«Тың өлкесі»: Қаймана қазақтың жоқшысы тарихы


Журналист Сая Молдайып өзінің облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 14 ақпан 2017 жылғы №17 санында жарық көрген «Жұртыңмен талай заман көрдің» атты мақаласын «Ойға өріс беріп көрейік» деп бастаған екен. Саяның осы сөзі сырласуға, бүкпесіз сыр ашуға шақырып тұрғандай көрінді. Тек... тақырыбы... оқи келе мұның белгілі  айтыс ақыны Қуаныш Шармановтың: «Жай күйін  толғап жағадағы елдің, жұртыңмен талай замана көрдің»,   -деген өлең шумағының алғашқы екі тармағы екенін түсіндім. 
Ал мақала авторы мен қатарлылардың кезінде балаң ойын тербетіп, әдебиет атты қияға көз тіктіріп, қанатымыздың қатаюына ықпал еткен «Тың өлкесі» газеті туралы сөз бастамастан бұрын біз жоғарыда келтірген жалғыз сөйлемде әншейін сөздің сыралғысы ретінде жаза салмаған екен. Оған «Сарыарқа самалының» маңызы қандай, қажеттілігі неде? Бұл – облыстың үлкен деректеме көзі. Павлодар уезінен Павлодар облысына айналғанға дейінгі мәселелердің көбі осы газетте жазылды...
Алпысыншы жылдардың басында жабылып, «Тың өлкесі» газетінің шыққаны индустрияландыру, орыстандыру саясаты қалай жүзеге асырылды? Тың жерлерді игергенде шет жерден қанша адам келді? Олар қалай өмір сүрді? Тілімізден, дін, ділімізден қалай айрыла бастадық? Жалпы, «Қызыл тудың» өткен тарихының ішінде тың игеру жылдарында жабылып, «Тың өлкесі» деген газеттің жарыққа шығуы жайлы көп айтылмайды, осыған қозғау салу керек. «Бұл халықтың тарихы ғой»,-деген еді Ғарифолла Есімов бір сұхбатында деген жолдарды оқығанда көз жеткіздік. 
Аумалы төкпелі заманда өмір сүрген халқымыздың күңгірт тартпас уақыт өткен сайын жүректері «елім, жұртым» деп соғатын ұрпақтарының жадында жаңғырып сом алтындай сәулелене беретініне сеніміміз арта түсті, өйткені біздер өткенін құрметтеп, келер күнге үмітпен қарайтын елдің ұрпағымыз.  Академигі: «Өткеннің бедерлі бетін ұмытпау керек»,- десе қаламгері аға сөзін  жадында ұстап қана қоймай жарты ғасырдан астам облыстық Потанин атындағы (директоры Гүлнәр Нұрахметова) тарихи өлкетану мұражайының мұрағатында көздің қарашағындай сақталып келген «Тың өлкесі» газетінің 1963 жылғы екі тігіндісін іздеп тауып алды. 
Сөйтіп, «Қызыл ту» газетінің жабылып, 1963 жылдың сәуірінен облысқа тарай бастаған «Тың өлкесі» газеті туралы қалам тартты.  Тарихтың ақтаңдағына  айнала бастаған бетіне сәуле түсірді. Журналист Сая өз мақаласында: «Сол жылдары Қазақстанға Тың игеруге КСРО-ның әр аймағынан (мерзімінен бұрын босатылған түрмедегі адамдар да баршылық еді). Бір жарым миллиондай адам әкелінді»,- деп жазады. 
Ал осыншама адамның Павлодар облысына, оның ішінде Баянауыл ауданынан қаншасы бөлінгенін кім білсін? Тек бір анығы, қанжарларының ұшында тамшылаған бейкүнә жандардың қаны әлі де толық кеуіп үлгермеген сол қанішерлердің қан жоса соққысына ұшыраған қазақ ауылдары аз емес, соның бірі Шоман ауылы еді. Соны ашық айтуға ауызым айбынып, жазуға қолым дірілдеп отырған жайым барын саналы жан ұғынар. 
Дегенмен ұрлық-қарлық дегеннің не екенін ұмытып, сол тұстағы қора-қопсысы түгіл үйлерінің өзі ашық-шашық жататын. Ауыл тұрғындарын ауыл ортасындағы барлы-жоғы жалғыз дүкеннің тоналуы қатты дүріктірді. Ал сол ұры қолға түсіп, лайықты жазасын алды. 
