Жүрегінің түбіне
сыр жасырмай...
“Жүз ақынды туғыздың ақын Абай
Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай”
Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің Абайға
арналған өлең жолдарынан алынған осы бір түйін Абайдың жыр әлеміндегі ұлы
тұлға, түпсіз тереңдік, асқар биіктік екендігін мойындаумен қатар шынайылығымен
тәнті етеді. Өйткені, қашанда дарқан да дарынды халқымыздың Абайға дейін де,
Абайдан кейін де не бір талантты, орақ тілді, от ауызды ақындарды өмірге
әкелді. Өмір көші алға қарай ұзап, олардың қатары көбейіп, саны артқан сайын
халқымыздың “Жүйрікте де, жүйрік бар әліне қарай жүгірер” деген қанатты
қағидасы жаңа бір қырынан танылғандай, яғни жүйріктердің әліне қарай жүгіруі
олардың арасында Абаймен иықтас, қанаттас, қатарлас тұратын бірде-бір ақын жоқ
екендігінің айғағы болса керек. Жұлдызы жарқыраған жыр аспанында бұлт арасынан
жарқырап шыққан Абай қазақ әдебиетін өзінің нұрлы шуағына шомылдырумен келеді.
Солай десек те, Абайдың ойын алға апарушы, дамытушы, ізденіс, талпыныстарымен
оны өздері өмір сүріп отырған заман әуеніне сай әр беріп, байытушылар аз емес.
Олардың арасында қазақ поэзиясының аққан жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет
Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев тағы басқаларының болуы күні бүгінге дейін ақын
бастаған ұлы үрдістің сәтімен жалғасып отырғандығын көрсетеді. Олар өз
кезегінде қазақ жырына Абай әкелген жаңалықты одан әрі жаңғыртып, өлеңге Абай
қойған биік талапқа сай іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын кестелеумен қатар
“айналасы теп-тегіс жұмыр етіп ” не бір жыр жақұттарын ұсынды. Тіпті, олардың
халықты надандық құрсауынан құтқарып, оқу-білімге, үгіттеген көптеген өлеңдері
Абай өлеңдерімен өзектес, тамырлас, сабақтас жатады. Осы орайда Абай өзі өмір
сүрген дәуірді жырға қосқанын, ал сөз етіп отырған оның ізін, ала шыққан С.
Торайғыров, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаевтар өмір сүрген кезеңде қоғамдық
әлеуметтік жағдайда елеулі өзгерістер болғанын, тарих көшінің алға ентелей
жылжығанын жоққа шығаруға келмес. Әйтсе де, осы қоғамда, әлеуметтік
өзгерістердің өзі адамдардың психологиясына, өмірге, айнала қоршаған ортаға
деген көзқарасына түбегейлі оң өзгеріс, сол кездің әуенімен айтсақ, толық
мәнінде төңкеріс әкеле алды ма? Мәселеге осы тұрғыдан келер болсақ, көп
нәрсенің аты, сыртқы көрінісі, атауы өзгергенімен, негізгі өзегі, тереңге
салған тамыры онша өзгеріске ұшырай қоймағанын аңғарар едік. Адам
психологиясындағы өзгеріске бейімделген кертартпа керенаулықты, жатып ішер
жалқаулықты, ұрлық пен қарлықты, өтірік пен өсекті асқынған дертке теңер
болсақ, ол қазірде тіптен ем қонбай, қағынып, қабынып, дауасыз дертке
айналғандай. Әсіресе, бұл қоғамдық құрылымдығы әлеуметтік салада айқын белең беретіндей.
Абайдың:
“Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”
атты өлеңінде
“Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.”
деген жолдар бар. 1886 жылы жазылған осы өлеңде
бүгінгі біздің өмір сүріп жатқан дәуіріміздің келеңсіз көрінісі мен-мұндалап
белең беретіндей. Адал еңбек етпей ұрлық қылып, қулық жасап, баюдың жолына
түскен жандардың бейнесі қарсы алдыңнан кесе-көлденең шығатындай сол өлеңдегі:
“Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақының тіріде аңдып, өлсе өкірмек.”
деген
жолдар кейбір екіжүзді таныс-білісіңді есіңізге салатындай-ақ. Ғажап-ай, осы
өлең жазылғанда он тоғызыншы ғасырдың аяқталуына әлі де он төрт жыл бар екен.
Сол кезде Абаймен қатар өмір сүрген кейіпкерлері біздің мынау күні кеше
феодализмнің бел омыртқасынан аттап өтіп, кемелдеген социализм құрып,
коммунизмге бағыт ұстап, күндердің күні болғанда жынынан айрылған бақсыдай
әп-сәтте бәрінен көз жазып, осы біз қандай қоғам құрып жатырмыз деп біріне-бірі
өзеурей сұрақ қойып жатқан біздің замандастарымыздың айнымай қалуы таңдай
қақтырып, таң қалдыртады.
