ТАРИХТЫҢ
КӨНЕ КӨЗІ ЕДІ
“Күлтегін”
жыры туралы бірер сөз
Орхон...Монғол жеріндегі
өзендердің бірі бұл. Осы өңірді сонау есте жоқ ескі заманда кім өріс, кім қоныс
етпеді десеңізші!? Солардың бірі – сандаған ұлттар мен ұлыстардан бас құрайтын
іргелі ел, киелі жұрт – Түркілер. Сол түркілердің даңқы мен дақпырты, ең
бастысы, щұрайлы жерлері мен айдын көлдері, өзгенікін өзімдікі деуден, алладан
қорқып, адамнан айбынбайтын, қолына қару алуға жарайтын, қорқау көңілді, еркек
кіндіктісі ес біліп, етек жапқалы, жан алып, жан беріскен қанды қырғынды
қансонардай аңсайтын дүние көзді
көршілерін жиі-жиі қаруға қол создыртып, атқа қондыратын.
Алапат
соғыс, сол соғыстарда шәйт болып, ажал тапқан он мыңдаған адамдардың найза
ұшында, қылыш жүзінде шырқыраған бейкүнә жаны мен қара жер бетіне төгілген
қоңыр қошқыл қанының өтесі жеңіс еді. Жеңісте емес-ау, басып алған елдерінен
тартып-таласып алынатын көздің жауын алар асыл тас, бағалы бұйымдар, сансыз
құлдар мен есепсіз күңдер, мыңғырған мал, телегей теңіз жері жауына шарасыздан
жар болып, кірін жуып, ұрпағын өбектеген жеңілген елдің жәудір көз арулары.
Екі
қолға ермек етер бір жұмыс таппай жұпыны өмірден қан сасыған майдан даласын
артық санаған, есіріп ерлік аңсаған желбасты, желік кеуделі талай қыршын жасты
атқа қондырып, қолбасшылар мен қағандардың алдына қойдай иірген сол кездегі
сансыз алапат соғыстардың көбінің ізі көмескі тартып, кейбірі тарихи санадан
мәңгіге жоғалып, кейбірі халықтың ауыз әдебиет нұсқаларында (жырларда,
шежірелерде) сақталған.
Орхон-Енисей
жазбаларының олардан бір ерекшелігі – ақын (жылнамашы) оны таңба тасқа ойып
жаздырған.
Сандаған
ғасырлар бойы сар даланың төсінде Түркілердің ерлігін, тек қана ерлігі емес-ау
ел басылардың ездігін, кенен ойдан
кемдігін паш етіп, азынаған жел мен шыжыған күннің өтінде тұрған, сол
таңбалы тастардың есті жанды елең еткізердей өткені бар. Сар далада сап түзеген
тұсында онда бедерленген таңбаларды тап басып, танып, сөздерін анық түсінетін
адамдардың көңілдеріне мақтаныш сезімін ұялатқаны хақ. Содан кейінгі кездерде
ұрпақ ауысып, ел жаңарған тұста, тастағы таңбаны тап басып танитындар азайып,
бірте-бірте құрып тынған.
Қашанда
кешеуілдеп жүретін ғылым керуені Орхон-Енисей ескерткішіне ат басын тіреп, не
бір ғұламалардың тастағы таңбаға (жазуға) тістері батпай, сілелері қатып,
жаңалық ашып, жарық дүниені бір дүр сілкіндірсек-ау деген дәмелерінен “дәм”
кетіп, ойларының ойраны шығып, түсініксіз тас таңбадан тауандары шағылған
тұстары аз болмаған.
Солардың
бірі Орхон-Енисей бойындағы Эрдени ЦЗУ пұтханасының жанынан табылған таңбалы
тас “Күлтегін” ескерткіші. Оны тасқа ойдырып жаздырған Иолыг Тегін. Бізге
жеткен мәліметтерге қарағанда Баба жырау, яғни бас жырау. Күлтегін ескерткіші
сегізінші ғасырдың қолтаңбасы. Славян әліпбиі саналатын кирилица бұдан екі
ғасыр өткен соң ғана пайда болған екен. Міне осыдан-ақ басынан бағы таймаған
сол бағзы кезеңде түркілердің өз таңбалары (жазуы) болғанын аңғаруға болады.
Ескерткішті
алғаш орыс ғалымы Н.М. Ядринцев тапты. Тастағы жұмбақ жазуды бірінші болып
Дания ғұламасы Вильгельм Томсен және В.В. Радлов оқып, кейіннен С.Е.Малов өз
тілдеріне аударды. Орхон-Енисей жазбалары қазақ, татар, өзбек, башқұрт,
қарақалпақ, хакас т.б. түркі тектес халықтардың ортақ баға жетпес асыл мұрасы.