             Сол ұрының өгей шешенің қолында қалып бара жатқан баласына ауыл адамдарының, әсіресе мектеп мұғалімдерінің  аяушылықпен қарап, оқуына тұрмыстық жағдайларына көмек  көрсетуі бізді мектеп оқушыларын қатты таңқалдырған еді. «Таспен атқанды аспен ат» атты халық даналығының сөз жүзінде ғана емес, күнделікті күйбең тірлікте жүзеге  асуы еді бұл.
            Оқырмандары арасында  ұлттық салт-дәстүрден бастау алатын ізгілік, бауырмалдылық, кеңпейілділік сияқты қасиеттерді насихаттауда «Тың өлкесі» газеті елеулі істер тындырғаны сөзсіз. Бұл да, бәлкім, сол тәрбиеден бастау алған ізгілікті қадамы болар.
«...Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығына үлкен зардап әкелді. Өмір сүру табиғи тірлік бұзылып, қазақ даласының табиғатын тікелей шабуыл жасалды»,- деп жазады журналист Сая. Партияның солақай саясатына берілген әділ баға бұл. Мәселен, таулы-тасты Баянауыл жері – ежелден ақтылы қой тірлігінің өсіп-өнген өңірі . Тіпті Бірлік, Жосалы, С.Торайғыров атындағы елді мекендерді, біз сөз етіп отырған Ж. Шанин ауылына қарасты Шоман көл елді мекенін астықты өңірге айналдырам деу ақымақшылық, астамшылық емес пе? Айтары жоқ совет елінің тізгінін ұстаған Н. Хрущевке бұл тән қасиеттер еді. 
Бұлай деуімізге ол туралы қалам тартқан орыс тарихшыларының: «После хорошего урожая на целинных землях в 1956 давшего половину собранного в стране зерна, Хрущев встал на путь авантюристических административных экономических реформ и кампаний...» - деп жазуы негіз бола алады. «Жүгерші» атанып кеткен  Хрущевтің тарихшылар сөз еткен қысымшылығының бір көрінісі Баян жерінде өзінің ізін қалдырды.
 Мәселен, Ж. Шанин ауылына қарасты Сарыөлеңге, Бозайға жүгері егілді. Бұл күнде мұны жергілікті тұрғындардың көбі біле де бермеуі мүмкін. Өз басым осы жайлардың тірі куәсімін деуге болады. Қызыл тасы басым «Бозай» жазығында жер жырту кезінде сынған лемехтер ұзақ жылдар тау мая болып үйіліп жатты. Көп ұзамай жер эрозияға ұшырады.
             Сол жылдарда «Тың өлкесі» газетінде, басқа да басылымдарда тың игерушілерге көрсетілген  партияның әкелік қамқорлығы туралы аз жазылған жоқ. Бәлкім, кей жерлерде тың игерушілер әкелік қамқорлыққа бөленген де болар. Ал Шоман көл «Тыңын» игеруге келгендердің жатақханасы Қызылшіліктегі (әке-шешем сонда тұратын) шопандардың үйіне жалғас салынған  жалпақ шатырсыз қорада орын тепті. Төбесінен аққан тамшыдан паналарға жер таппай көктемнің қара аралас жаңбыры кезінде   дірдек қаққан. Олардың көбінің күн ашылысымен жөндерін тапқандары аз болған жоқ. Бірі кетсе,  бірі келіп, әйтеуір көктемгі дала жұмыстарын өлдім-талдым дегенде аяқтағандары есте қалыпты. Үлкендердің мал жайылатын жайылымды құртты дегендерін жиі еститінмін. 
             Сол жылдарда колхоз өндірісін дамытқан көбі хат танымаса да, іс үстінде шыңдалған кадрлар «орыс тілін білмейді» деген желеумен қызметтен шеттетілді. Олардың орнын оқыған, іс тәжірибесі жоққа тән жұртпен жұмыс істеп дағдыланбаған кадрлар басты. Мұның өзі мал шаруашылығының құлдырауына әкеп соқты.
            Әйтсе де бұған жергілікті партия совет органдары жете мән бермеді. Соның салдарынан жем-шөп қоры жеткілікті әзірленбей, мал басының шығыны еселеп артты. Өз төлі есебінен өсіп өнуі баяулады. Ал сол тұста Н. Хрущевтің нұсқауымен жеке сектордағы жылқы мемлекетке  етке өткізіле бастады. Бұған наразылық білдірген қарттардың кейбірі өздерін құрбан етті.
