үйіне келіп кірдік. Сапар мақсаты ертең болатын жас ақын-жазушылардың аймақтық
мәжілісіне қатысу.
Қонақ
үйіне келсек, мұнда да жұрт абыр - сабыр. Бірінен бірі кеңеске Олжас
Сүлейменовтің келетіні рас па екен, Қалижан Бекхожин қай рейспен келеді екен,
деп сұрау салып сабылып жүр. Енді біразы Алматыдан таяуда келетін самолеттің
кестесін анықтама бюросынан сұрап біліп, әуе жайға аттанып бара жатты.
“Мен осы қызықты көру үшін ғана
келдім” деді қасымдағы Есентай ағамыз. Мен сол сәтте бұған онша мән бергенім
жоқ.
...Ертеңгісінде
Есентаймен сол кездегі саяси-ағарту үйінде жолықтық. Қалың қалай?
– Деді ол
жайраңдай күліп.
-Орташа.
-Орташасы
қалай, жыр мерекесіне қатысқалы тұрған ақынның, осы сәт сөзге араласқан Төлеген - өлеңдері облыстық
газеттің семинар ашылатын күнгі санында жарық көрген адамның қалы қалай орташа
болмақ, - деп Есентайдың сөзін іліп әкеткен. – Той сізде.
-Ықыластарыңызға
рахмет, - дедім мен. Дегенмен, анау Қостанайлық Ақылбек Шаяхметов, Торғайлық
Нағашыбай Мұқатов, Қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы, Торғай Сәдуакасовтардың
өлеңдерін тыңдаған соң, көңіл шіркіннің аз да болса алаң болып тұрғаны.
- Оларға
қашан кезігіп жүрсің?
- Түнде,
Қалағандарды қарсы алып,келген соң, шай - суанымызды ішіп жайғасып жатыр едік,
есік қағылды, ашсақ, мына кісі айтқан жаңағы жігіттер екен. Баянауылдықтарды
іздеп келдік, таныссақ, өлең оқысақ деген ойымыз бар дескен. Содан танысып,
кезек-кезек жыр оқып, бір жасап қалдық, - деді Төлеген.
-Өлеңдерін
қай-қайсысы болмасын тым әуезді, әсем оқиды екен. Мазмұндары өз алдына, – дедім
мен.
-Қанша
айтқанмен, сендерге қарағанда олардың әдеби орталары бар ғой, Қостанай, Торғай
облыстары, мына Ақмоладағы жазушылар одағының, облысаралық бөлімшесіне қарайды.
Оны белгілі ақын ағаларың Нұрғожа Оразов басқарады, - деді Есентай.
Осы сәт
Төлеген өзі білетін Ақмолалық ақын, жазушылар Ә. Нәбиев, Қ. Тәукенов, Мәди
Хасенов, тағы басқаларының есімін атай бастады.
-Бұлардың
дені Жазушылар одағының мүшесі, - дейді Есентай.
-Қарағандылықтар
да соларға жетеқабыл сияқты. Жер ортасы Көктөбеде қалған біздің облыс па деп
тұрмын.
-Неге олай дейсің, - деді Есентай
маған жалт қарап. Көктөбеде қалсақ, біз бұл жерде тұрмаған болар едік қой. Мына
өздерің қатарлы талаптанып жүрген жігіттер мен қыздарға “Қызыл ту” аз қамқорлық
жасап отыр ма?
Ана Мұқаметжан Дәуренбеков
ағаларың талайыңның балапан жырларыңды қанат қақтырған жоқ ра?!
Сонан соң, Бақи Әбдіқадыров. Ондай ағаларың, құдайға
шүкір, көп деуге келмес, аздап болсын бар, тек қолдарындағы мүмкіндіктері
шамалы, қайтсін, деген.
-Мұқаң демекші, сол кісіні
кешеден бері сәлем берейін деп таба алмай-ақ қойдым. Өзі осында бар ма, - деп
сұрадым мен.
-Мұқаң осында, - деді ол. – Мына
алда болатын семинар жұмысы әдеби жанрлары бойынша сала-салаға бөлінген. Ол
кісі прозаиктердің бас қосуына қатысады, сол жақта жүрген болар. Осы кезде
әлдекім ортаға шығып семинар жұмысының тәртібін, кімдердің қайда бөлінгенін
айтып түсіндіре бастаған.