Ал қазақтар бауырлас халықтар арасында – бас мұрагердің бірі, - десек оған
ешкім таласа қоймас. Сондықтан да жырды түп нұсқадан қазақшаға аударған Ғұбайдолла
Айдаров, Мырзатай Жолдасбеков, Құлмат Өмірәлиевтер. Көне мұраның нағыз
мұрагерлеріне қайтаруға көп еңбек сіңірді. Бұл туралы 2001 жылы Астана
қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Мемлекеттік Университетінде өткізілген
ғылыми – теориялық конференцияда жеткілікті сөз болды.
Енді
біз ескерткіштің М. Жолдасбеков аударған нұсқасына аздап тоқталып өтейік. Мұнда
Күлтегін Білге Қағанның інісі екендігі айтылады. Ол-ірі әскер басы Түркі қолын
жеңістерге бастаушы. Бұл туралы бірінші жырда:
“Бүкіл жеткіншегім, ұланым, біріккен әулетім,
халқым, оңыңда шад, опа Бектер, солыңда – тархан Бұйрық бектер, тоғыз оғыз
бектері, халқы бұл сөзімді мұқият тыңда”, - деп сөз саптай келіп, өздерінің
жаулап алған жерлерін, елдерін тілге тиек етеді.
Тағбат
халқы мен табысқандарын айтады. Сол Тағбат халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл
еді, - дей келіп, сол тәтті сөзбен асыл бұйымның түркі халқының арасына жік
салып, мұның аяғы түркі халқының өзара жауласуына апарып соқтырғанын ашына сөз
етеді. “Түркі халқы қырылдың, түркі халқы жойылдың”, - деп күңірене күйзеледі.
Түн жазығына қоңыстансам деген арманның күлге айналғанына өкініш білдіреді. Сол
тұста түркілер арасында күншілдік, сатқындық, дүние көзділік, сөзде тұрмау, ел
мүддесінен өз мүддесін жоғары қою кең етек алғанды. Ар-намысы аяққа тапталып,
еңсесі түскен ел ақыры белшешіп күреске шығады.
-Күлтегін жауға жалғыз
ұмтылды, - деп басталатын жыр жолдары оның асқан ерлігін асқақтата дәріптейді.
Сол Күлтегін 47 жасында дүние
салған.
Ал ақын Қадыр Мырза Әлі аталған ескерткішті жырмен
өрнектеген. Ол Күлтегін ерлігін
“Баяғыдай қайратты,
Қос батырды жайратты”, - деп жырлайды.
Құрсын жеңіс олжасы,
Тыйылмады көз жасы, - деген автор сөзі көп сырды
аңғартқандай.
Қадырдың
жыры оқушыға түсінікті тілде, тартымды жазылған. Сол сияқты түсіндірме сөздіктің
берілуі, Жырдағы “Оғыздар”, “Оңтұтық”, “Габар” деген сөздердің кейінде
түркілерге сіңіп кеткен халық аттары екендігі ескертулі. “Жабы”, “Елтебер” т.б.
тарихи сөздерге түсінік берілуі өте
орынды.
Астанада
Орхон-Енисей ескерткішіне байланысты “Байырғы түркі өркениеті” жазба
ескерткіштері атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, онда
республика президенті Н.Ә. Назарбаев мырзаның сөз сөйлеуі, И. Тасмағамбетовтың
“Ұлы мәдениеттің жарқын көріністері” деген тақырыпта баяндама жасауы, жырдың
республика мектептерінің оқу бағдарламасына енгізілуі, еліміздің
тәуелсіздігінің нәтижесі екендігі талассыз.
Сол
игілікті іс 2002 оқу жылында қолға алынды. 6 сынып әдебиетінде Күлтегін жырының
ақын Қадыр Мырза Әлі өлеңмен өрнектеген нұсқасы осы салада алда атқарылатын
ауқымды істің басы болса керек.
2003 жылдан 7- сынып оқулығы “Орта ғасыр тарихына”
енгізілді. Бұдан сандаған жылдар бұрын бүгінде аға ұрпақ өкілі атана бастаған
замандастарымыз, сол кездегі шәкірттер мектеп оқулықтарынан “Алпамыс”, “Қамбар
батыр”, “Қобыланды“, “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Айман-Шолпан”
лиро эпостарын оқып сусындады.
Халқымыз
өткен тарихи жолмен өркенді мәдениетімен, тұрмыс-салтымен жақын танысуға
мүмкіндік алды. Заман көші алға жылжып еліміз тәуелсіздік алған тұста, сол
тарихи процестің онан әрі сәтті жалғасуы
соның алтын айғағы.
Ал
түркілер әлемінің жауһар жыры “Күлтегіннің” мектеп бағдарламасына енуі-жас
ұрпақтың тарихи санасының қалыптасуына, өмір танымының артуына игілікті ықпал
етпек.
Сүлеймен Баязитов