Әлемдік кеңістікке шығарды алып...






      Әлемдік кеңістікке шығарды алып...                            

Шыққанда Ақбет таудың басына мен,
Жарқ етті жанарыма жасыл әлем.
Жөңкіліп осы жоннан жоңғар қашқан,
Қорғаштап жан сауғалап басын әрең.
Сонда да бейбіт заман орнамаған,
Қазақты зұлмат жоқ торламаған.
Жалғасып қуғын- сүргін, аштық, соғыс,
Торлаған «Кеңес» атты зор зобалаң.

Қуарып мыңның басы сайда қалған,
Ел ішін күдік – күмән жайлап алған.
Секілді қытымыр қыс қабақ бермей,
Қазаққа сыртын берген мына жалған.

Сонда да ата- салтын ұмытпаған,
Заманда тіл-аузын құлыптаған.
Саналы ұл жасы жеткен қарттарынан,
Ұлылар ұлағатын  ұғып қалған.

Естіген «Тәуелсіздік» деген сөзді,
Деп еді- ау онын-дағы келер кезі.
Сан ұрпақ сарғаюмен ұзақ күткен,
Көбінің кете барды көрмей көзі.

Ақыры Тәуелсіздік таңы  да атқан,
Аңсатқан, арман болған, зар жылатқан.
Бабаның орындалған арманы деп,
Етеді ақын біткен сені мақтан.

Оралып дінің- ділің, кәусар тілің,
Жастарым өз тілінде алып білім.
Бұл күнде қала, дала бірдей гүлдеп,
Етеді қарттар жүзі күлім- күлім.

Қазақты жалпақ әлем таныды анық,
Нұрекең бірлік, достық жолын салып.
Бар- жоғы 20 жылда Қазақ елін ,
Әлемдік кеңістікке шығарды алып.

Деседі қарттарым да, жастарым да,
Үңілсек осы сөздің астарына.
Қайыспас қазақ рухын көрер едік,
Көз тіккен заманалар асқарына.
Солардың сөзіне мен қосыламын,
От алау, лапылдаған осы жалын.
Сандаған ғасыр бойы көкке өрлеп,

Жылытсын келер ұрпақ, қазақ жанын.     

            Сүлеймен  Баязитов