Тіпті, олар ақын жыр еткен қоғамдық ортадан үстіндегі
күпісі, камзөлі мен бешпетін, басындағы тымағын, аяғындағы саптама етігін мен
мәсісін жұлып тастап, бай, молдаға қамшы үйіріп, күні кеше асыраушы, сақтаушысы,
әлдекімнің сойылы тиіп, сорлай қалса жоқтаушысы болған елдің игі жақсысын бай
құлаққа тарттырып, мешіттен безіп, мектеп табалдырығын аттағанымен, ауыздығымен
алысқан тұлпарын машинаға, тракторға айырбастап, мінгенімен, ой-өрісі,
іс-әрекеті тұрғысынан Абай өмір сүрген кезеңнің тар шеңгелінен әлі де сытылып
шыға алмағандай әсер етеді.
Бұған Абайдың кейіпкерлері мен олардың
іс-әрекеттері (адал еңбек етпеу, сұм-сұрқиялық, алармандық, ұрлық, жалақорлық,
пәлеқұмарлық, арызқойлық т.б.) үндесіп жатуы дәлел. Сонымен қатар арамдықты еп
көріп, тоқтау айтқан кісіні шет көріп, атаны бала, ағаны іні аңдуы келмеске
кеткен заманның ғана емес, өкінішке орай біздің бүгінгі күніміздің төл
бейнесіндей.
Ал нарық кезеңі әкелген көп кеселдердің ең бастысының
бірі-жұмыссыздық. Бұл онсыз Абайша айтқандай шаруаға құлқы да, қыры да жоқ,
өтірікке, өсек, мақтанға беріліп, қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып, ой
таппай құр үйде жатуды әдет қылған жатыпішерлер жалқаудың “қызмет қылған
кісінің” (бізше кеңсесін, кәсіпорнын, шаруашылығын) құртуға таяйтын оңбаған
антұрғандар қатарын арттыра түскендей.
Осы орайда есіме төл әдебиетіміздің
тарланбоздарының бірі жазушы және әдебиетші Төкен Әлімқұлов және оның “Жұмбақ
жан” атты кітабындағы мына төмендегі жолдар оралады: “Тамаша төл туындыларында
халықтың қасиетін паш еткен Абай ұлт ішіндегі құбылыстарға келгенде жібек жіктерді ажыратып, мейлінше екшеген,
сұрыптаған, типтендірген тұлғалар жасап кетті, ондай тұлға, тептердің жалғасы
осы күнге шейін ұрпақтардан табылып келгені айдан анық, келешекте және бой
көрсетпек.
Бір ғана формацияның ауқымында қалып қоймайтын нағыз шыншыл, сыршыл
әдебиеттің бір құдіреті осында, Абайдың ұлылығы да, осындай” дейді. Неткен
тенеңдік, неткен көрегендік демеске шаман жоқ. Төкеңнің ойларының айна-қатесіз
екендігіне бір сәт осылай сүйсініп тебіренесің. Ежелден-ақ ел іргесінің
бірлігі, тұтастығы саналы азаматтың мақсат, мүлдесі болған.
Әйтсе де, қай
заманда да Абай айтқан татулық, тыныштықтан гөрі ұрлық пен қулықты қызық көріп,
ел арасы бүлінсе өшкені жанып, өлгені тірілгендей-ақ
қанаттанып, өңі кіретін көрсоқыр көсемсымақтар бірде ұлттың, бірде рудың
намысын қолдан бермегенсіп, енді бірде жекешелендіру, экономикалық тұрақсыздық
дегенді желеу етіп топты жанның алдында, жанжал тілеп, өліспей беріспейтін
сынай аңғартады.
Ал осылардың көбі күні кеше Абай айтқан сыпыра елірме, сұрқия,
ел жайын ұғатын да, ұға алатын да жайы жоқ көп бияншік, көк езу көкімелердің
бүгінгі сарқыншақтары, сарқыттары емес пе?
Ал оларға босалқы айтып, тоқтау
салатын, көргені көп, білгені мол жекелеген ақсақалдарымыз сыр-сипаты Абайдың
“Қайғы шығар ілімнен” атты өлеңінде бар кескін болмысымен көрініс беретіндей.
“Басалқы сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің малың шаш.
Итше індет тілемей,
Жат үйінде өлсең де аш.”
Ақынның
ашына айтқан, ақтарыла айтқан налаға толы өлеңнің соңғы екі жолындағы пікірді
біз бүгінде демократия буына бусанып, ел қамын жегенсіп, итше індет тілеп
жортып жүрген пақырларға осылай ашық айта алар ма едік, екіталай - ау.
Оған
көбіміздің әділ сөзді бетке айтуға айбынатын ынжықтығымыз, пәлесінен аулақ
деген тұрғыдығы әсіре сақтығымыз, ақыр соңында көңілжықпастығымыз жібермес еді.
Бәлкім, кешегі қара өлеңнің таспа тіліп, қамшы өрген заманымыздың айтулы ақыны
Мұқағали Мақатаев:
“Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне сыр жасырмай.”
дегенде міне осындайдан айтқан-ақ болар. Әйтеуір,
бұл тұрғыдан алып қарағанда маған Абай өзі өмір сүрген кезеңнің жақсылығы мен
жаманшылығын, мерезімен өнерін ашып айтып, жүрегінің түбіне титтей де сыр
жасырмай кеткен армансыз ақын сияқты болып көрінері бар.
Сүлеймен Баязитов