Жұртқа ілесіп орнымнан қозғала
бергенімде, Есентай, ал бәрі де сәтті болсын, тайынба, деген. Сонан соң, сен
балаларға да жазсаңшы.
...Жаңа ғана талдаудан
әлдекімдерше ескерту де алмай, күтпеген жерден бірер ауыз жылы сөз естіп,
көңілім аспандап тұрған мен пақырға сол сәт айнала төңірек адамдардың
бір-біріне деген пейілі мен мейірінен,
бауырмалдықтан тұратындай көрінген.
Міне, осы сәт қонақ үйінің сыртқы
есігі ашылып, ішкі қолтығына қозы қарын қызыл папканы қыстыра салған жігіт
ағасы ене берді. Оны көптен білетін едім, осындағы теледидардың қатардағы
редақторының бірі. Әлгіні көре салып құстай ұшып барып қос қолымды ұсынып сәлем
берейін.
Анау бетіме біртүрлі жақтырмай қараған, сонан
соң жоқ, сен теледидарға шығады екем деп дәметпе, Қалағаңдармен йықтас отыратын
сен кімсің ей, оның үстіне әр облыстан бірақ адам алынады. Біздің облыстан
Сәкен Сейфулиннің нағашысы Төлеген Мұқаев қатысады, басқаны білмеймін, - деп
мені қаға-маға алға ұмтылған.
-Оу, ақсақал, не деп тұрсыз, мен
сізге, - деп жай-жапсарымды айтып ренішімді білдірейін деп соңынан ере жөнелген
мені жоғарыдан төмен қарай түсіп келе жатқан Есентай тоқтатқан.
-Жазығым сәлем бергенім бе,
мынауы нағыз...
-Жә, өзінің мінезі сол, әркім
білген жерінен қайтады да, біле білсе жаңағысы айтатын сөз бе, тіпті
Сәкенсіз-ақ Төлеген осы семинарда көзге түскен ақындардың бірі ретінде өлеңін
оқуға хақылы емес пе, - деп жатыр.
Дегенмен, жаңағының сөзі
жан-дүниемді удай ашытып мазамды кетірген. Ертеңгісінде Есентай аға арнайы
іздеп келген. Бүгін, теледидардан жаңалықтарды мен жүргізуші едім. Облыс
өміріндегі басты жаңалық ретінде өтіп
жатқан мына жиын жайында тоқталамын. Төлеген екеуің сол хабарға қатысып,
бір-бірден өлең оқыңдар, деп ұсыныс жасаған. Төлеген оған жарайды деп, маған
қараған.
-Жоқ, құдай мені сендердің
жәшіктеріңнің маңайына жуытпасын.
-Оу, ағаңа деген ашуың әлі
басылмаған ма?
Келіңдер, күтемін, - деп кетіп қалған. Ол кеткен соң, Төлеген ұят болады, Есентай ренжиді деп қанша үгіттесе де, Алланың әмірімен ықыласым соқпай-ақ қойғаны. Мұнымды мен бірауыз сөзімнің биігінде қалу, яғни ердің екі сөйлемеуі деп түсіндім.
Келіңдер, күтемін, - деп кетіп қалған. Ол кеткен соң, Төлеген ұят болады, Есентай ренжиді деп қанша үгіттесе де, Алланың әмірімен ықыласым соқпай-ақ қойғаны. Мұнымды мен бірауыз сөзімнің биігінде қалу, яғни ердің екі сөйлемеуі деп түсіндім.
Ертеңгісінде Есентай жаныма
жақындай бергенде, неге екені белгісіз өзімнен өзім біртүрлі беймаза күй
кешкенім. Ал ол мейлінше салқын амандасып, өтіп жүре берген сәтте өзімнің кеше
ағат кеткенімді іштей ұғынған мен, одан
кешірім сұрауға асықтым. Менің сөзімді бөлмей үнсіз тыңдаған ол әлден соң.
-Әйтседе, сенің нағашың кім осы?
– Деп сұраған.
– Деп сұраған.
-Бәженейдің Қайырбегі.
-Бәженейдің Қайырбегі де.
Нағашың осал адам болмады, бала, ал өзіңді “битке өкпелеп тоныңды отқа жаққаныңа” қарағанда, ашуың алдыңда, ақылың соңыңда ма деп қалдым дегені. Ұяттан екі бетім ду етіп төмен қарадым.