 «1962 жылы елде ет 30 пайызға, май 25 пайызға қымбаттады. Бұл уақытша шара сатып алу және бөлшек  сауда бағасы арасындағы қайшылықты қысқарту қажеттілігінен  туындады,- деп түсіндірілді.   Сол тұста қысымға шыдамаған Новочеркасск электровоз құрылыс зауытының жұмысшылары ереуіл жасады. Жұмысшылар мен студенттер бейбіт шеруге шықты. Оларға қарсы әскер қолданылып ондаған адамдар оққа ұшты. 1963 жылы Қазақстанда егін шықпай қалып, бір кездерде астықты шетелге сатуға шығаратын ел 13 млн тонна астықты шет елден алтынға сатып алуға мәжбүр болды. 
Бұл Хрущевтің «Американы қуып жетіп басып озайық» атты авантюристік шешімінің  жемісі. Тарих бетінде тәуелсіздіктің арқасында таңбаланған бұл қайшылықтар туралы басқа да советтік мерзімді баспасөз сияқты «Тың өлкесі» газеті де жұмған аузын ашқан жоқ. Ол мүмкін де емес еді. Тек... құрт есебі майдан демекші нанды ысырап етпеу, аяққа баспау туралы оқырмандар хаттарын жариялау жылқы ер қанаты екенін «ел аузынан» деген айдарларымен беру арқылы оқырмандарға ой салғаны да талассыз. 
Әсіресе «Жұмыртқаны жегенің - тауықты құрттым дегенің»  қанатты қағида қазақтың жылқысынан, түйесінен, ешкісінен  айрылғанын астарлап жеткізіп тұрған жоқ па? Ішкіштерді, дүмше молдаларды, т.б. салалардағы кертартпа кердеңдерді сынаған мақалалар өз алдына бір төбе. Газет тың,тыңгерлер, тыңда шаңырақ көтерген жаңа совхоздар жайлы жарқырата жазды. Сая  өз мақаласында «Тың өлкесі» газетінің 1963 жылғы 4 маусымындағы санынан төмендегідей дерек келтіреді.
«1961-65 жылдары «Тың өлкесі» совхоздары мен колхоздарына екі миллиард сомдай күрделі қаржы бөлінген». Мол қаржының шарапаты 1963 жылы құрылған біздің Южный совхозында айналып өтпегені айдай анық. Өз басым бұл күнде Ж. Шанин атымен аталатын елді мекенді тың игеру жылдарынан қалған ел еңсесін көтерген бір белгі деп білемін. 
Тағы да Саяның мақаласына зер салайық: «Жалпы «Тың өлкесі» еліміздегі белгілі бір тарихи кезеңнің жаршысы, насихатшысы, куәсі болған газет. Сол газетте Жылқайдар Қарпықов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Айтжан Бәделханов, Мүбәрак Жаманбалинов сынды бұл күнде өмірден озған ағаларымыз бен  бұл күнде көзі тірі Төлеубек Қоңыровтардың қызмет істеуі. Павлодар журналистикасының жарқын беттерінің бірі. 
Өз басым аты аталған ағалардың көпшілігінің қамқорлығын көрдім, тәлім алдым. Кейінірек  жарыса қалам тарттық. Журналист Сая «Тың өлкесінде» ақын Қимадиден Нығыманов кейіннен белгілі журналист болған Социал Әйтенов, Нәжімиден Қазантаев, т.б. ауыл тілшілерінің ақпараттары басылғанын жазады. Бұған қосарым «Тың өлкесі» газетіне немере ағам Южный совхозының аға шопаны Балташ Бақтыбаев та қалам тербеді. Сөйтіп, тарихи кезеңнің шежіресін жазысуға біздер павлодарлықтар да атсалыстық.
 «Тың өлкесі» қай жылдан бастап, қай жылға дейін шығып тұрды?» деген сауалымызға белгілі өлкетанушы, тарихшы Э. Соколкин 1961 жылдан 1965 жылға дейін деп жауап берді. Дегенмен мұны әлі де анықтай түсу артық болмас. Өйткені тарихтың нақтылы болғаны жөн ғой.  Бір сөзбен, «Тың өлкесі» солақай саясаттың сойылы емес, қаймана қазақтың қиналғанда арқа сүйер ақылшысы, жоқшысы тарих деуге тұрарлық басылым болды. 
Сая    мақаласының түйінінде міне біз айтпақ болған кешегінің жалғасы, бүгінгі күннің келбеті Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тарихындағы бір үзік кезең осылай өткен» деген екен. Сол үзік кезеңнің өзіміз куә болған есте қалған  кей тұсын қағазға түсіріп, «ойға өріс беруді» жөн көрдік.  Бар болғаны осы.     
                             
Сүлеймен Баязитов