Нағашың осал адам болмады, бала, ал өзіңді “битке өкпелеп тоныңды отқа жаққаныңа” қарағанда, ашуың алдыңда, ақылың соңыңда ма деп қалдым дегені. Ұяттан екі бетім ду етіп төмен қарадым.
Кезінде Қарағанды мемлекеттік
педагогикалық институтын бітірген Есентай аға шамалы уақыт қана мектепте
ұстаздық еткен. Содан газетке, жаңадан
шаңырақ көтерген Павлодар телестудиясына қызметке шақырылған. Сонысына
қарамастан, ол маған ұстаздықтан өмір бойы қол үзбей кеткен сияқты болып
көрінеді. Рас, ол мектеп балаларына емес, із - өкшесін баса шыққан талапты
жастардың тәлімгері сияқты еді. Онысы былайғы көзге байқала да бермейтін.
- Балаларға өлең жазсаңшы! Есентай
осы өтінішін кездескен сайын қайталайтын. Ақыры жазамын, жазғалы жатырмын деген
құрғақ уәдеден ол түгілі өзім де қажысам керек, бір күні балаларға өлең жазып
тастамақ болып жазу үстеліне отырайын. Жазып, сызып отырмын осы жарар деген
өлеңім әлден соң өзге түгіл өзіме ұнамайды, ең бастысы өлеңде бала жүрегінің
дүрсілі, оның дүние танымы, психологиясынан нышан да жоқ екенін байқаймын.
Қайта-қайта жазып, сызып көп қиналдым. Бірер
күннен соң тіпті қолымнан әлде не келетініне күдіктене бастадым. Сөйтіп, күдер
үзердей болып қашанғы әдетіммен көшеге
шығып, серуендеп келе жатқам. Кенет бір кішкене күшікті айнала қоршап алып
керілдесіп жатқан балалардың үстінен шықтым.
Өзара қызу дауласып жатқан балалардың
қулық-сұмдықтан, бақай есептен алшақ жатқан балалық атты арманға толы жан
дүниесі сол сәт менің алдымда жайылып сала бергендей еді. Мен үйге жетуге
асықтым. Көп ұзамай “Күшік” атты, тағы да басқа балаларға арналған өлеңдерім
“Қызыл туда” жарық көрді.
Бірер күннен соң Есентай аға
ризашылығын айтып құттықтап телефон шалды.
-Балаларға жазудың мұншалықты
қиын екенін кім білген, қалай болып шыққанын да білмедім, өз пікіріңіз қалай, -
деп сұрағанымда.
-Өлеңдеріңді Мұқаметжан
Дәуренбеков, тағы басқа ағаларың жаратқан соң, басып отыр ғой, менің де пікірім
дұрыс, тек сен тоқмейілсіп тоқтап қалма, жаза бер, деген.
Сол сәт бірер өлең жазу үшін соншама қиналдым,
ал балаларға не бір өлеңнің классикалық түрлерін (олай деп батыл айта аламын)
сыйлаған Есентай ағаның қаншама күндері мен түндері толғаныспен, тебіреніспен
өтті екен деп ойлағам. Өйткені,
Бетін жумай Жұматай,
Нан жеп отыр ұят-ай!
Немесе:
Ұйықтағанын
балықтың,
Көремін
деп Әбілда.
Өзі
ұйықтап қалыпты,
Аквариумның
жанында.
деген жыр жолдарын жазу ақынның толассыз
ізденісінің айғағы екендігіне кім таласар. Сол өлеңдері оның кең байтақ
Қазақстандағы қазақ балаларының жыр қазынасына айналғаны да шындық еді.
“Жақсыдан
шарапат” деген ғой, Есентай ағаның балаларға жазсаңшы деген сөзі қамшы болып
оларға арнап біршама өлеңдер, ертегілер жазған екем. Оның біразы “Балдырған”
журналының әр жылғы сандарында жарық көрді де, сонымен қатар ол кісі бірде,
сенің “Қызыл ту” газетінде, “Қазақстан ауыл шаруашылығы” журналында басылған
этюдтеріңде көркем, сондай дүниелерің болса, Қазақ радиосының “Шалқар”
программасына салып жібер, - деп кеңес берген.
-Ойбай,
Есентай аға, “Шалқарда” кімнің шалқығысы келмейді дейсіз, менсіз де авторлары
жететін болар және ешкімді танымаймын да, - дедім мен безек қағып.
-Жоқ,
- деді ол,
- Сен менің айтқанымды орындасайшы, бермесе нең шығыпты, ал
беретініне мен сенімдімін.
Есентайдың
кісілігі мен кішілігі осыдан-ақ аңғаруға болар еді, өйткені талай жылдар қазақ
радиосының облыстағы меншікті тілшісі болып мінсіз қызмет атқарған оның бір
ауыз сөзін ондағылардың жерге тастамасы белгілі, сонда да ол маған жазғаныңды
әкелші қане мен бергіздіртейін деген емес. Өзіңнің де сөзің өтіп жатыр, тек
жіберуіңді біл, деп өз қабілетіме деген сенімді арттыра түскен. Көп ұзамай
“Шалқардан” шағын әңгімелерім беріле
бастаған.
Сонан соң ол кісінің асыл
қасиеттерінің бірі әлдекімді жамандауға, біреулерді сырттай ғайбаттауға жоқ
еді. Бірде мен қалам ұстаған ағалардың арасында қатты қадірлейтін біз азаматтың
мені жерден алып, жерге салып жатқанын өзіміздің әріптестердің бірінен естіп қатты қапа болып
жүр едім, үйге Есентай келе қалды. Мұнымды соған шағып осынысы дұпыс па, деп
сұрадым.
-Жоқ, оны қоя тұр, деді ол,
арадағы алып қашпа сөзге шала бүлінген өзіңдікі дұрыс па?
Соны айтшы маған, мен үндей алмай қалдым. Сонан соң ол жаңағы кісі жайлы ұзақ та қызықты әңгімелей келіп, ол кісі әлде не айтқысы келсе өзіңе айтар еді ғой, менімше ол кісі сені інім деп біледі деген. Бірер күннен кейін ақынның айтқаны айна - қатесіз келген еді.
Соны айтшы маған, мен үндей алмай қалдым. Сонан соң ол жаңағы кісі жайлы ұзақ та қызықты әңгімелей келіп, ол кісі әлде не айтқысы келсе өзіңе айтар еді ғой, менімше ол кісі сені інім деп біледі деген. Бірер күннен кейін ақынның айтқаны айна - қатесіз келген еді.
Есентай өзін қай ортада болмасын
бірқалыпты ұстайтын. Астаналық ақын жазушылармен Баянға екі рет келген екен.
Олардың арасында Жазушылар одағының, баспада билік тізгінін ұстап отырғандар
да, тіпті лауреаты да бар еді.
Мұндай кәделі қонақтар келгенде
біздегі кейбір жігіттердің атқосшыға айналып жүре беретініне көз үйренгендіктен
де, Есентайдың өзін ол кісілермен иықтас ұстауы, тіпті көпшілік жағдайда
олардың Есентайдың аузына үңілуі азаматтың астанада да абыройылы екендігіне көз
жеткізген.
Балаларға арналған жыр жинақтары
Одақта өткен жиындарда, Жазушылар одағының съезінде жоғары баға алып жатқанына
қарамастан, Есентай өмірдің өзіндей қарапайым болатын. Оның өзі жайлы мақтанып,
тасып сөйлегенін ешкім көрген емес шығар.
Ел таныған ақындығына сай асқақ
азаматтық бейнесі бар Есентай аға қазірде арамызда жоқ. Иә, Алматыға кетерінен
біраз бұрын жолыққан сәтте бір сөздің ретінен ақындар ауылда туып, астанада
өледі, деп қалған еді. Бұған сол сәт ешбір мән бере қоймағам.
Өйткені, жайдың оғындай жайнап
тұрған ағаның көп ұзамай аяусыз ажал тырнағына тап болатынын кім білген. Ол өзі
айтқандай Астанада қайтты. Есентай балаларды жан-дүниесімен сүйіп еркелететін
еді. Творчествосын да соларға арнады.
Өзінің балалар ақыны екендігін
іштей мақтан тұтатын. Сол ақын ағаны есте қалдыру мақсатында Павлодар
қаласындағы бала бақшаларының бірін балалардың көрнекті ақыны Есентай
Ерботиннің есімімен атаса деген ұсыныс тіл ұшыма орала береді. Мұның өзі
жалынды жырларын балдырған бөбектерге арнаған азамат ақынға көрсетілген лайықты
құрмет болар еді.
Сүлеймен Баязитов